Мемлекет басшысы Испания Королі VI Фелипені Қазақстанға бірінші рет ресми сапармен келуімен құттықтады.
– Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Испания біз үшін жақын ел болды. Ұлы тарихы мен мәдениеті қалыптасқан Испаниямен достық қарым-қатынаста болғанымызды мақтан тұтамыз. Осы ынтымақтастықтың негізі Король І Хуан Карлостың тұсында қаланды.
Нұрсұлтан Назарбаев Испания Короліне Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы жан-жақты қолдауы, сондай-ақ халықаралық аренадағы ниеттестігі үшін алғыс айтты.
– Сіздер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында төраға болуымызға, сонымен қатар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымызға қолдау білдірдіңіздер. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Испания Королі Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтып, елімізді халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің ашылуымен құттықтады.
– Менің сапарымның Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесінің таңғажайып ашылу рәсіміне тұспа-тұс келуі – зор мәртебе. Сізді осындай ұлы оқиғамен құттықтаймын, – деді VI Фелипе.