National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектебі» және «Назарбаев қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізді

2013 жылғы 18 сәуір

Отырысты ашқан Мемлекет  басшысы «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектебі» жобалары бойынша көп жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

- Біз келешекте әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру міндетін алға қойдық. Сондай-ақ, біз индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл міндеттердің орындалуы білім, ғылыммен және кадрлар даярлау ісімен тығыз байланысты, - деді Қазақстан Президенті.       

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның XXI ғасырдағы дамуы білім беру деңгейін арттыруға тікелей байланысты болатынына тоқталды.

- Біздің университет аз уақытта зор беделге ие болды. Бүгінде бұл оқу орны әлемнің жетекші университеттерімен қатар тұр. Біз халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мамандарды даярлайтын боламыз. Біз үшін әлемдік экономикалық және ғылым-білім бәсекелестігіне дайын болу маңызды деп санаймын, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.       

Нұрсұлтан Назарбаев отырысқа ұсынылған құжаттардың қабылдануымен Университетте әлемдік стандарттарға жауап беретін құрылым жұмыс істей бастайтынын атап өтті. 

- Қазірден бастап негізгі академиялық және атқарушылық функциялар бірыңғай органға біріктіріледі. Ректор, Академиялық және Ғылыми кеңестер тек академиялық бағытпен шектелмей, университет қызметіне белсене қатысатын болады. Консультативтік-кеңес беруші Академиялық және Ғылыми кеңестерге дербес органдар өкілеттігі беріледі, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Университет классикалық академиялық басқару жүйесіне көшуді аяқтағанын атап көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Университеттің өзекті бір міндеті инновациялық кластер құру екеніне тоқталды.

- Ол зияткерлік-инновациялық даму міндетін шеше отырып, экономиканың сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. Университетке ірі ұлттық және халықаралық компанияларды кластер қалыптастыруға тарту жұмысын жандандыруды тапсырамын. Бұған өзінің ғылыми-зерттеу бөлімшелерін орналастыру жағынан «Самұрық-Қазына» қоры алғашқы бастамашы болуға тиіс. Үкімет инновациялық кластер инфрақұрылымдарын құру үшін қаражат көздерін қарастыруы керек. Кластер қызметінің бақылануы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін Университетке Бақылау кеңесін құруды тапсырамын. Кеңес құрамына бизнестің, оның ішінде өнеркәсіп секторының өкілдерін қосуды ұсынамын. Кластер аумағын арнайы аймақ деп жариялап, оның орналасқан жерін Университет меншігіне беру керек, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы биыл Университетке барлық ұйымдастыру мәселелерін шешіп, Ұлттық медициналық холдинг құрамындағы Ұлттық онкологиялық орталықтың құрылысына кірісу қажеттігін атап өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев биыл Университетке «Бурабай» шипажай-сауықтыру аумағында экологиялық зертхана салуға кірісу қажеттігін де атап көрсетті. Оның міндеті – су, жел және күн энергиясының әлеуетін болжау, климаттық мониторинг, судың тиімді пайдаланылуы, су тазарту технологиясын зерттеу, су теңгерімі динамикасын тексеру және болжау. Мұның бәрі «жасыл экономика» саласындағы зерттеулерге лайықталған.

Нұрсұлтан Назарбаев Университет құрылымында Тау-кен ісі мектебі мен Инженерлік мектептің болуының маңыздылығын еске салды. 

- Кен өндіру салалары экономикамыздың  локомотиві болып қала береді. Біз бұл бағыттағы зерттеулерді дамытуға мүдделіміз. Мен әлемдегі тау-кен ісі саласы бойынша жетекші болып отырған Колорада мектебінің бізбен жұмыс істеуге келіскеніне қуаныштымын. Менің ойымша, таяу жылдарда Университетке Жер туралы ғылымдар орталығын ашу ісін аяқтау керек,  ол геология ғылымын халықаралық деңгейде дамыта түсер еді. Бұл жұмысты созуға болмайды, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі елеулі жұмыстар жүргізіп отырғанына тоқталды. Ал Қазақстанның көпэностық және көпконфессиялық жағдайында бұл зерттеулер ерекше маңызды, - деді Қазақстан Президенті.

- Мен Мектептің мемлекеттік тілді оқытудың жаңа әдістемесін әзірлеу жөніндегі қызметін қолдаймын. Үкімет оны Университеттен тыс жерлерде енгізуі керек. Бізге мемлекеттік тілді қазақстандықтардың мейлінше көбірек меңгергені маңызды. Экономика, құқық, дін, тілдер тарихы және қоғамдық өмірдің басқа да салаларының өзекті мәселелері жөніндегі зерттеулер зор қызығушылық оятады. Университет жанынан Әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық зерттеулер орталығын құру қажет деп санаймын. Ол Гуманитарлық мектепке жақсылап көмегін тигізіп, оның профессорларының ғылыми зерттеулерінің орнына айналар еді. Қазіргі алмағайып әлемде бұл зерттеулердің барған сайын мәні арта түседі. Ал Қазақстанның көп этностық және көпконфессиялық жағдайында бұл зерттеулер ерекше маңызды – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз шетелдік үздік мамандарды шақыру арқылы білім саласында зор қадаммен алға шыққанын атап өтті.

- Сонымен қатар, Университет біздің азаматтарымыз, әсіресе, «Болашақ» стипендиясымен оқыған түлектер үшін ірі жұмыс беруші болып саналады. Сондықтан Университетке зияткерлік және ғылыми орталық қалыптастыра отырып, осы оқу орында қызмет істейтін қазақстандық кадрлардың әлеуетін дамыту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Зияткерлік мектептерді дамыту барысында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

- Алдағы бір жарым жылда Қазақстанның барлық өңірінде осы мектептердің жүйесін құруды аяқтау қажет. Осы жылдың тоғызыншы сәуірінде Астанадағы зияткерлік мектептің  оныншы және он бірінші сыныптар бағдарламасы халықаралық бакалавриат бойынша авторландырылды. Бұл Астанадағы жоғары сыныптағы оқу үрдісі оқытудың талаптарына сай келеді және әлемнің жетекші университеттері тарапынан мойындалады деген сөз. Жетінші-оныншы сынып бағдарламаларын авторландыруды жалғастыру қажет. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдардан акредиттеуден өтіп, түлектердің Зияткерлік мектептерді бітіргендігі жөніндегі құжатты халықаралық деңгейде мойындату керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы оқулықтар сапасы бойынша проблемалар бар екеніне тоқталып, Мектепке оны шешу жөніндегі жұмысқа басшылық жасауды тапсырды. Атап айтқанда, біріктірілген білім бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін оқу материалдарын, сандық білім ресурстарын әзірлеуді ұйымдастыру қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев Университет пен Зияткерлік мектептердің құрылуы жоғары академиялық деңгейге көтерілуге ұмтылған еліміздің барлық оқу орындарына үлгі болатын отандық талантты ғылым кадрларын іздеуге және әзірлеуге бағытталғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті сондай-ақ, отырыста қабылданған шешімдер жоғары білімді ұлт құрауға және бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыруға бастайтын тағы бір қадам болып саналатынына сенім білдірді.

Кеңес барысында Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу, Атқарушылық кеңес төрағасы Аслан Саринжипов, Назарбаев Зияткерлік мектептері басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова атқарылған жұмыстар мен даму перспективалары жөнінде баяндама жасады.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің