Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстанның соңғы жылдары жеткен жетістіктері мен елімізде іске асырылып жатқан маңызды жобалар жөнінде айтты. – Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткіздік. Қазір Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтуде. Оған өздерінің ұлттық павильондарын ашу үшін түрлі мемлекеттердің басшылары келіп жатыр, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының бұрынғы президентінің екіжақты байланыстардың нығаюына зор үлес қосқанын атап өтіп, оның Қазақстан халқына деген құрметі үшін ризашылық білдірді. А.Гүл Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға жұмсаған күш-жігерінің маңызды екенін айтып, еліміздің Сирия қақтығысын реттеудегі қадамдарын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы Түрік Республикасының бұрынғы президентін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.