Мемлекет басшысы аты аңызға айналған балуан Ә.Айқановтың Қазақстан халқының мақтанышы болғанын атай отырып, көңіл айтты. «Ол бұрынғы Кеңес Одағының ауқымында ғана емес, көптеген халықаралық жарыстарда жеңімпаз атану арқылы зор жетістіктерге қол жеткізген аса үлкен дарын иесі еді. Ә.Айқанов өз жеңістері арқылы халқымыздың рухын көтеріп, жастардың спорттың осы түрімен айналысуына ықпал етті. Көптеген жас оған еліктеп саламатты өмір салтын ұстануға, қажырлы, қайратты болып өсуге талпынды. Білікті бапкер ретінде де көптеген даңқты спортшыларды тәрбиелеп, өсірді. Спорттағы жетістіктері үшін құрметті атақтар мен марапаттарға ие болды», – делінген жеделхатта. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ә.Айқановтың есімі мен еңбегін қазақстандықтар ұмытпайтынын атап өтті.