Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын одан әрі тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын талқылауға ұсынды.
– Бұрынғы Үкімет отставкаға кетті. Осыған байланысты сіздермен жаңа Премьер-Министр Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынып отырмын. Оның мол тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қала әкімі, көлік министрі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетекшілігімен, әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында, көп жұмыс атқарылды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминнің интеграциялық бірлестіктердің жұмысына, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын айтты.
– Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылдам ұмтылуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын барысында Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері мен комитеттер төрағалары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына ұсынылған Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.