Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың басшылары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында отандық бизнес пен инвестицияны дамытудың маңызды мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті кәсіпкерлік экономиканың нақты қозғаушы күші екенін атап өтті.
- Шағын және орта бизнес – орта таптың берік іргетасы. Жалпы алғанда, бұл секторда оң қарқын байқалып отыр: өткен жылдың қорытындысы бойынша бизнеспен айналысатындар саны 8 пайызға артып, 2,6 миллион адамға жетті, ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнімдер 9 триллион теңгені құрап, жылдық өсім көрсеткіші 3,3 пайыз болды, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар оң үрдістермен бірге жағымсыз жайттар да орын алып отырғанын атап өтті.
- Соңғы жылдарда экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі ішкі жалпы өнімнің 17 пайызы деңгейінде тоқтап тұр. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны көп екеніне қарамастан, республикалық бюджет төлемінің 70 пайызын небәрі төрт жүз салық төлеуші ғана қамтамасыз етті. Ал бұл барлық бизнесмендердің 0,2 пайызы ғана. Негізгі капиталға деген ішкі жеке инвестицияның өсу қарқыны ішкі жалпы өнімнің өсу қарқынынан қалып келеді. Егер дағдарыс кезеңіне дейін олардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 18,4 пайызды құраған болса, 2013 жылдың қорытындысы бойынша небәрі 13 пайызды құрады. Шетелдік тікелей инвестициялар ағыны 2013 жылы 9,7 миллиардты құрады, бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 4 миллиардқа кем, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы негізгі міндет бизнеске Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері деңгейінде жағдай туғызу болып отырғанына және бұл үшін кешенді шаралар қабылдау, атап айтқанда, мемлекеттік реттеуді анағұрлым жақсарту қажеттігіне тоқталды.
- Мен бұл бағыттағы түбегейлі шаралар туралы жарлыққа қол қойдым. Бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. 2015 жылдан бастап жоспарлы тексерулер өткеннің үлесінде қалуға тиіс. Біз мұндай мораторийді бірінші рет енгізіп отырғанымыз жоқ. Бірақ оны жойған кезде қайтадан шағым қаптап түседі. Бұл мәселеге қайта оралмау үшін Үкімет менің Жарлығымды сапалы орындағаны жөн, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті биылғы жылы рұқсат беру және ескерту жүйесін түбегейлі жеңілдететін заң қабылданатынын, сондай-ақ, рұқсат беруді автоматтандыру аяқталатынын айтты.
- Осыдан бастап нормативтік құқықтық актілердің барлық жобалары бизнеске қатысты реттегіш ықпалды анықтау үшін сынақтан өткізіледі. Мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық бизнестік үдерістеріне жан-жақты талдау жүргізу керек. Бұл жұмысты Кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдіктерін қатыстыра отырып, жергілікті жерден бастау қажет. Әкімдіктер оларға толық қолдау көрсетуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жергілікті органдармен бірге Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен іс-қимыл регламентін бекітуді тапсырды.
- Палата бизнесмендердің құқықтары мен мүдделерін сақтауға белсене қатысуға тиіс. Мұны мәселен, Президенттің бизнесті қорғау сайтына түскен шағымдарды қарау кезінде палатаның қатысуын қамтамасыз етуден бастаған жөн. Бұл ахуалды мемлекеттік органға тәуелсіз бағалауға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанда бизнес-омбудсмен институты енгізіліп жатқанын, өндіріске немесе елдегі инфрақұрылымдық жобаларға айтарлықтай қаржы салатын ұлттық инвесторлар оның жеке қорғауында болуы тиістігін еске салды.
Қазақстан Президенті сондай-ақ экономиканы дамытуға Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінетінін атап өтті.
– Тек биылдың өзінде экономикаға 500 миллиард теңге бөлінеді. Соның 100 миллиард теңгесі шағын және орта бизнеске, 250 миллиард теңгесі проблемалы несиелерді шешуге, 150 миллиард теңгесі индустрияландыру жобалары мен олардың инфрақұрылымдарына жұмсалады. Бұл қаражат келесі аптада бөлінеді. Комиссия құрылып, аталған қаражаттың жұмсалуын қадағалайтын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ қолжетімді теңге нарығын дамыту үшін ынталандыру пакетін әзірлеуді, яғни қаржы секторын долларсыздандыруды және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активі секілді ішкі инвестиция көздерін іске қосуды тапсырды.
– Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, 1 маусымға дейін Қор активтерін инвестициялау, соның ішінде банктерге ұзақмерзімді депозиттер салу арқылы инвестициялау стратегиясын әзірлеуді тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап табысты жаппай жариялау, оның соңын ала шығыстарды жаппай жариялау енгізілетіні туралы еске салды.
– Бұл шара экономикамыздың үлкен бөлігін «көлеңкеден» шығаруға септігін тигізеді және бізді дамыған елдердің экономикалық транспаренттілік деңгейіне жақындатады. Көлеңкелі экономика – орнықты дамудың бірінші жауы және сыбайлас жемқорлықтың жақсы жолдасы. Сөйте тұра, барлық дамыған экономикалар табысты жаппай декларациялау үдерісін тек ХХІ ғасырдың басында ғана аяқтап, жолға қойды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік тәжірибеде табысты жаппай жариялауды енгізер алдында капиталды жаппай амнистиялау жүргізілетінін атап өтті.
– Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, капиталды амнистиялау туралы заң жобасын әзірлеуді және менің қарауыма биылғы 1 маусымға дейін енгізуді тапсырамын. Біздің алдыңғы талпыныстарымыздан айырмасы, бұл акция табысты жаппай жариялауды енгізгенге дейін жалғасуы тиіс. Жеделдікті, құпиялылықты, нарықтылықты және бағдарламаның әділдігін қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қуатты кәсіпкерлікті дамыту үшін қазақстандық бизнеске жаңа экспорттық нарықтар керек екендігін атап өтті. Сондықтан экономикалық интеграция шешуші мәнге ие болады.
– Біз бұған саналы түрде келе жатырмыз. Бүгінде ешкім тұйық кеңістікте өмір сүрмейді. Егер ресейлік нарық бізге барлық бағыттар бойынша ашылатын болса, еліміздегі өнім шығару уақыт өте келе 8 есеге ұлғаяды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қалыптасқан кәсіпкерлік ортаның маңызды белгісі өзін өзі реттеуге қабілеттілік болып саналатынын атап айтты.
– Палата тиісті заң жобасын әзірлеуге белсене араласуы қажет. Мемлекет өз кезегінде өзін өзі реттейтін ұйымдарды бақылауды жүзеге асыра отырып, нарықтың барлық субьектілерін қадағалаудан бас тартуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы дағдарыс уақытында мемлекеттің экономикаға қатысуын ұлғайтуға мәжбүр болғанын еске салды.
– Қазір жеке сектордан шығатын уақыт келді. Сол себепті біз жекешелендірудің екінші толқыны туралы мәлімдедік. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы үдеріске белсене қатысып, оның ашықтығын қамтамасыз етуі және қосымша серпін беруі тиіс. Мемлекеттің нарықтық ортаның қай тұсында және қалай қатысатындығының айқын көрінісі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі көптеген бизнесмендер үшін зор мүмкіндіктер жолын ашуы тиістігін атап өтті.
- Алдын ала бағалау бойынша, ЭКСПО құрылысының бірінші кезеңінде миллион метр кабель өнімі, жарты миллион тонна цемент, көп көлемде арматура, кірпіш қажет болады. Осының бәрін біз өзіміз өндіре аламыз. Сондықтан «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясына және кәсіпкерлер палатасына бизнестің көрмені дайындауға қатысуының арнаулы бағдарламасын бірлесіп әзірлеуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы қазір индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңін әзірлеу аяқталып жатқанын хабарлады.
- Біздің дәстүрлі салаларымызды – мұнай-газ, тау-кен металлургиясы салаларын және ауыл шаруашылығын дамытқан жөн. Дәл осы салаларда біздің салыстырмалы экономикалық басымдықтарымыз бар. Мақсат – осы салаларды бәсекеге қабілетті және өнімділігін жоғары ету. Сондай-ақ, өңдеуші өнеркәсіпті, бірінші кезекте мұнай өңдеуді, мұнай химиясын, машина жасауды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, тамақ өнеркәсібін дамыту маңызды. Негізгі міндет – дәстүрлі салалардың базасында экономикамызды әртараптандыру, - деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, басты бағыттар ретінде Нұрсұлтан Назарбаев туризм және қызмет көрсету секторын дамытуды, ғылымды қажетсінетін экономика үшін негіз қалыптастыруды атады.
Қазақстан Президенті қойылған барлық міндеттерді орындау үшін жоғары білікті техникалық мамандардың қажет болатынын атап өтті.
– Бүгінде жоғары оқу орындарының студенттері мен техникалық өндірістік білім беруді ұйымдастырудың ара қатынасы – 50/50, ал экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш әдетте – 40/60. Егер біз техникалық мамандарды жеткілікті даярламайтын болсақ, индустрияландыру ісінде табысқа жете алмаймыз. Дүниежүзілік банктің 192 ел экономикасын зерттеу негізіндегі мәліметтері бойынша, тек 16 пайыз экономикалық өсімді нақты капитал береді, 20 пайызы табиғи, ал 64 пайызы адами ресурстарға байланысты болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы осыған байланысты кәсіби және техникалық білім беруге ең озық әлемдік стандарттарды енгізу қажеттігіне тоқталды.
– Кәсіби техникалық білім берудің қолданыстағы жүйесін толығымен дуальды білім беру жүйесіне көшіру қажет. Жаңа инфрақұрылымды және Қазақстандағы жетекші колледждер желісін дамыту керек. Бұл – білім және ғылым министрлігінің, компаниялардың және жалпы Үкіметтің міндеті. Ұлттық палата бұл реформаның негізгі қатысушысы болуға тиіс, оны түлектердің сапасын тәуелсіз бағалаудан бастауы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев салалық қауымдастықтар жанынан жұмыс берушілердің арнаулы орталықтарын, сондай-ақ ауылдық елдімекендерден шыққан, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін бизнес-мектептер ашу қажеттігін айтты.
– Ұмытыла бастаған жүйені – қалыптасқан бизнесмендердің тәжірибесін жаңа бастағандарға үйретуді қайта жаңғырту қажет. Бұл да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір түрі болып саналады, – Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Үкімет пен Палата жүргізіп отырған барлық жұмыс Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу» рейтингі аясында бағаланатынына назар аударды.
– 2016 жылы сол рейтингтегі алғашқы отыз елдің қатарына кіру міндетін қоямын. Бізде проблемалы екі сала бар – құрылыс және халықаралық сауда. Мысалы, «Халықаралық сауда» көрсеткіші бойынша біз ең соңғы орынның біріндеміз. Кедендік әкімшіліктендірудің қолданыстағы жүйесі түбегейлі реформалауды талап етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына айтылған бағыттар бойынша бірыңғай бағдарлама дайындауды, оны қажетті қаржыландыру жайын қарастыруды және Палатаны бірыңғай оператор ретінде белгілеуді тапсырды.
Отырыс кезінде кәсіпкерлікті дамыту, бизнестің ахуалын жақсарту жұмысы жөнінде, сондай-ақ Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев баяндама жасады.
Бұдан бөлек, негізгі мәселелер бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов, ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Р.Ошақбаев, «Халық Банк» ААҚ басқарма төрағасы Ү.Шаяхметова, «Қазавтобизнес» қауымдастығының президенті, «Аллюр Автоның» бас директоры А.Лаврентьев, сондай-ақ «Ютария ltd» ЖШС бас директоры С.Шәуенова сөз сөйледі.