Р.Түсіпбеков сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы әрекет ету жөніндегі қаржы полициясы органдары қызметінің биылғы жылдың 9 айындағы нәтижелері туралы баяндады.
Агенттік төрағасы есепті кезеңде сыбайлас құқық бұзушылықтың ашылуы 7 пайызға артқаны туралы да хабардар етті. 2013 жылдың тоғыз айында мұндай қылмыстың 8059 фактісі, соның ішінде пара алудың 248 жайты тіркелген. Республикалық және облыстық деңгейде жүзден аса лауазымды тұлға жауапқа тартылған.
Бұған қоса, Р.Түсіпбеков 4619 фактісі тіркелген экономикалық саладағы қылмыстарды анықтау жөніндегі жұмыстар, сондай-ақ қаржы полициясы қызметкерлерінің кәсіпкерлік қызметке араласпауын және бизнеске әкімшілік қысым көрсетуін азайту үшін қабылданған шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар, Агенттік қызметінде басты назар көлеңкелі экономикаға және жалған кәсіпкерлікке қарсы күреске аударылды.
Агенттік төрағасы қылмыстың алдын алу және ескерту жөніндегі қызмет туралы да айтты. Бұл мақсатта қызметінде сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыстардың белгілері байқалатын лауазымды тұлғалар мен кәсіпорындарды тексеріске шықпай, қашықтан анықтауға мүмкіндік беретін Ахуалдық орталық жұмыс істейді.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Агенттік алдына бірқатар міндеттер қойып, қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.