National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өңірлерді дамыту жөнінде кеңес өтті

2012 жылғы 28 қараша

Кеңеске барлық деңгейдегі әкімдер, Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы кеңес барысында бүгінде Қазақстан маңызды мәселелерді шешу алдында тұрғанын атап өтті. Көп мәселе таңдап алынған жолға байланысты болады.

- Сіздер әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Бұл - дағдарыстың жаңа толқыны емес, әлемдік экономика әлі шыға қоймаған 2007-2008 жылдардағы дағдарыстың жалғасы. Біз, барлық қиыншылыққа қарамастан, өмір сүру деңгейін үнемі көтеріп келеміз. Халықтың жан басына шаққанда нақты орташа табысы шамамен төрттен бірге артты. Мұндай табыспен әлемнің соншама елдері ғана мақтана алады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім біздің жеңістеріміз бен келелі келешегіміздің тағы бір мойындалуы екенін атап көрсетті.

- Бұл - тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ең үлкен жетістігі. Бұл біздің еліміз үшін экономикалық дамудың белесіне бастайтын бетбұрыс бекеті болмақ. Көрме еліміз үшін аса маңызды іс-шара болады. Біздің елорамызда ғылым мен техниканың ең үздік әлемдік жетістіктері көрсетіледі. Көптеген қазақстандықтар біз ұмтылып отырған «болашақтың экономикасын» өз көздерімен көреді. Біз үшін ЭКСПО әр өңірге пайда әкелетіндей мегажобаға айналуы керек. Бұл еліміздің инновациялық дамуына қуатты серпіліс береді, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев осынау жетістіктің бәрі – мемлекеттің дұрыс таңдалған саясатының, халықтың еңбексүйгіштігінің, барлық мемлекеттік аппараттың мақсатты жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

- Алайда бұл табысқа тоқмейілсуге болады деген сөз емес. Біздің мойнымызға еліміздің тағдыры мен оның болашағы үшін тарихи жауапкершілік жүктелген. Біз қарапайым азаматтардың игілігі үшін мемлекеттік аппарат пен «Нұр Отан» басқарушы партиясының барлық ресурсын жұмылдыруымыз қажет. Сондықтан да мен биылғы жылдың басындағы өз Жолдауымда айтқанымдай, реформаның жаңа кезеңіне кірістік, - деді Қазақстан Президенті.  

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметтің тиімділігі толықтай арта түсетініне тоқталды.

- Осыған орай, кәсіпқой басқарушылар корпусы қалыптастырылады. Саяси мемлекеттік қызметшілер саны 8 есе қысқарады. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен орынбасарлары ғана қалады. Министрлер мен жауапты хатшылардың, әкімдер мен аппарат басшылары өкілеттіктерінің ара жігі нақты ажыратылады. Министрлер мен әкімдер кадр мәселесімен және бюджет қаражатын бөлумен емес, салалық саясатты іске асырумен және өңірлерді дамытумен белсене айналысуы қажет. Президент жанынан Ұлттық комиссия құрылады. Бұл комиссия «А» корпусы кадрлар резервін іріктейтін болады. Жаңа корпус – ерекше таңдаулылар емес, халықтың мүддесін қорғайтын, оған берілген халық қызметшілері. Іріктеу қатаң, ашық және кәсібилігі мен іскерлік қабілеті бойынша жүргізілетінін ескертемін. Жауапты хатшылардың өңірлерде жұмыс тәжірибесінің болуы, өздері жұмыс істейтін саланы білуі және мемлекеттік тілді меңгеруі қажет, ал аудандар мен қалалардың әкімдерінің – орталық және облыстық мемлекеттік органдарда еңбек өтілі болуы тиіс. Бәрін ретке келтіру және дайындалу үшін жарты жылдай уақыт бар, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.         

Қазақстан Президенті бірінші кезекте сеніп тапсырылған учаскедегі жұмыстың нақты нәтижесі ескерілетінін айтып өтті.

- Мен қызметтік баспалдақпен кәсіпқойлар ғана көтерілуі қажеттігін бірнеше рет айттым. Бүгінде аудандар мен қалалардың кейбір әкімдері көзге көрінетін нәтиже болмаса да бір орында 10 жылдан жұмыс істеп келеді, яғни «дербес елді басқарып тұрған князьға» айналған. Мұндайдан батыл түрде арылу қажет. «А» корпусына кіру артықшылықтар бермейді. Бағалау жүйесі арқылы өзіңнің құзыретіңді жыл сайын дәлелдеуің керек, ал әкімдерді – бұған қоса рейтинг арқылы, менің Жарлығыммен бекітуді тапсырамын. Мемлекеттік органдар арасында мемлекеттік қызметшілердің конкурстан тыс орын ауыстыруы мейлінше азайтылуы керек. Мемлекеттік қызметте лайықтылары ғана қалуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.         

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі жұмысқа басымдық берілуі тиістігін қадап айтты.

- Әкімдер Үкіметпен бірлесіп өңірлерде сапалы жұмыс орындарын ашуды, резервтерді табуды, инвестиция тартуды, халықтың кірісінің өсімін, сондай-ақ шағын және орта бизнестің іс жүзінде дамуын қамтамасыз етуге тиісті. Бұл үшін қажетті тетіктер бар. Нақты жұмыспен қамту Үкіметтің, әкімдердің жұмысының және барлық даму бағдарламаларының басты көрсеткіші болып саналатынын атап өткім келеді. Бұл көрсеткішті әкімдер рейтингіне қосуды Президент Әкімшілігіне тапсырамын. Әлемдік озық тәжірибені зерттеу қажет, - деді Қазақстан Президенті.    

Мемлекет басшысы Қазақстанда жаңа салалар белсенді қалыптасып жатқан өңірлер бар екеніне тоқталды. Мысалы, Павлодар облысында пестицидтер, пластмассалық бұйымдар, хлор және каустикалық өткір сода шығаратын жаңа химиялық өндірістер құрылған. Ал Қарағанды облысында машина жасау саласы, Шығыс Қазақстан облысында автомобиль өнеркәсібі дамып келеді.

- Индустриялық-инновациялық серпіліс үшін өңірдің болашағы туралы нақты қамқорлық және ерік-жігер қажет. Біздегілер бюджетке сеніп алған, қаржыны бөлумен және құрылыс жүргізумен ғана айналысқысы келеді. Мәселен, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары үш жыл ішінде бар болғаны 60 пайыз трансферт өсімімен 550 мың доллар шетел инвестициясын тартқан. Өңірлерге инвестиция тартуда қызығушылық болуы үшін жер қойнауындағы байлықтарды пайдалануға мораторийді алып тастау керек. Егер облыс кен орындарына инвестиция тартатын болса, табыстың бір бөлігін оларда қалдыру керек. Үкіметке бұл мәселені зерттеуді және өңірлермен келісе отырып ұсыныстар енгізуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметшілер мен барлық бюджеттегілер қызметінің негізгі көрсеткіші халыққа сапалы қызмет көрсету екенін атап өтті.

- Мемлекеттік қызметші – қызметші сөзінен туындайтынын әрдайым айтып жүрмін. Алайда көп шенеуніктер, университет ректорлары, мектептің, тіпті балабақша директорлары креслоға отырып алса, халық қызметшілері екендіктері туралы ұмытып, өздерін тәңірдей сезінеді. «Президенттің бизнесті қорғауы» атты менің сайттағы бөліміме шенеуніктердің сөзбұйдалығы мен енжарлығы туралы мыңдаған шағым келіп түсуде. Адамдар Конституция кепілі ретінде жер дауын реттеу, құрылыстың қалған бөлігіне бітіруге көмектесу және басқа да мәселелер бойынша қарапайым өтінішпен маған шығуға мәжбүр болуда. Бұдан адам тіпті жәй мәселені жергілікті деңгейде шеше алмайтыны белгілі болып отыр, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерге елеулі қаражат бөлінгенін, бюджеттегілердің еңбекақысы артқанын, мектептер, балабақшалар, ауруханалар салынып жатқанын, алайда қызмет көрсету деңгейі бұрынғыдай төмен күйінде қалғанын атап көрсетті.

- Егер мұғалім уақытының үштен бір бөлігін есеп жазуға арнаса, онда білім беру саласының сапасы туралы не айтуға болады? Бұл жағдай дәрігерлерге де қатысты. Маған баяндалғандай, Білім министрлігінің бір департаменті үшін өңірлер 300-ден астам есеп түрін толтырады. Осындайды толтыру үшін тек бір облыстағы мектептер мен балабақшалар 100 мыңнан аса есеп жазып ұсынуға мәжбүр болады! Бұған бір жарым-екі ай уақыт кетеді. Сонда олар қашан жұмыс істейді? Есеп тонналап келеді, ал істің нақты жағдайы еш өзгермейді. Дәрігерлердің адам емдеуіне, мұғалімдердің бала оқытуына мүмкіндік беру қажет. «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» заң жобасын Парламентке енгізу туралы менің тапсырмам әлі күнге орындалған жоқ. Соңғы мерзім - екі апта беремін. Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесіп, заң жобасын енгізуі қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ауыл әкімдерінің қызметіне қоғамдық бақылау құру қажеттігіне тоқталды.

- Бүгінде кейбіреулер тек мемлекет қана өмір сүруге қолайлы жағдай жасайды, жемқорлықпен күрес жүргізеді, мәдениетті арттырады деп санайды. Сонымен бірге, бұл мәселеге жергілікті органдар жауап беруі тиіс, халықты да қатыстыру қажет. Жергілікті жерлердегі өзекті мәселені шешу жөнінде шешім қабылдауға, жергілікті билік органдарының жұмысына бақылау жүргізуге азаматтардың өздері атсалысатын кез келді. Қазіргі уақытта аудандар мен қалалардың әкімдері мәслихаттардың келісімен тағайындалады. Жергілікті өкілетті органдардың рөлін одан әрі арттыру үшін біз мәслихат арқылы (төмен деңгейдегі) ауыл әкімдерінің сайлауын енгіземіз. Бұрын жергілікті өзін-өзін басқару реформасы тежеліп келді. Облыс әкімдері бюджетті ауылдық деңгейге берген жоқ. Экономика және Қаржы министрліктеріне ауыл әкімдіктеріне қажетті қаражат пен штатты беруді қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Қазақстан Президенті Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасына қол қойғанын хабарлады.    

- 2013 жылдың 1 ақпанына дейін оны жүзеге асырудың нақты индикаторлары белгіленген шаралар жоспарын бекіту қажет. Осылайша, біз мемлекеттік аппараттың жұмысын түбірімен жақсартатын, түптеп келгенде, халықтың әл-ауқатын арттыратын маңызды реформаларға кірісеміз. Олардың жүзеге асырылуы менің жеке бақылауымда болады. Жүргізілетін жұмыстарды қарапайым азаматтарға ұғынықты етіп түсіндірудің және жеткізудің маңызы  өте зор. Онымен мемлекеттік органдардың басшылары, әкімдер мен депутаттар, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары айналысуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Одан арғы талқылау барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйледі.

Өз сөзінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың қазірдің өзінде нәтиже бере бастағанына тоқталды.

- Соңғы үш жыл ішінде облыстағы өндірістің өсімі 60 пайызды құрады және соның арқасында барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер алдыңғы жылғы деңгейден асып түсті. Сонымен қатар, аталған кезеңде облыста шамамен 50 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды, тиісінше жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Тартылған инвестициялар көлемі облыста 70 пайызға артты. Атап айту керек, соңғы 10 жылда Ресей мен Шығыс Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1,1 миллиард долларды құрады. Шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасалды, оған қазір халықтың 25 пайызы тартылған, бюджетке түсімнің 19 пайызы осы саланың үлесіне тиесілі, - деді Б.Сапарбаев.

Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын облыста өңірлік жалпы өнімнің 17 еседен асқанын және бүгінде 1,6 триллион теңгені құрап отырғанын атап өтті. Халықтың жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім деңгейі биыл 13,2 мың долларға жеткен, алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 15 мың долларға дейін жеткізу жоспарлануда.

- Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артуы инвестициялық тартымдылыққа да әсерін тигізді. Шетелдік инвестициялар осы жылдың соңғы 10 айында 20 миллиард теңгеден асып түсті. Өңірде 100 шақты бірлескен кәсіпорын белсене жұмыс жүргізіп жатыр. Биылғы 9 айда облыстың ішкі сауда айналымы 3,5 миллиард АҚШ долларынан асты, Ресеймен арада ол 2 есе, Беларусьпен арада 3 есе артты. Біз Ресейдің шекаралас өңірлерімен ынтымақтастықтың ауқымы мен түрлерін кеңейту үстіндеміз. Оған қоса, біз ынтымақтастығымыздың деңгейін Ресей мен Беларусьтің барлық өңірлеріне ұластыру қажет деп санаймыз. Бүгінде облыста өңіраралық ынтымақтастықтың өзіндік «жол картасы» қалыптасып келеді, бұл міндетті орындауға жауапты мемлекеттік органдар анықталды, - деді Е.Арын.

Павлодар облысының әкімі, сонымен қатар, облыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 174 жоба іске асырылып жатқанын атап өтті. Бұл 10300 қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Тек Ресеймен арадағы биылғы экспорт-импорт қарқыны 2,1 миллиард долларды құрады.

Осыған орай Мемлекет басшысы Кеден одағы аясында елімізге келетін импорт мөлшері артқан жағдайда облыстардың индустриясыздану ықтималдығы бар екенін атап өтті.

– Бұл бәріңізге қатысты.  Мұны бәріңіз қадағалауларыңыз керек. Бұл біздің тауарларымыз бәсекеге қабілетсіз деген сөз, біз сатпаймыз, тек сатып аламыз. Біздің кәсіпорындарымыз бірте-бірте тоқтап қалуы мүмкін. Бізге бүкіл әлеммен бәсекелес болуға тура келеді. Ең алдымен Кеден одағы аясында жұмыс істеп үйрену қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті министрліктер мен ведомствалардың жергілікті жерлердегі өкілдіктерінде 44 мың адам жұмыс істейтінін, барлық әкімдердің аппараты 36 мың адамды құрайтынын атап айтты. Мұндай теңгерімсіздік атқарылатын қызметтің қайталанатынын және орталық атқарушы органдар жұмысының тиімсіздігін аңғартады. Нұрсұлтан Назарбаев министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың қызмет саласының ара жігін ажырату қажеттігін атап көрсетті.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев екі қала мен 12 аудан орталығына газ тарту нәтижесінде облыс тұрғындарының 85 пайызы газды пайдаланып отырғанын атап өтті.

– Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 95 пайызды құрайды. Индустрияландыру бағдарламасы аясында 31 жоба іске асуда. Қазір олардың 24-і іске қосылды, қалғаны бекітілген жоспарға сәйкес аяқталатын болады. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында белсенді жұмыс жүргізіп жатқан 25 мың субъект бар, оған 92 мың адам тартылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында жалпы сомасы 23 миллиард теңгені құрайтын 161 жоба мақұлданды. Қазақстан Кеден одағына өткеннен кейін облыстың Ресеймен, Беларусьпен сауда айналымы 25 пайызға өсті. Украина, Беларусь, Ресей зауыттарының өкілдері шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасын жүзеге асыру үшін бүгінде Оралдан сауда үйін ашты. Болашақта оны жергілікті жерде құрастыру жоспарланып отыр, – деді Н.Ноғаев.  

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ресей мен Беларусьтің бизнес-қауымдастығымен бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпкерлерге елеулі мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов мемлекеттің қолдауымен облыста ауыл шаруашылығы өндірушілері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтып өтті. Облыста 2 миллион 300 мың тонна бақша және жеміс-жидек өнімдері жиналды. Мұның өзі өнімдерді Қазақстан өңірлері мен Кеден одағы елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.

- Мемлекеттік қолдаумен жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есе өсті және 1,27 триллион теңге болды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына мемлекеттік жұмыспен қамту, бизнесті қолдау, индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары оң әсер етті. Мысалы, 2010 жылы облыста 7 жоба іске асырылса, оның саны 2011 жылы – 24, 2012 жылы 29 жобаға жетті. Іске асырылып жатқан жобалардың жалпы саны – 114. Нәтижесінде 15 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ өңірде жұмыспен қамту және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын іске асырудың қорытындысы бойынша 3 жылда 90 мың жаңа жұмыс орны ашылды, - деп атап өтті А.Мырзахметов.

Қазақстан Президенті Үкіметке нысандарды Индустрияландыру картасына қосу барысындағы есеп беру саласына тәртіп орнатуды және сондай-ақ бюджет қаражатын игере алмау мәселесі бойынша бюджеттік бағдарлама администраторларын анықтап, қатаң шара қолдануды тапсырды. 2012 жылдың 1 қарашасына дейін игерілмеген бюджет қаражатының жалпы сомасы 143 миллиард  теңгеге жеткен, бұл  – облыстың жылдық бюджеті дерлік сома.

Нұрсұлтан Назарбаев жинақтаушы өндірістен толыққанды өндіріс және біртұтас салалар циклына өту қажеттілігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы идеологиялық тәрбиелеу және жастар саясатын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы әлеуметтік даму, азаматтардың әл-ауқатын көтеру, жастар саясаты және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің