National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Елбасы Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты

2017 жылғы 01 наурыз

Мемлекет басшысы бүкілхалықтық талқылауға шығарылған конституциялық реформалар жобасына қатысты ұсыныстарды жинақтау, пысықтау, талдау және талқылау жөнінде жұмыс тобы ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.

– Өзімнің конституциялық құқығымды пайдалана отырып, мен референдумға шығармай-ақ, Парламентте талқылау арқылы Негізгі заңға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадым, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев енгізілетін өзгерістердің бәрі еліміздің дамуына ерекше серпін беретінін және бұл қадам біз үшін маңызды екенін атап өтті.

– Біз Қазақстанның саяси моделін – президенттік республиканы сақтап қалатынымызды айтып өткен жөн. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай икемді болуға тиіс. Жүргізілген реформалар нәтижесінде билік өкілеттіктерінің бір бөлігі биліктің бір тармағынан екіншісіне беріліп, өкілді органдардың Үкімет пен атқарушы органдарға қатысты жүргізетін бақылау функциялары күшейтілетін болады, бұл оларды кәсібилендіруге және халық билігі қағидаттарын бекітуге бағытталады. Бізге халқымыздың болашағы үшін маңызды құжат мәселесін шешу керек, бүкілхалықтық талқылаудың қорытындысын шығарып, оны Парламенттің қарауына енгізу мерзімін анықтау қажет. Конституцияның 23 бабына және заңдарға 35 өзгерту енгізілетіні белгілі болды. Енгізілетін өзгерістердің басты мәні – Президенттің бірқатар өкілеттіктерін биліктің басқа тармақтарына қайта бөлу, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы басқарудың президенттік моделінің табыстылық факторына, соның арқасында еліміздің әлемдік қоғамдастықта танымал болғанына, халықтың әл-ауқатының артып, оны бұдан әрі жақсарту жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанына қатысушылардың назарын аударды.

– Елімізде іске асырылып жатқан Бес институционалдық реформаға және Қазақстан халқына арналған жаңа жолдауға сәйкес, республикамыздың саяси жүйесі де нақты өзгерістерді қажет етіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жұмыс тобының жетекшісі Қазақстан Президентіне Конституциямен қатар, ел заңдарына да өзгерістер енгізуді көздейтін билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде ұсыныстар әзірленіп жатқаны туралы баяндады.

– Жұмыс тобының мүшелері бүкілхалықтық талқылау барысында келіп түскен ой-пікірлердің, сауалдар мен ұсыныстардың бәрін тіркеді. Президент Әкімшілігі кез келген азаматтың өз материалын жолдауы үшін арнаулы пошта мекен-жайларын ұйымдастырды. Жұртшылық ұсынылған реформаларды талқылау жөнінен жоғары белсенділік көрсетті. Ұсыныстар барлық өңірлерден, халықтың барлық тобынан келіп түсті. Ғалымдар, заңгерлер, қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдері түрлі ой-пікірлерін жолдады. Ұсыныстардың көп бөлігі талқылаудың соңғы күндерінде түсті. Мұның бәрі конституциялық реформаларды қоғамда талқылау жөніндегі Сіздің шешіміңіздің дұрыс болғанын көрсетіп отыр, – деді Ә.Жақсыбеков.

Сондай-ақ, Президент Әкімшілігінің басшысы азаматтардан Конституцияның 63 бабына қатысты 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олар Негізгі заңның барлық тарауын қамтитынын мәлімдеді.

– Ұсыныстар әртүрлі және олар бүкілхалықтық талқылауға шығарылған нормалар жобасымен ғана шектелмейді. Бұлардың бәрі бірнеше бөлік бойынша жүйелендірілді. Мемлекет басшысының мәртебесі мен өкілеттігін айқындайтын бөлімге қатысты 40-тан астам ұсыныс түсті. Реформаның мақсаты Президент өкілеттіктерін биліктің басқа да тармақтарына қайта бөлу болғанына қарамастан, ұсыныстардың көпшілігі Мемлекет басшысының өкілеттігін нығайтуға бағытталып отыр. Жалпы, Парламенттің өкілеттігіне қатысты, оның Үкіметті жасақтаудағы рөлін күшейту бастамасын қолдауға бағытталған 88 ұсыныс келді. Атап айтқанда, парламенттік республикаға өту, бір палаталы Парламент жасау, депутаттарды мажоритарлық жүйе қағидаты бойынша сайлау туралы ұсыныстар болды. Депутаттық корпусқа бір реттен артық үміткер болуға шектеу қою, жас шамасын арттыру сияқты талаптарды күшейту ұсынылды, – деді жұмыс тобының жетекшісі.

Бұған қоса, Ә.Жақсыбеков Парламент алдындағы есептілігін күшейтуге қатысты Үкіметтің мәртебесі мен қызметі жөніндегі ұсыныстарға тоқталды. Олардың қатарында Үкіметтің бүкіл құрамын міндетті түрде Мәжіліспен келісу, оның тек Мәжіліс алдында ғана емес, тұтас Парламент алдында есепті болуы туралы талапты бекіту мәселесі бар.

Президент Әкімшілігінің басшысы сөзін түйіндей келіп, Конституциялық кеңесті қалыптастыру тәртібін өзгертуге және оны Конституциялық сот ретінде қайта құруға бағытталған ұсыныстарды атап өтті. Келіп түскен ұсыныстардың басым көпшілігі құқық қорғау органдары мен соттардың өкілеттігіне қатысты болғаны хабарланды.

Мемлекет басшысы азаматтардан келіп түскен түрлі сипаттағы әр алуан пікірлер мен ұсыныстар біздің қызметімізде кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін көрсететінін, алдағы жұмыс барысында оларды жою қажеттігін айтты.

Отырыс барысында жұмыс тобының барлық мүшелері сөз сөйледі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданыстағы редакциясында меншік құқығына қатысты 26-бапқа ұсынылған түзетулер талқыланды. Жұмыс тобы мүшелері аталған нормаға ұсынылған өзгерістерге қатысты халықтан түрлі ұсыныс түскені туралы айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарының пікірін ескеріп, 26-бапқа өзгеріс енгізбеуді ұсынды, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру және оның негізгі ережелерін түсіндіру шараларын одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге, жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысын ел азаматтарының көпшілігі пәрменді президенттік вертикальді билікті сақтау қажеттігін айтып, кейбір өкілеттіктердің қайта бөлінуіне алаңдаушылық білдіріп отырғаны туралы хабардар етті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған түзетулерді талқылау барысында ел азаматтары жоғары белсенділік танытқанын айта келіп, алдағы реформаның маңыздылығы мен өзектілігін тағы бір мәрте атап өтті.

– Мемлекет құрылымына ұсынылған өзгерістер қоғамымызды демократияландыру ісін күшейтіп, халық билігінің негізін одан әрі нығайтуға, парламенттің рөлін, үкіметтің президенттік басқару нысаны алдындағы дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Реформаның түпкі мәні де осында жатыр. Бұған қоса, құқық қорғау және сот жүйесі қызметінің конституциялық негізі жаңғыртылады, конституциялық қадағалау жүйесі жетілдіріледі. Конституциялық құрылымымыздың мызғымастығына деген кепілдік те бекем бола түседі. Жақын арада Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы Парламентке талқылау үшін ұсынылатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы жұмыс тобының барлық мүшелеріне табысты және маңызды тарихи жұмыстары үшін алғыс айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің