Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді. Онда әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды. Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Премьер-Министрдің тікелей басшылығымен Шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды. Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.