Кеңесте Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың негізгі бағыттары қаралды.
Елбасы тиісті заң жобаларын Парламенттің күзгі сессиясы басталғанға дейін қарауға енгізу үшін жан-жақты пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Президентінің айтуынша, мемлекеттік аппарат реформасының басты нәтижесі оның жұмыс тиімділігін арттыру, кадр саясатында меритократия тетіктерін енгізу болуға тиіс.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал ететін ілкімді фактор ретінде мемлекеттік қызметшілердің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлген жөн екенін айтты.
Сонымен қатар сот жүйесінің инстанцияларын оңтайландыру, судьялар корпусына үміткерлерге қойылатын талапты қатайту, алқа билер сотын қолдану саласының аясын кеңейту жөніндегі шаралар талқыланды. Мемлекет басшысы әлемдік тәжірибені дәйекті түрде зерделеуді және Астанада халықаралық арбитраж орталығын құру үшін қажетті шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.
Ұлттық комиссия сондай-ақ республикада инвестициялық тартымдылықты арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету арқылы қолайлы бизнес ахуалын қалыптастыру мәселелерін де талқылады.
Қазақстан Президенті мемлекеттің табысты дамуына сараланған және тиімді экономикалық саясат негіз болатынына назар аударды. Елде экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Атап айтқанда, негізгі мемлекеттік бағдарламалар – индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Нұрсұлтан Назарбаев салық, тариф, инвестиция салаларында жасалып жатқан қадамдарға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін, бұл олардың даму бағытын түбегейлі өзгертуі тиістігін айтты. Мемлекет басшысы экономиканың орнықты өсуінің негізгі көзі болып табылатын шағын және орта бизнеске қажетті жағдай жасау мәселесіне айрықша көңіл аударды.
Қазақстан Президенті болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру аясында халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын ілгерілетуге айрықша орын берілетінін айтты. Сонымен қатар, елді халықаралық қоғамдастыққа таныту жұмыстарын одан әрі жалғастыру да маңызды. Мемлекет басшысы Қазақстанның зор туристік әлеуетін жүзеге асырудың, тиісті инфрақұрылымдар жасаудың, сапалы жобалар әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, транспарентті және есеп беруші мемлекет құру негізгі реформалардың бірі болып саналады. Қазақстан Президенті мемлекеттік биліктің ашықтығын қамтамасыз ету, оның халықпен өзара іс-қимыл қағидаттарын азаматтардың мұқтаждықтарын қанағаттандыру мәселесіне мейлінше кәсіби тұрғыдан қарауды қамтамасыз ету үшін қайта қалыптау қажеттілігін айтты.
Қазақстан Президенті Бес реформа және Ұлт жоспары «100 нақты қадамды» жүзеге асыру жөніндегі барлық жұмыс оны бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде түсіндіру және жариялап-көрсету ісімен қатар жүруі тиістігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, реформалар әрбір азаматты қамтитындықтан, жұрт елдің қандай бағытта дамып жатқанын білуі және оған белсене қатысуы тиіс.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сарапшылық қоғамдастық, азаматтық институттар қазірдің өзінде талқылаулар мен пікірталастар арқылы Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселесіне сындарлы ұсынымдар мен ұсыныстар енгізуі тиіс. Президенттің пікірінше, мұндай жұмысты орталықта ғана емес, өңірлерде де жүргізген жөн.
Кеңес барысында жұмыс топтарының мүшелері Ұлттық комиссияның қазіргі қызметі туралы баяндама жасады.
Мемлекет басшысы кеңес қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.