National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев терроризммен және экстремизммен күрес мәселелері бойынша кеңес өткізді, сонымен қатар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кезектен тыс аттестаттаудан өтуі туралы есепті тыңдады.

2012 жылғы 12 шілде

Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев терроризм мен экстремизмнің таралуы қазіргі таңда жаһандық сипат алып отырғанына тоқталды.

– Біз бүгінде салыстырмалы түрде тыныш әрі тұрақты жағдайда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан мұндай бейбіт тіршілік баршаны жайбарақаттандырып жіберді. Қазіргі кезде құқық қорғау органдарының ондаған мың қызметкері террористік әрекеттің алдын алу және жолын кесу мақсатына жұмылдырылған. Мемлекет бұл орайда айтарлықтай көмек көрсетіп отыр. Құқық қорғау органдарының елдегі заңдылық пен тұрақтылықты сақтаудан асқан маңызды міндеті жоқ, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев алға қойылған міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізу құқық қорғау органдары басшыларының ұйымшылдығына, талапшылдығына және кәсіпқойлығына байланысты екенін айтты. Тек 2011-2012 жылдары ғана терроризммен және экстремизммен байланысы бар жүзден астам қылмыс жасалды. Ондаған азаматтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері соның құрбаны болды.

– Біз елде радикалды экстремистік элементтердің мемлекет пен жалпы қоғамға кеңінен қысым көрсетіп отырғанын мойындауымыз керек. Жұртшылық құқық қорғау органдарының осы қылмыстардың алдын алуға қабілетсіздігіне наразы. Кәсіби біліксіздік салдарынан қызметкерлер опат болуда. Мұқият жұмыс жүргізілмеу кесірінен біз, тиісінше, алдын ала осындай қылмыстардың жолын кесе алмаймыз. Мен ел Президенті және Конституцияның кепілі ретінде құқық қорғау органдарының жұмысына, әсіресе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  жұмысына риза емеспін. Біздің жұмсап отырған күш-жігеріміздің тиімділігі жеткіліксіздеу болып тұр. Кеше Алматы облысының Қарасай ауданында жарылыс болып, адамдар қаза тапты. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға орнынан үлкен қару-жарақ арсеналы мен жарылғыш заттар табылған. Біз тағы да бәрі біткен соң қарманудамыз. Осының барлығы бізден мұқият талдау жасап, террористік және экстремистік элементтер әрекеттерінің алдын алу және жолын кесу үшін нақты шаралар қабылдауды талап етеді, – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес барысында ҰҚК төрағасы Н.Әбіқаев, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Бас прокурор А.Дауылбаев және Сыртқы барлау қызметінің директоры А.Жанқұлиев қолданылып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

Мемлекет басшысы кеңесті қорытындылай отырып, барлық алдын ала ескерту мониторингі жүйесіне тексеріс жасауды және террористік және экстремистік сипаттағы қатерлердің алдын алуды, сондай-ақ жедел іздестіру қызметіндегі қателіктерді түзетуге және террорға қарсы іс-қимыл барысында мемлекеттік органдар үйлесімі механизмін жақсартуға шара қолдануды тапсырды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының террористік және экстремистік сипаттағы қауіп-қатерлерге қарсы әрекет етуге арнайы машықтану деңгейін арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Терроризм қаупі тұрғысынан осал нысандардың қорғалу деңгейін артыру үшін маңызды шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Премьер-Министр К.Мәсімовтің орталық және аймақтық құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғаларын кезектен тыс аттестаттаудан өткізудің бірінші кезеңінің қорытындылары туралы есебін тыңдады.

– Қазіргі уақытта елімізде құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша мейлінше кәсіби, сауатты және моральдық жағынан тұрақты қызметкерлер қызмет істейтін болады. Біз Премьер-Министр басқаратын Жоғары аттестаттау комиссиясын құрдық. Алғашқы кезеңде барлық құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары  аттестаттаудан өтті, келесі кезең орталық деңгейді қамтиды, ал үшінші кезеңде аймақтық органдар қызметкерлерін аттестаттау өтеді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Қазіргі кезеңнің өзінде құқық қорғау органдарының жұмысы жақсара бастады, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

К.Мәсімов келтірген мәлімет бойынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 20%-ы кезектен тыс аттестаттаудан өте алмаған, ал 10%-ы аттестаттау басталмай тұрып жұмыстан шығып кеткен.

Мемлекет басшысы еліміздің құқық қорғау жүйесі қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған қызметкерлерді кезектен тыс аттестаттаудың маңыздылығын атап өтті. Аттестаттау қорытындысы бойынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыруды едәуір жақсарту және еңбекақыларын айтарлықтай арттыру мәселесі қарастырылатын болады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің