Қымбатты отандастар!
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде тағы бір маңызды тарихи оқиға болды.
Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құрамына енді.
Бұл Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын орган.
Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз.
Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтынын тәуелсіздік жылдарының бәрінде өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Оны баршаңыз білесіздер.
Семей ядролық полигонын жабу және қуаты жөнінен төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімімізді бүкіл жер шары біледі және қолдайды.
Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланысты.
Бұл тек біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда өкілеттілік етпеген бүкіл Орталық Азия субөңірінің де табысы.
Қазақстан алдағы екі жылға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне сайланды.
Бұл халықаралық қатынастардағы күрделі кезең болмақ. Оны бүгінгі күн ахуалына қарап-ақ көруге болады.
Дүние созылмалы жанжалдармен қатар, қауіпсіздікке қатердің бұрын-соңды болып көрмеген кең ауқымымен бетпе-бет келіп отыр.
Біз жаһандық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосатын боламыз.
Тұрақты және қауіпсіз әлем – бұл азаматтарымыз бен балаларымыз үшін аса қажетті құндылық.
Нақ сондықтан Қазақстан болашақ қазіргіден де сенімдірек және игіліктірек болуы үшін өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылатын болады.
Біз жаһандық қоғамдастықтың назарын бұған дейінгі көкейкесті бастамаларымызға аудару ниетіндеміз.
Олар ядролық қару мен соғыс вирустары және жанжалдардан азат әлем құруға бағытталған.
Қазақстан осы ізгілікті мақсаттарына БҰҰ-ның құрылғанына 100 жыл толатын 2045 жылға қарай қол жеткізу үшін жұмыс істейтін болады.
Біз менің БҰҰ-ның 2015 жылы өткен Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында жариялаған терроризмге қарсы бастамамды ілгерілетумен айналысамыз.
Қазақстан, сондай-ақ, су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге серпін беретін болады.
Осының барлығы әркімге де қатысы бар толғақты мәселелер.
Қазіргі заманғы шетін проблемаларды шешуге қатысу біздің алдымыздан көптеген елдермен және өңірлермен қарым-қатынастарымызды дамыту үшін мүмкіндіктер ашады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану – бүкіл Қазақстан халқының лайықты табысы.
Бұл – ұлт толысқандығының көрсеткіші.
Біз бейбітшілік пен ынтымақтастықтың ортақ құндылықтарын ілгерілетуге қабілетті жауапкершілігі бар мемлекет ретінде өздерінің дауыстарын Қазақстанның кандидатурасына берген барлық елге ризашылығымызды білдіреміз.
Біздің республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі өкілеттігін қамтамасыз ету жөніндегі құрметті миссиясын лайықты орындайтынына сенімдімін.
Бұл Қазақстанның әлемдегі аса дамыған мемлекеттер қатарына ену, қауіпсіз және өсіп-өркендеген болашақ құру жолындағы тағы бір тарихи қадамы болмақ. Мен барлық қазақстандықтарды еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесіндегі осы маңызды оқиғамен құттықтағым келеді. Бұл – еліміз үшін қуануға болатын лайықты оқиға.
Еліміз осынау зор сенімнің үдесінен шығып, Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы асқақтай түсеріне кәміл сенемін! Баршаңызды осы табысымызбен құттықтаймын!