Кездесуде мемлекетаралық өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ бүгінге дейінгі қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланды. Қазақстан Президенті екі ел арасында достық қарым-қатынастың қалыптасқанына тоқталып өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Чех көшбасшысының Қазақстанға 2014 жылғы сапары кезінде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі шаралар белгіленгенін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өткен ғасыр соңындағы екі мемлекет тәуелсіздігінің нығаю жолдары ұқсастығына назар аударды. – Чех Республикасы мемлекеттілігінің жеңіл қалыптасу үрдісін бірегей құбылыс деп атауға болады. Еуропадағы экономикалық қиындықтарға қарамастан елдеріңіз қазіргі уақытта қарыштап дамып, Еуропалық Одақ пен НАТО-ға мүше болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Л.Заоралек Қазақстан Президентіне Чехия Президенті М.Земеннің хатын табыстады және оның «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.