Мемлекет басшысы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу біздің еліміздің табыстары мен жетістіктерін халықаралық қоғамдастықтың мойындауы екенін атап өтті.
- ЭКСПО көрмесі – жаһандық ауқымдағы оқиға. Ол маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыстыруға болады. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев өтініш беру кезеңі аяқталғанын, енді негізгі - көрмені тіркеу кезеңі күтіп тұрғанын атап өтті.
- Біз 2013 жылдың соңына дейін Тіркеу құжаттамасын бекітуге, көрмені тіркетуге және Халықаралық көрмелер бюросының ресми логотипін және туын алуға тиіспіз. Премьер-Министр басшылық жасайтын Мемлекеттік комиссия құрылды, Мемкомиссия төрағасының екі орынбасары тағайындалды, - деді Мемлекет басшысы.
Институционалдық шешім және жұмысты ұйымдастыру бірінші блоктағы мәселелер болып белгіленді.
- Алдымен, құрылған Мемлекеттік комиссия еліміз үшін маңызды осынау іс-шараға дайындық жасау және оны өткізу жөніндегі барлық органдардың нақты үйлесімін қамтамасыз етуге тиісті. Басты үйлестіруші құжат – көрмені ұйымдастыру және өткізудің ұзақ мерзімді Ұлттық жоспары болуы тиіс. Сондай-ақ Мемлекеттік комиссия алдында көптеген құқықтық, процедуралық және қаржылық құжаттарды талқылап, қабылдау міндеті тұр. Жұмыс істеп тұрған Ұйымдастыру комитеті өз жұмысын Мемлекеттік комиссия бақылауымен жалғастыруы қажет. Мен барлық процестерді тікелей қадағалаймын, мемлекеттік комиссия маған есеп береді. Бұл кезеңдегі басты міндет – Тіркеу құжаттамасын сапалы әзірлеу және Халықаралық көрмелер бюросымен жұмысты нақты үйлестіре білу. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, ЭКСПО аумағының эскизі жобасының анағұрлым оңтайлы нұсқасын ойластыру қажет. Ұйымдастыру комитетіне Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының жанынан қазақстандық кеңсені, ал Астанада Ұйымдастыру комитеті жанынан Ұлттық консультант кеңсесін ашу мәселесін пысықтауды тапсырамын. ЭКСПО көрмесін Миланда, Ёсуде (Оңтүстік Корея) өткізуге дайындық жұмыстарының жағымсыз тәжірибесі бар. Мұндай қателікті қайталамау маңызды, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік және жекеменшік құрылымдардың, демеушілердің, облыстардың, министрліктер мен ведомстволардың қызметін үйлестіру үшін арнайы мекеме құру қажеттігін атап көрсетті.
- Еге ретінде бұл Мемлекеттік корпорация салынған барлық нысанды келешекте пайдаланатындай болуына мүмкіншілік жасауы тиіс. Халықаралық көрмелер бюросының тәжірибесі мен кеңесі бойынша, корпорацияның директорлар кеңесіне тиісті ведомстволардың басшыларын қосу керек. Бұл корпорация кімнің қарамағында болатынын және оған қай мемлекеттік орган негізінен жауапты болатынын бірден анықтау қажет. Корпорация қызметінің Тұжырымдамасын әзірлеп, Мемлекеттік комиссияның келесі отырысында бекіту керек. Сондай-ақ оны капиталдандыру және сапалы басқаратын қызметкерлермен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау маңызды. Осы орайда, Корпорация жұмысының толық кезеңі Тіркеу құжаттамасын бекіткеннен кейін ғана белгілі болатынын ескеру керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті елдің көрме тақырыбына тығыз байланысты бастамаларының көп екенін атап өтті. Бұлар – энергиялық-экологиялық стратегия, «жасыл көпір» және «жасыл өсім» стратегиялары.
- Олардың басын біріктіріп, Көрмені ұйымдастыру және өткізудің ұлттық жоспарымен ұштастыру керек. Халықаралық және өңірлік ареналарда барлық бұл бастамалар «бір қолдың саласындай» біртұтас күйде көтерілгені жөн. Бірақ бұл аз. «Болашақтың энергиясына» көшуге мүдделілік идеясын елдің өзі көрсете білуі тиіс. Үкімет біздің елімізде бұл бағыттың тиісті деңгейде дамуы мәселелерімен жұмыс істеуі керек. Алдағы бес жыл ішінде Қазақстан таза энергия түрлерінің әзірлемелері мен енгізілуі саласында инновациялық серпіліс жасауы қажет. Сондықтан болашақ энергиясын дамытудың 2013-2017 жылдарға арналған тиісті кешенді жоспарын қабылдау жайын анықтап алуды тапсырамын. Ол жоспар барлық өңірді, ұлттық холдингтерді, зерттеу институттары мен әлеуетті отандық және шетелдік инвесторларды қамтуы тиіс. Бағдарламалық барлық құжаттарды үйлестіру керек, - деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.
Міндеттердің келесі шоғыры қатарында Астана қаласын дамытудағы тың көзқарастар қарастырылды. Қазақстан Президенті көрмені ұйымдастырудың орасан жауапкершілігінің қала әкімдігіне жүктелетініне және оған қазірдің өзінде Қазақстан тарапы мәлімдеген инфрақұрылымдық жобаларды бастау қажеттігіне тоқталды. Олардың қатарында – теміржол вокзалы, жеңіл-рельсті көлік, әуежай және өзге де көп жобалар бар.
- Бес миллион шамасында келушілер қабылдауды жоспарлап отырғанымызды ескеріп, бізге қаланы дамыту жоспарын қайта қарауымыз керек. Қаланың инфрақұрылымының дамуы қатысушылардың қомақты санын тиісті жоғары деңгейде қабылдауға лайықталған болуы тиіс. Нақты қандай және мықтылығы қай деңгейдегі нысандар салынуы керектігін, ол үшін қандай коммуникациялар қажет екенін анықтаңыздар. Баспананың және жайлылықтың ең заманауи талаптары мен стандарттарына сай келетін ЭКСПО-Сити құрылысын анықтауға кірісу керек. Ауылшаруашылық жерлер қатаң түрде мақсатқа сай қолданылуы қажет. Астана мен облыс төңірегінен жер телімдері берілуіне тыйым салу керек. Тек ЭКСПО-2017 символына айналып қана қоймай, әлемдік архитектура мен қала құрылысы қазынасының қатарына енетін бірегей сәулеткерлік ғимарат құрылысы туралы ойлану да аса маңызды. Оған қоса, жаңа коммуникациялар құрылысы мен оларды басқару «ақылды қаланың» қағидаттары бойынша жүзеге асырылуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылға дейін «Смарт Астана» жобасын толық іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Оның үстіне, көрме тақырыбына тек ЭКСПО нысандары ғана емес, Астана тұтасымен лайықты болуы тиіс, ол астаналық агломерацияның дамуына тың серпін береді.
Қазақстан Президенті қаржылық жоспарлау мен бақылау мәселелеріне ерекше назар аударды.
- Біз тек бюджеттен ақша алып, оны жұмсап қана қоймауымыз керек. Ақылды, сауатты және мұқият ойластырылған қадамдар қажет. Біріншіден, қанша қаражат керектігін есептеген жөн, жылдар бойынша бюджеттен қандай көлемде қаржы бөлу керектігін, қанша жеке инвестиция тарту керектігін анықтаған жөн. Екіншіден, мемлекет-жеекеменшік әріптестігін қоса, барлық көздерді іске қосу керек. Бүгіннің өзінде жекеменшік инвесторлар мен демеушілерді тартумен айналысу қажет болып отыр. Үшіншіден, қаржыландыру тетіктерін ойластыру қажет. Бюджеттен де, бюджеттен тыс көздерден де алынған ақшаны пайдалану барынша ашық болуы тиіс. Қаражатқа бақылауды күшейту керек. Төртіншіден, ЭКСПО-2017 көрмесін қолдау қорының жұмысын әрі қарай жалғастыра беру қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО көрмесін өткізу нәтижесін барынша иігілікке жарату, ең алдымен туризмді дамытуға пайдалану мәселесіне назар аударды.
- Үш ай ішінде бес миллион адамның ағылып келуін реттеудің қиындығын түсінуіміз керек. Сондықтан алдын ала тиянақты дайындық жүргізу талап етіледі. Бұл саланың мамандарын дайындап, оларға тіл үйретіп, Қазақстан тарихын оқыту керек. Сонымен қатар, туристер аралайтын орындарды тәртіпке келтіріп, оларға қолайлы жеткізу құралдары туралы ойластыру керек. Менің бұрын айтқанымдай, Малайзия мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі сияқты экологиялық, шопингтік, бизнес-туризмді қатар жүргізу тәжірибесін үйренуге және қолдану қажет. Астана қонақ үйлеріне ағылатын нөпірді азайту үшін көрмені өткізу кезінде Елордаға 30-50 шақырым жердегі елді мекендер жанынан Олимпия қалашығы үлгісіндегі эко және этноауылдар жасақтау керек – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Мемлекеттік комиссияға туристік бағыттардың еншісіндегі автожолдардың бойындағы сервисті осы заманға сай жабдықтау жөнінде ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ, қалалар арасындағы көлік жүйесінің жаңа жүктемелерін ескеруді тапсырды.
Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалу және өткізу кезінде отандық экономиканың ресурстарын, әсіресе шағын және орта бизнестің жетістіктерін барынша пайдалануды тапсырды.
- Осы шараға арналған құрылыс материалдары мен қызмет көрсету импортын төмендету үшін біздің барлық ішкі өндірісті іске қосу керек. Өз кезегінде шағын және орта бизнес сондай қызметтер мен тауарлар көлемін көрсетуге дайын болуға тиіс. Олардың қызметі сапаның ең жоғары талаптарына сай болуы керек. Біздің кәсіпорындарымыздың қазіргі күш-қуаты мұндай көлемдегі жұмысты игере алмайтын болғандықтан, оларды кеңейту үшін нақты шаралар жоспарын жасау керек. «Атамекен» ұлттық палатасы осы жұмысқа тартылуға тиіс. Мемлекеттік комиссияға ЭКСПО-ға дайындық аясында шағын және орта бизнесті дамытуға ұсыныстар енгізуді тапсырамын, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы әкімдермен таяудағы кездесуде барлық өңірлерді бүкіләлемдік көрменің дайындалуы мен өткізілуіне белсенді түрде тарту тапсырмасы қойылғанын еске салды.
- Біріншіден, жұмыстың барлық көлемін өңірлер арасында қазіргі бағыттар негізінде бөлу керек. Мысалы, оңтүстік өңірлерде – азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, солтүстікте – тағам, шығыс пен орталықта – машина жасау. Астана айналасында азық-түлік белдеуін жасау туралы жоспарымызды да қайта қарау керек. Екіншіден, қонақтар барып қайтатын өңірлерді дайындау қажет. Ол – Байқоңыр, Щучинск-Бурабай демалыс аймағы, Жоңғар қақпасы, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі. Батыста да сондай орындар бар. Барлық жерде әлемдік деңгейге сәйкес жағдайлар жасау керек. Үшіншіден, индустрияландырудың аймақтық картасының барлығы көрмені дайындау мен ұйымдастыруды жөніндегі Ұлттық жоспармен үйлестірілуі керек, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Астанадағы бүкіләлемдік көрмені ел ішінде де, халықаралық аренада да насихаттау жөніндегі жұмысқа назар аударды.
- Бүгінде ЭКСПО ұлттық идеядан ұлттық жобаға ауысты. Қазақстандағы ЭКСПО ең алдымен өзімізге қажет және пайдалы шара екенін адамдар түсінуі керек. Бұл оқиғаны біз қатысатын халықаралық алаңдардың бәрінде, әлемдік деңгейде насихаттауды қамтамасыз ету керек. Мысалы, 90-нан астам елден қонақ келетін Астана экономикалық форумын да насихаттаған жөн. Мәдениет және ақпарат министрлігіне жыл сайын медиа-жоспар әзірлеуді тапсырамын. 2013 жылға арналған жоспарды екі апта ішінде дайындап, бекіткен дұрыс, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев көрменің өткізілуі республиканың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша серпін болатынын атап өтті.
- Біз инвестицияның ағылып келуіне қуатты серпін береміз, он мыңдаған жұмыс орындарын ашамыз. Еліміз құрылысқа, туризм инфрақұрылымына, қонақ үй бизнесіне тартылған инвестициялардан үстемеленген әсер алады. Көрмені өткізу басты нәрсе емес, ақыр аяғында оның ел мен халыққа қандай пайда әкелетінін анықтау маңызды, - деді Қазақстан Президенті.
Жиналыстың қорытындысында Мемлекет басшысы Үкіметке көрсетілген мәселелермен қысқа мерзімде жұмыс істеуді және жалпылай алғанда бүкіләлемдік көрменің дайындығына үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды.