Кездесу барысында министрлік қызметінің маңызды бағыттары, соның ішінде кинематографияға қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіру және туризм мен спорт салаларын дамыту шаралары талқыланды. Мәдениет және спорт министрінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта «Кинематография туралы» заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр. Бұл заң жобасы ұлттық киноны қалыптастыру ісін қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыруға, Қазақстанның фильмдерін, сондай-ақ шетелдің жетекші компанияларымен бірлесіп түсірген кино өнімдерін халықаралық нарыққа кең көлемде шығаруға бағытталған. Сонымен қатар, А.Мұхамедиұлы Мемлекет басшысына 2023 жылға дейінгі туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның әзірлену барысы және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс салтын арттыру» атты жолдаудағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға қатысты тапсырманың орындалуы жөнінде баяндады. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.