National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

«Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» қолдаған хаттар мен жеделхаттар

2015 жылғы 26 тамыз

 

Мемлекет басшысының атына елдің барлық өңірінен Қазақстанның бұдан арғы қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық даму үдерісінде басшылыққа алынар негізгі құжатқа айналуы тиіс Ұлт жоспарына бірауыздан қолдау білдірген көптеген хаттар келіп түсті.

Атап айтқанда, Астана қаласының этно-мәдени және қоғамдық бірлестіктері «100 нақты қадам» жоспарының тиімді жүзеге асырылатынына сенім білдірген және бұл шара халықтың тұрмыс деңгейін көтеріп, елдің әрі қарай дамуына жағдай туғызатынын айтқан.

«Біз оны Қазақстан үшін оңтайлы бағдарлама деп ойлаймыз, өйткені ол қоғамдық-саяси және экономикалық қызметтің барлық қырын қамтып, елімізді жаңа биіктерге жеткізеді», – деп жазады авторлар.

Мемлекет басшысының таңдаған даму бағдарына ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер мен мәдени орталықтардың мүшелері, сондай-ақ Алматы, Талдықорған, Қапшағай қалаларының және Алматы облысының бірқатар аудандарының тұрғындары қолдау білдірген. Олар «бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» елдің мүмкіндіктерінен туындайтынын және нақты айқындалған мақсаттарға бағытталғанын, ал бұл мақсаттарға жүйелі қол жеткізу Қазақстанды әлемнің барынша дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосатынын атап көрсеткен.

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы Ш.Асиев елде әзірленген бағдарламалық құжаттар қойылған міндеттерді нақты шешу жолдарын көрсететінін атап өткен.

«Қазақстанның дамуын әлемнің барлық елдері көріп, тәнті болғандарын жеткізуде. Президент ішкі және сыртқы саясатты дұрыс жүргізе отырып, әлемнің барлық мемлекеттерімен қарым-қатынасты жолға қоя білді. Баршаға арналған заманауи мемлекет құру – стратегиялық жоспар. Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» жүйелі жүзеге асырылатын және елді гүлденуге жеткізетін  нақты іс-қимылға шақырады», – делінген хатта.

Қолдау білдірген хаттар Атырау облысының этномәдени бірлестіктері өкілдерінен де келді. «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі З.Бобохидзе Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамды елдің бәсекелестік қабілетін арттыру және әлемнің барынша дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылу жөніндегі ортақ мақсат жолында біріккен біртұтас халыққа ұйыстырудағы маңызды рөліне назар аударған.

«Қазақстанның халықаралық аренадағы орны барған сайын нығайып келеді. Бүкіл әлем Қазақстанның даму жолының артықшылығын мойындады», – деп атап өтілген хатта.

Жамбыл облысының жоғары оқу орындарының студенттері, қоғамдық және этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де Ұлт жоспарын қолдап хат жазды. Олар Қазақстанның барлық сын-қатерлерді абыроймен еңсеріп қана қоймай, дамудың жаңа деңгейіне шығатынына сенімді екендерін айтқан.

Жамбылдық «Манас Ата» этномәдени бірлестігінің төрағасы М.Намазалиева Қазақстан халқының озық құндылықтарын – жігерлілікті, еңбекқорлықты және мақсаткерлікті нығайтудың маңыздылығына назар аударған.

«Қазақстандық біртектілік елдің тарихи даму үдерісі барысында қалыптасады. Ортақ мақсаттар, мемлекетімізді гүлдендіруге бағытталған ұмтылыс пен жұмыс біздің жеріміздегі татулықты, саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі тетіктерге айналады», – делінген хатта.

Көптеген хат легі Қарағанды облысынан келді. Айталық, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті А.Тен Ұлт жоспары ілгерішіл жастар үшін айқын бағдар екеніне тоқталған.

«Қазақстанның жас азаматтары үшін мақтануға лайықты, елімізде оқуға және өмір сүруге қажеті жағдайдың бәрі бар. «100 нақты қадам» – менің болашаққа құрған жоспарым екенін жақсы білемін. Осы жүз қадам іс жүзінде жастардың жүз мың қадамын білдіреді. Бұл біздің өрлеу жолымыздың бастауы әрі менің барлық қатарластарыммен бірге көтерілгім келетін баспалдақ», – деп жазады автор.

Теміртау қаласының түрлі этностардан құралған тұрғындары, ардагерлері, зиялы қауымы мен жастар өкілдері де Мемлекет басшысы ұсынған «Ұлт жоспарына» қолдау білдірді. Олар қазақстандықтардың әрбір қадамды жүзеге асыра отырып, бәсекеге қабілетті бола түсетінін атап өткен. Олардың пікірінше, азаматтар елдің алдына қойылған биік мақсаттарға қарай  бірге қадам басуы тиіс, өйткені бірлік іс-қимылдың табысты болуының кепілі саналады.

Олардың сөзіне Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Сарань және Приозерск қалаларының және облыс аудандарының жұртшылық өкілдері, сондай-ақ Балқаш мыс қорыту зауытының еңбек ұжымы да қосылады.

Қызылорда облысынан келіп түскен хаттарда ұйымдардың басшылары мен еңбеккерлері, білім және ғылым саласының өкілдері, оқушылар мен жастар, Қызылорда қаласы мен өңір аудандарындағы қоғамдық бірлестіктер мүшелері Ұлт жоспарында белгіленген реформалардың табысты іске асырылуы әрбір қазақстандықтың нақты іс-әрекетіне байланысты екенін айтады. Сондай-ақ авторлар «Мәңгілік Ел» идеясына, оның жүзеге асырылуының Қазақстан халқының бірлігі үшін, білімді және патриот жас буынды тәрбиелеу үшін зор маңызы бар екеніне айрықша назар аударған.

Маңғыстау облысының тұрғындары, қоғамдық бірлестіктердің, этномәдени орталықтардың, зиялы қауымның өкілдері, түрлі кәсіпорындардың жұмысшылары, жастар елдегі денсаулық сақтау және білім беруді қоса қамтитын маңызды әлеуметтік салалардың жүйелі дамуына назар аударған. Авторлар осы оң өзгерістер жалғасын табатынына және мемлекетіміздің іргесін одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірген.

«Алан» осетин этномәдени бірлестігінің төрағасы Ф.Биркле өз хатында Ұлт жоспары тұрақтылықты және азаматтардың тең құқықтылығын нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрауға, елдің бет-бейнесінің өзгеруіне септігін тигізетінін және жаңа стандарттар қалыптастыратынын атап көрсеткен. 

«Сіз ұсынған реформалармен танысқаннан кейін ертеңгі күнге деген сенімділіктен туындайтын шуақты сезім пайда болды. Өйткені, қуатты, еркін, өркендеуші мемлекетте тұру зор бақыт қой», – делінген хатта.

Қолдау сөздері мен лебіздерін Павлодар облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, білім беру саласының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының  студенттері мен оқытушылары да жолдады.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Бірлік» студенттік ассамблеясының төрағасы Р.Смайылов «100 қадам» жоспарының жүзеге асырылуы жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік тудыратынына сенім білдірген.

«Мектеп оқушылары мен студенттерден бастап зейнеткерлерге дейінгі көпшілік арасында «100 қадам» жоспарына жан-жүрегімен сенетін мен сияқты жандар өте көп. Олардың бәрі біздің ұлы өзгерістер жолымен жүріп келе жатқанымызды, Президентіміздің соңынан ұлы жеңістерге қарай қадам басып келе жатқанымызды біледі», – деп жазады автор.

Көптеген хаттар мен жеделхаттар Солтүстік Қазақстан облысынан келіп түсті. Мәселен, Петропавловск қаласының тұрғыны С.Абдуллина «100 нақты қадам» бастамасына қолдау білдірген.

«100 қадам Қазақстан үшін күрделі сынақтар кезеңінен батыл өтуге,  «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру жолынан ауытқымауға және мемлекеттілікті нығайтуға мүмкіндік беретін орнықтылық қорын қамтамасыз етеді деп санаймын», – делінген хатта. 

Сонымен қатар өз хаттарын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, Рузаев аграрлық-техникалық колледжінің, Ленинград ауыл шаруашалығы колледжінің оқытушылар мен оқушылары, білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, Петропавловск қаласы мен облыс аудандарының этномәдени және қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері де жолдады. Авторлар Қазақстанның дамуында жаңа өзгерістердің болашақта маңызды рөл атқаратынына және міндетті түрде еліміз табыстарға жететініне сенім білдірген.

Хат-хабардың ауқымды бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысынан келіп түсті. Сайрам ауданының тұрғыны, Қазақстан Республикасы ағарту ісінің үздігі Х.Әбдіқадырова Ұлт жоспары дамудың стратегиялық жаңа міндеттерін нақты айқындап, мемлекетіміздің лайықты болашағына деген сенім ұялататынын айтады.

«Әрбір қадам – Президенттің нақты практикалық тапсырмасы. Біздің әрқайсымыз, әр қазақстандық осы маңызды 100 қадамды өз мамандығында, жұмыс орнында, қоғамдық өмірде, отбасында бүкіл елмен бірге жүзеге асырып, өз басынан өткеруге тиіспіз. Қазақстан өзінің көшбасшысы қойған мақсаттарына жетеді деп сенемін, өйткені бұған дейінгі барлық жоспарлар орындалды», – делінген хатта.

Облыстың және Шымкент қаласының әртүрлі этномәдени бірлестіктерінің мүшелері қазақстандық біртектілікті нығайтып, біртұтас азаматтық қоғам қалыптастыруға жағдай туғызатын, септігін тигізетін «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасына арнайы тоқталып өткен.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің