National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Елбасы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық барысы жөніндегі кеңеске қатысты

2015 жылғы 13 шілде

 

Мемлекет басшысы кеңеске қатысушыларға арнаған сөзінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне сапалы дайындықты қамтамасыз ету мен өткізудің бүкіл Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті.

– Бұл – Қазақстанды, еліміздің мүмкіндіктерін бүкіл әлемге көрсететін басты жоба. Құрылыстан басқа барлық мәселелер жөнінен артта қалушылық байқалады. Мәселен, арнаулы комиссардың бар екендігіне қарамастан, әлі күнге дейін көрмеге қанша мемлекеттің қатысатыны белгісіз. Көрмені бізден кейін өткізетін басқа елдер қазірдің өзінде қызу ақпараттық жұмыс жүргізіп жатыр, ал біз тым-тырыс отырмыз. Келушілерге қандай жағдай жасалатыны, көрмені өткізуден қандай пайда күтуге болатыны, қанша демеуші тартылатыны, еліміздің өзінен және шет елдерден қанша турист болатыны, қандай мәдени-көпшілік шаралар өтетіні туралы нақты мәлімет жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев шешуін күткен бірқатар мәселеге назар аударды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы көрме нысандарының құрылысы  бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, 2016 жылғы тамыз-қыркүйекте аяқталатынын айтты.

– Бұл ретте техникалық сипаттағы түйткілдер көп, олар: мәселелерді шешудің созылуы және өзара келісілмегендігі, жұмыстың нашар ұйымдастырылуы. Жобалық-сметалық құжаттарды беру кестесінен кешігудің негізгі себебі жобалауды басқару ісінің мүлде жоқтығы болып отыр. Негізгі құжаттаманың бөліктерін әзірлеу ісі қосарлы ұйымдар арасында бөлініске түскен. Көрме учаскесі маңындағы жер ресурстары тиімсіз пайдаланылуда. Бұдан бөлек, нысандар құрылысында бағаны тым өсіру орын алып отыр, бұл қаражаттың талан-таражға түсуіне соқтырады. Арнайы айтылуға тиіс жайттың бірі – қаржыландыру. Еліміздің экспорттық тауарларының бағасы төмендеуін ескерсек, бюджетке қажетті қаражат толық түспей отыр. Сондықтан бізге «ЭКСПО» үшін де, Универсиаданың үшін де қатаң үнемдеуге тура келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрмені табысты өткізу оның тақырыбының толық ашылуына, елдердің көбірек қатысуына, келушілерді тарта білуге, жаһандық серіктестермен, демеушілермен ойдағыдай деңгейде жұмыс жүргізуге байланысты екеніне тоқталып өтті. 

– Бұл орайда көрмені табысты өткізген елдердің – Португалияның 1998 жылғы Лиссабонда, Қытайдың 2010 жылы Шанхайда өткізген көрмесінің тәжірибесін зерттеу керек. Аталған елдерде ұйымдастырушылар барлық ұйымдастыру мәселелерін сауатты жүргізіп, нысандардың көрмеден соң пайдаланылу, оларды жалпы қаланың жүйесімен үйлестіру мәселелерін де қамтыды. Сонымен бірге қателіктерге жол бермес үшін мұндай көрмелер жұмысының Испанияның Сарагос, Оңтүстік Кореяның Ёсу қалаларындағыдай нашар болуының да себептерін түсіне білген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев бүгінге дейін өздерінің қатысатынын тек 30 ел ғана растап, 5-еуі ғана комиссарларын айқындағанына назар аударды. Бұл ретте көрмеге қатысу туралы бірде-бір келісімшартқа қол қойылмаған.

– Мемлекеттік бюджеттің жинақталуының тетіктері баршаға белгілі. Егер біз шақырып отырған қатысушылар тиісті қаражатты әлі бөлмесе, олар мұны 2017 жылға қарай да жасай алмайды. Сондықтан шығыстарды жылдық жоспарға енгізулері үшін олардың келісімін алдын ала алу керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы осыған байланысты Сыртқы істер министрлігіне комиссармен бірлесіп, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушылардан ресми растау келісімін алу ісін ұйымдастыруды тапсырды. Инвестициялар және даму  министрі Ә.Исекешевке, энергетика министрі В.Школьникке, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына қатысушы елдермен жұмыс жүргізу кезінде олардың павильондарын, материалдарын қоюды ұйымдастыру, келушілерді тартуға мейлінше көбірек қаражат салулары үшін тақырыпты ашуға жағдай жасау мәселелерін нақтылау тапсырылды.

Қазақстан Президенті баламалы технологияларды қолдану саласындағы негізгі 20 елге ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Сонымен қатар көрмені ілгерілету және қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін қаражат тарту аясында Қазақстанда жұмыс жасап жатқан ірі халықаралық компаниялардың әлеуетін пайдаланған жөн.

Нұрсұлтан Назарбаев елде және шет елдерде көрмені кең таныту арқылы келушілерді тарту саласында көп жұмыс істелуі тиістігін атап өтті.

– Бүгінде айқын коммуникативтік-медиалық жоспар жоқ, имидждік жұмыс мәселесі жүйелі түрде нақтыланбаған, барлық күш-жігер тек біржолғы іс-шаралар өткізуге бағытталған. Тек сауатты ойластырылған  стратегия ғана көрменің табысты өтуінің тағы бір көрсеткішіне – елге туристер тартып, 5 миллион адамның келуіне қол жеткізуге мүмкіндік туғыза алады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың алдағы көрме туралы ақпараттандырылу деңгейі төмен екендігін атап өтті.

– Елдерді қатысуға шақыру үшін ірі экономикалық, туристік форумдарда, спорт шараларында, алдағы Давос форумында, Санкт-Петербург форумында, Астана экономикалық форумында көрме тақырыбы бойынша таныстырылымдар ұйымдастыру қажет. Бұл ретте қатысушылардың 85%-ы өз отандастарымыз болады, сондықтан біз әр өңірден қанша турист келетінін, олардың қалай жететінін, қайда орналасатынын білуге тиіспіз. Барлық қала және облыстар әкімдері қолдағы бүкіл ресурсты іске қосып, көрмені өткізудің қажеттігі мен мақсатын әр адамға ұғындыруы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа, Инвестициялар және даму  министрі Ә.Исекешевке, сондай-ақ әкімдерге көрмені халықаралық деңгейде және ел ішінде насихаттау жоспарын әзірлеп, оны сапалы түрде іске асыруды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев келушілердің күн сайын өте көп болуы қаланың барлық қызметтері үшін айтарлықтай қиындық әкелетінін айтты.  

– Визалық қолдауды, кедендік рәсімдеулерді, қонақ үйлер, таксилер және ресторандар, жұмысын ұйымдастыруды қамтитын барлық сервистер мұқият пысықталып, өзара байланысты түрде әрі ең жоғары деңгейде көрсетілуге тиіс. Әсіресе, қызмет көрсетушілердің тілдік сауаттылығына ерекше назар аудару қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа, ұлттық компанияларға әкімдермен бірге ел өңірлері халқының «ЭКСПО»-ға қатысуына тиісті жағдай жасау, квоталармен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Қазақстан Президенті «ЭКСПО-2017» көрмесін ілгерілету жөнінде туристік қоғамдастықпен арадағы жұмысты жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

– Халықты жайғастыру орындарын, көлікті, логистиканы, жол бойы инфрақұрылымын дамытуды қамтитын өңірлік туристік бағдарларды нақтылаған жөн. Туристердің әртүрлі бағыттар бойынша Қазақстанның өзге де өңірлеріне бару мүмкіндіктерін алдын ала ойластыру керек. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына «Эйр Астана» және «Казақстан Темір Жолы» компанияларымен бірлесіп, ұшақ және теміржол билеттерінің көрмеге тегін бару құқығын қамтуы мәселесін пысықтауды тапсырамын, мұндай жұмысты өзге де авиакомпаниялармен жүргізген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мазмұнды мәдени бағдарламалар әзірлеу қажеттігін айта келіп, келушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі арнайы көңіл бөлуді қажет ететініне назар аударды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы көрменің пайда әкелуін қамтамасыз ету тақырыбын да қозғап өтті.

– Жария етілген Тіркеу досьесіне сәйкес, біз демеушіліктен, билет сатудан, тамақтандырудан, қызметтер көрсетуден 330 млн. евроға жуық кіріс алуды көздеп отырмыз. Бұл ретте жаһандық демеушілермен арада келісімдерге қол қою «ЭКСПО-2017» көрмесінің кірістілігі мәселесін оң шешу үшін басты мәселе болып саналады. Досье жоспары бойынша, біз тек демеушіліктен, соның ішінде «ЭКСПО»-ның жаһандық 8 серіктесін тартудан 200 млн. евродан астам қаражат табуға тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрмеге әлемдік компанияларды тарту оның беделіне оң ықпал етіп, елімізге инвестициялар әкелетінін айтты.

– Бұл – көрменің танымалдылығы мен насихаты үшін үлкен демеу. Ол дүние жүзіне белгілі брендтерді әлемдік қоғамдастықтың есіне салып, көрмені әрбір құрлықта насихаттауға көмектеседі. Бүгінде Қазақстан  – экономикалық тұрғыдан тұрақты, инвестиция және ынтымақтастық үшін тартымды ел, бірақ егер құр әншейін күтіп отыра берсек, ешкім де келмейді. Бұл бағытта белсенді түрде жұмыс жүргізіп, қолдағы барлық ресурстарымызды пайдаланғанымыз жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Нұрсұлтан Назарбаев әлемде көпшілік жұрт жиналған іс-шаралар кезінде орын алып жатқан оқиғалардың терроризм қаупін барған сайын өткір мәселеге айналдырып отырғанына тоқталды.  

– Елдің құқық қорғау органдары қазірден бастап алдын ала дайындалып, тиісті жоспарларын әзірлеуге тиіс. Күштік құрылымдар блогының бәрінің жұмысы үйлесімді болуы қажет. Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Сырбар» сыртқы барлау қызметіне көрмені өткізуге дайындықтың барлық кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл шараларын қабылдауды тапсырамын, –  деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы алдын ала оқытылатын волонтерлердің дайындығы сапалы болуы қажеттігіне назар аударды.

– Жаңа нәрселерді біліп, көптеген адамдармен кездесетін жастар үшін бұл қызық нәрсе. Бұл ретте волонтерлерді тек Астанадан ғана емес, барлық өңірлерден де іріктеп алу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық үдерісіне қатысушылардың бәрінің үйлесімді және тиімді жұмысының маңыздылығын атап айтты.

– Қазір құрылымдар арасында өзара іс-қимыл жоқ екені көрініп тұр. Үкімет тарапынан осы барлық жұмысты үйлестіру мүлде байқалмайды. Әркім тек өзіне тиесілі тар шеңбердегі салаға ғана жауап бере алады, тиімді өзара ықпалдастық жоқ. Сондықтан Премьер-министрден «ЭКСПО-2017»-ге дайындалуға және өткізуге Үкімет атынан  жауапты тұлғаны бекіту жөнінде ұсыныс енгізуді өтінемін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің халықаралық имиджі маңызды мәселе болып саналатынын атап өтті.

– Өте аз уақыт қалды. Барлық мемлекеттік органдар белсене, келісе отырып жұмыс істеуі керек. Үкіметке және кеңеске қатысушылардың барлығына алға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Көрмені лайықты деңгейде өткізу керек. Бұл біздің қолымыздан келетінін білемін. Бүгінде жағдай жеңіл емес, біз Ұлттық қордан қаражат бөліп отырмыз, әр теңгені тиімді жұмсау қажет. Сондықтан еліміздің игілігі үшін бірлесе жұмыс жүргізген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев компанияның салынып жатқан «Mega» атты  сауда-сауық кешенін «Жібек Жолы» (Silk Way) деп атауды ұсынды.

Сонымен қатар, кеңес барысында алдағы көрмеге дайындықтың әр бағыты бойынша Астана қаласының әкімі, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ә.Жақсыбеков, министрлер – Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, Энергетика министрі В.Школьник,  Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов, сондай-ақ түрлі компаниялар мен мердігер ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің