Кездесуде Қ.Бишімбаев даму институттарының қаржылық жағдайының диагностикасы нәтижелері мен холдинг стратегиясы туралы баяндап берді. Нұрсұлтан Назарбаев холдинг алдында еліміздің даму институттарының қызметін реттеу және жүйелендіру, сондай-ақ олар тарапынан бөлінетін қаражатты тиімді пайдалануды қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. Қ.Бишімбаев диагностика даму институттары қызметінің елеулі әлеуеті бар екенін көрсеткенін айтты. «Бәйтерек» холдингін құру мемлекетке қаржы ресурстарын басқарудағы синергия есебінен жыл сайын 15 миллиардқа жуық теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, холдингтің еншілес ұйымдарының ішкі резервтері еліміздің экономикасына 4 миллиард доллар көлемінде қосымша қаражат салуды қамтамасыз етуге қабілетті. Мемлекет басшысы холдинг басқармасының төрағасына шағын және орта бизнесті қолдауға, жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытуға, инвестиция тартуға, сондай-ақ даму институттары қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ерекше назар аударуды тапсырды. «Қазақстанның Тұрғынүй-жинақ банкі» АҚ-да тәртіп орнату, банк басшыларының «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алған пәтерлерді қайтаруын қамтамасыз ету және оларды баспананы қажет ететіндер арасында қайта бөлу туралы арнайы бөлек тапсырма берілді.