National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді

2013 жылғы 27 қараша

 

Кеңеске Премьер-Министр С.Ахметов, Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ғ.Әбдірахымов, Бас прокурор А.Дауылбаев, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, Ақмола облысының әкімі Қ.Айтмұхаметов қатысты.   

Нұрсұлтан Назарбаев жақында «Астанабасжоспар» ҒЗӨИ» ЖШС-ны аралау барысында елорданы дамыту мәселесі қаралғанын атап өтті.

– Қала тұрғындары көбейіп, 900 мыңға жетті, ал біз бұл көрсеткішке 2020-2030 жылдары жетеміз деп жоспарлағанбыз. Осыған байланысты қала құрылысы халықтың қарқынды өсуіне ілесе алмай отыр, соның салдарынан түрлі қиыншылық туындауда. Әрине, біз еліміздегі барлық қаланың дамуы үшін жұмыс жасаймыз, бірақ елордаға ерекше назар аударылуға тиіс. Биылғы көктемде мен кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар бердім. Мен олардың іске асырылу барысымен таныстым, алайда алдымызға тиісті шешімдер қабылдау қажет болатын жаңа міндеттер қойылып отыр, – деді Қазақстан Президенті.            

Мемлекет басшысы қала бойынша аумағы 7000 гектар 188 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді.

–   Бас прокуратураның мәліметі бойынша, 11 мың гектар жер әлі күнге дейін игерілмеген және қайтарылмаған. Құрылыс үшін 711 жер телімі берілген, бірақ ол жұмыс жүріп жатқан жоқ. Бұл жерлер не себепті қайтарылмай отыр? Көп сылтау айтылады. Қала әкімдігі 2008 жылдың өзінде жерді оны бастапқы құны бойынша мемлекетке беруге дайын пайдаланушылармен ниет шарттарын жасасқан. Бір кездері жер телімдері арзан бағамен сатып алынған, ал құрылыс салу уақыты келгенде ол жер телімдері үшін жоғары баға талап етіп, мемлекетке тиесілі жерден көп ақша жасап отыр. Мұндай бассыздықты тоқтату керек. Бұл адал жолмен келген ақша емес. Жер иелеріне бір кездері жұмсаған қаражатының заң бойынша қайтарылуы басқа мәселе. Ал мемлекет мұқтаждығы туралы мәселе қойылғанда, жер қайтарылуға тиіс. Бізде барлық заңнамалық мүмкіндік бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.          

Қазақстан Президенті бұл мәселе Алматыға да қатысты екендігін атап өтіп,  жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін оны жалғастыруды тапсырды. 

Мемлекет басшысы елордаға іргелес аудандарда жер мәселелеріне қатысты тәртіп жоқтығын, соның салдарынан аумақты өз бетімен басып алудың кездесіп жататынын атап өтті.

– Астана маңындағы жерлерді игеру жүйесіз жүргізілуде. Адам саны қазірдің өзінде 2015 жылға болжанған межеден асып барады. Бүгінде онда 156 мың адам тұрып жатыр, ал жер телімдерін алу кезегінде 175 мың адам тұр. Азаматтарға 10 сотық жер тиесілі екендігін пайдаланып, адамдар өтініш беруде. Бірақ ол жерлерді коммуникация жүргізілген жерлерден ғана беруге болады. Егер жерлер дайын болмаса, онда ол пайдалануға берілмеуге тиіс. Бұл тұста тәртіп орнату қажет. Сондықтан мен Астана айналасындағы 30 шақырымдық аймақтан жер телімдерін беруге мораторий жариялаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Бұған қоса, Қазақстан Президенті Ақмола облысының әкіміне елорданың маңында орналасқан барлық елді мекеннің бас жоспарына түзету енгізуді, ал Бас прокурорға – Астанадағы қылмыстық ахуалға талдау жасап, құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтуді тапсырды.

Мемлекет басшысы өзіне ұсынылған есепте елордадағы тұрғын үй бағасына жасалған талдауға да назар аударды.

– Орташа алғанда, бір шаршы метрдің бағасы өз құнынан 2-3 есе артық. Мысалы, өзіндік құны 1000 доллар болатын «Еуропа Палас» тұрғын үй кешенінде пәтердің шаршы метрі 3,5 мың долларға сатылуда. «Хайвилл» тұрғын үй кешенінде өзіндік құн 1,5 мың доллар, ал баға қазір 4-5 мың долларға жеткен. Өзіндік құн 1300 доллар болатын «Париж кварталында» пәтерлер 5 мың доллардан сатылуда. Бұл – тым шарықтап кеткен баға. Бірақ «Еуропа Палас» тұрғын үй кешенін салған компания бар болғаны 1,6 миллион теңге салық төлеген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бұл мәселені шешуге кешенді түрде келген жөн екеніне тоқталды.

– Бұл салада бағаны көтерген цемент өндіретін кәсіпорындардың арасында ымыраластық бар. Бәсекелестікті қорғау агенттігі бұған неге қарамайды? Табыс та болуы тиіс, бірақ 5-6 есе емес қой. Ешкім мониторинг жүргізбейді. Бұл мәселені Астана ғана емес, еліміздің өзге де өңірлері бойынша қарау керек. Тиісті мемлекеттік органдар осымен айналысуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қала құрылысы қарқынды жүргізілген алғашқы жылдары көптеген ғимараттың сапасыз материалдармен қапталғанын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Президенті елорданың эстетикалық безендірілуі мәселелеріне назар аударуды тапсырды.

Сондай-ақ, Астанада көлік санының көбеюі проблемасы артып келеді. Мемлекет басшысы француздық компаниялармен елордада жеңіл рельсті көлікті іске қосуға қатысты келіссөздер жүргізілгенін айтты.

– Олардың тарапынан тым жоғары баға, 300 млрд.-тан астам теңгеге ұсыныс болды, ол біздің көңілімізден шыққан жоқ. Сондықтан қала әкімдігі жоғары жылдамдықтағы автобус бағыттарына арналған жолақтар бөлу түріндегі балама нұсқаны қарастыруды ұсынып отыр. Бұл жобаның бірінші кезегі әлдеқайда аз шығынды қажет етеді, сондықтан оны енгізумен айналысу жөнінде шешім қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес барысында Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов интеллектуалды көлік жүйесінің әзірленуі туралы хабардар етті. Ол 2016 жылы енгізіледі және қаладағы барлық көлік ағынын автоматты режімде реттеуге мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ, Астана қаласының әкімі 1-Жылу-энергия орталығын қайта жөндеуден өткізу және 2-Жылу-энергия орталығы құрылысының  барысы туралы баяндады.

Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімі Қ.Айтмұхаметов Астананың айналасында «азық-түлік белдеуін» қалыптастыру жұмыстары туралы хабардар етті.

Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамытуға, қаланы абаттандыруға және жылу беру маусымын ойдағыдай өткізуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.      


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің