National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы өкілі Стаффан де Мистурамен кездесті

2017 жылғы 23 қаңтар

Кездесу барысында тараптар Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздер мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы Астананың келіссөздер өткізуге дайын екенін айтып, барлық қатысушылар үшін жағдай жасалғанын атап өтті.

– Мен Ресей, Түркия және Иран Президенттерінің Астанада келіссөздер өткізу жөніндегі ұсынысын қабыл алдым. Біз кездесудің жемісті өткенін қалаймыз. Қазақстан кездесуге қатысатын тараптардың бәрімен тең әрі сенімді қарым-қатынаста болғандықтан, келіссөздер қалыпты өту үшін барлық жағдай жасалады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесі бүгінде Таяу Шығысты ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырғанын атап өтті.

– Тараптар да болып жатқан оқиғаларға біз сияқты алаңдаушылықпен қарап отыр деген үміттемін. Сарапшылардың айтуынша, қақтығыс басталғалы 300 мыңнан астам адам қаза болған. Осының бәрі бізді бұл мәселені бейбіт жолмен ғана шешеміз деп үміттенуге жетелейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті БҰҰ-ның арнаулы өкіліне Астанадағы кездесу Женевадағы бейбіт келіссөздерге дайындық барысына елеулі ықпал ететінін айтты.

Стаффан де Мистура Нұрсұлтан Назарбаевқа Астанада келіссөздер өткізуге мүмкіндік бергені үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериштің атынан алғыс білдірді.

– Сіздің еліңіз халықаралық аренадағы ең күрделі ахуалды реттеу ісінде зор тәжірибесін көрсетіп, үлгі болып келеді. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі Сирия қақтығысын шешудің қосымша мүмкіндігіне айналып отыр, – деді Стаффан де Мистура.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қарулы қақтығысты одан әрі реттеу шаралары жөнінде пікір алмасты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің