Кеңеске Премьер-Министр Б.Сағынтаев, Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдар басшылары қатысты.
Қазақстан Президенті «100 нақты қадам» ұлт жоспарының іске асырылуы заңның үстемдігі қағидатын нығайтуға, мемлекеттік қызмет сатыларынан өту жүйесін жетілдіруге, бизнестің дамуына жағдай жасауға, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ азаматтар алдында есеп беретін ашық Үкімет қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
– Бұл бес тармақтың орындалуы Қазақстанның дамыған 30 ел қатарына қосылу кезеңі болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы мемлекеттік қызметшілерді қызмет нәтижелері бойынша көтермелеудің бонустық жүйесіне көшудің маңыздылығын, Әдеп кодексінің мүлтіксіз орындалу керектігін, өзге өңірге қызмет ауыстыру барысында мемлекеттік қызметкерлерді жекешелендіруге жатпайтын қызметтік баспанамен қамтамасыз ету ісін жандандыру қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы конкурстық іріктеу негізінде мансаптық ілгерілеудің маңызды екеніне тоқталып өтті.
– Төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкердің конкурс бойынша ілгерілеуі меритократия қағидатын нығайтудың қазіргі тиімді тетігі отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау барысында конкурстық рәсімдерді қолдану қажеттігіне назар аударды.
– Полицияның елімізде қалыптасқан келбеті өзгеруге тиіс. Қызметкерлер азаматтардың сеніміне ие болып, олардың қызметі ең алдымен халыққа көмек көрсетуге бағытталуға тиіс, – деді Елбасы.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жергілікті полиция қызметінің құзыретін белгілеп, олардың есептілігіне қатысты еліміздің құқық қорғау органдарын жаңғырту мәселелерін қосымша тағы пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығы жанынан Халықаралық арбитраждық орталық құру жөніндегі жұмыстарды тездету керектігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторларды тартудың, сондай-ақ республика бойынша өндіріс күштерін жүйелі түрде бөлудің айрықша мәні бар екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Елбасы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөнінде жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығына тоқталды.
– Мен осы мәселенің шешіміне қатысты ерекше түсіністік танытқандарыңызды қалаймын. Қазіргі кезде қиындықтар бар екеніне қарамастан, бұл – өте прогрессивті бағыт. Халық арасында тиісті дайындық өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Кейбір қадамның іске асырылуын талқылау барысында Қазақстан Президенті Үкімет пен басқа да мүдделі органдар жұмысындағы кемшін тұстарды атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Елбасы Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын ішкі туризмнің басымдығы бар бағыттарын ескере отырып жаңартуды тапсырды.
– Өңірлік туризмді ілгерілету үшін барлық күш-жігерді жұмылдыру қажет. Бұл экономикамыз үшін де, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту үшін де маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті «Үкімет – азаматтар үшін» бағдарламасы арқылы халыққа көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру жөніндегі жұмыстарды да одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев кеңеске қатысушыларға Ұлт жоспарының барлық бағыты бойынша жұмысты ілгерілетіп, бақылау жүргізуді күшейту қажеттігін айтты, сондай-ақ басшылардың дербес жауапкершілігі жөнінде ескертті.
Соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикасы үшін маңызды жетістіктерге қол жеткізу және еліміздің әр азаматының әл-ауқатын арттыру Ұлт жоспары мен басты мемлекеттік бағдарламалардың түпкі| мақсаты болып саналатынын айтты.