Екі ел басшысының қатысуымен өткен отырыс барысында түрлі салалардағы екіжақты ықпалдастықты нығайту мәселелері, сондай-ақ «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі бағыттары қарастырылды. Н.Назарбаев Р.Ердоғанның елімізге әр сапары екі елдің қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған елеулі табыстарға толы болып келетінін атап өтті. – Осы жолғы сапар да қазақ-түрік байланыстарында терең із қалдырғаны даусыз. Түркия Қазақстанның ең жақын әрі сенімді серіктестерінің бірі болып саналады. Елдеріміздің ортақ тарихқа, тіл мен рухани қазынаға негізделген қарым-қатынасы қызу қарқынымен ерекшеленеді, – деді Мемлекет басшысы. Отырысқа қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін және оны болашағы бар бағыттар бойынша бірлескен жобалар арқылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.