National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Еліміздің Ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай келіп түскен хаттар мен жеделхаттар

2014 жылғы 22 желтоқсан

 

Қазақстан Президентінің атына шетелдік мемлекеттер басшыларынан, шетелдің және Қазақстанның мемлекеттік, қоғамдық және іскерлік құрылымдары жетекшілерінен, зиялы қауым өкілдерінен, сондай-ақ Қазақстан мен таяу шетелдердің қарапайым азаматтарынан көптеген құттықтау хаттар келіп түсті.

Авторлар республиканың егемендік жылдарындағы қарқынды дамығанына, ауқымды экономикалық және саяси өзгерістерге, халықтың табысы ұлғайып келе жатқанына, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренада зор беделге ие екендігіне тоқталған.

Ресей Федерациясының Президенті В.Путин екі елдің арасында достық, серіктестік және тату көршілік қарым-қатынас орнағанын атап өткен.

«Еуразиялық экономикалық одақтың іске қосылуына байланысты Ресей мен Қазақстанның түрлі бағыттағы ынтымақтастығының жаңа перспективалары ашылуда. Бірлескен күш-жігер арқылы біз өзара тиімді байланыстарды екіжақты және көпжақты форматтарда бұдан әрі де тиімді өрістете беретінімізге сенімдімін», – делінген жеделхатта.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өткен.

«Бүгінде Қазақстан мен Қытай қатынастарының дамуында жаңа үрдіс сақталып отыр, екі елдің ынтымақтастығы барлық бағыттар бойынша жан-жақты дамып келеді. Біз елдеріміздің игілігі үшін Қазақстан-Қытай стратегиялық серіктестігін жаңа сапалы деңгейге көтеруге дайынбыз», – делінген хатта.

Мемлекет басшысының атына өз құттықтауын жолдаған АҚШ Президенті Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевқа бейбітшілік пен өркендеуді нығайтудағы Қазақстанның кемел көшбасшылығы үшін ризашылығын білдірген.

«Өңірдегі экономикалық және адами байланыстарды қалыптастырудағы сіздің үлесіңіз және қару таратпау ісіндегі орнықты ұстанымыңыз жоғары бағаланады. Штаттар біздің серіктестігімізді және адамзатқа төнген сын-қатерлерге, мейлі ол климаттың өзгеруіне, аурудың таралуына немесе лаңкестікке қарсы болсын, бірлескен жұмысты әрі қарай дамытуға пейілді», –делінген хатта.

Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель Мемлекет басшысы атына жолдаған құттықтау хатында Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастардың бұдан әрі дами беретініне сенім білдірген.

Ал Германия Федеративтік Республикасының Президенті Й.Гаук Еуропа мен Орталық Азия арасындағы қатынастарды нығайтуда, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуде Қазақстанның маңызды рөл атқаратынын атап көрсетеді.

«Германия сенімді серіктес ретінде Қазақстанның жоспарларын жүзеге асыруына алдағы уақытта да қолдау көрсететін болады», – делінген хатта.

Швейцария Конфедерациясының Президенті Дидье Буркхальтер өз хатында Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке тілейді, сондай-ақ екі ел арасындағы достық қатынастар келер жылы да жалғасатынына сенім білдіреді.

Беларусь Республикасының Президенті тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз мемлекеттілігін нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық дамуда таңғаларлық табыстарға жетіп, халықаралық аренада мойындалғанына тоқталған.

Өзбекстан Республикасының Президенті И.Кәрімов өзбек-қазақ қарым-қатынастары алдағы уақытта да екі ел халықтарының мүддесіне сай кеңейіп, нығая беретініне, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа септігін тигізетіне сенім білдірген.

Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян өз құттықтауында екіжақты форматтағы, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы армян-қазақ тығыз ынтымақтастығы екі елдің мемлекетаралық қарым-қатынастарын жаңа сапалы деңгейге шығаруды қамтамасыз ететінін атап өткен.

Құттықтау сөздері мен татулық, бақ-береке тілеген жылы лебіздер Молдова  Республикасының Президенті Николае Тимофтиден келді.

«Молдова Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасындағы дәстүрлі достық және өзара түсіністік негіздегі қарым-қатынастар екіжақты ынтымақтастықты алдағы уақытта да біздің елдеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін дамытып, кеңейтуге септігін тигізетініне нық сенімдімін», – делінген хатта.

Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Қазақстан халқына бақ-береке тілегендердің қатарында Рим Папасы Франциск, Жапония императоры Акихито, Сауд Арабиясының Королі Абдалла бен Әбдел Әзиз әл-Сауд, Таиланд Королі Пхумипон Адульядет, Нидерланд Королі Виллем-Александр, Бельгия Королі Филипп, Сауд Арабиясы Корольдігі Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Тақ мұрагері, қорғаныс министрі Салман бен Әбдел Әзиз әл-Сауд, Австрия Республикасының Федералдық Президенті Х.Фишер, Израиль мемлекетінің Президенті Реувен Ривлин, Ирак Республикасының Президенті Ф.Масум, Ирландия Президенті М.Хиггинс, Кипр Республикасының Президенті Н.Анастасиадис,  Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе, Куба Президенті Рауль Кастро, Мьянма Одағы Республикасының Президенті Тейн Сейн бар.

Германияның бұрынғы Федералдық канцлері Герхард Шредердің хатында Қазақстанның табыстары халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалғаны және көшбасшысының есімімен тікелей байланысты екені айтылған.

«Сіздің ел айтарлықтай табыстарға жетті және сонымен бірге тұрақтылық пен құрметтеуге лайықты халықаралық жауапкершіліктің жоғары дәрежесін көрсетті», – деп атап өткен Г.Шредер.

Сондай-ақ құттықтау жеделхаттары халықаралық ұйымдардың басшыларынан да келді. Олардың қатарында Мемлекетаралық авиациялық комитеттің төрағасы Т.Анодина, «Мир» МТРК төрағасы Р.Батыршин бар.

Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі Мемлекет басшысының жетекшілігімен Қазақстан дамудың жолымен қарқынды  жүріп келе жатқанын айтып, еліміздің маңызды құндылықтарын түркі әлемінде ілгерілету үшін өзінің бар күш-жігерін жұмсауға дайын екеніне сендірген.

Хат-хабарлардың айтарлықтай бөлігі Ресей Федерациясынан келді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Ингушетия Республикасының басшысы Ю.Евкуров, Пенза облысының губернаторы В.Бочкарев, Калининград облысының губернаторы Н.Цуканов, КСРО Халық әртісі, КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері  Е.Образцова, Геронтология және гериатрия еуропалық қауымдастығының президенті, РҒА геронтологиялық қоғамының вице-президенті В.Хавинсон, сондай-ақ Мәскеуден Рогалевтер отбасы мен Махачкала қаласының тұрғыны А.Гаврилов құттықтау тілектерін жолдаған.

«НК «Русснефть» ААҚ президенті  М.Гуцериев Ресей мен Қазақстанның арасындағы өзара тиімді әрі жемісті ынтымақтастықты әрі қарай нығайту алдағы уақытта да бауырлас екі халықтың өмір сапасын көтеруге септігін тигізіп, серіктестік диалог негізіндегі іскерлік байланыстардың дамуына серпін қосып, екі мемлекеттің өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін кеңірек ашуға мүмкіндік беретінін атап өткен.

Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаған көптеген хаттар мен жеделхаттар «Нұр Отан» партиясының мүшелерінен, министрліктер мен ведомстволардың басшыларынан, Парламент депутаттарынан, облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдерінен келді.

Еліміздің тау-кен металлургия және қаржы саласындағы жетекші компаниялардың басшылары да игі тілектері мен құттықтауларын жолдады. Олардың қатарында «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры С.Дэвис, «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Т.Миллер және бас директордың орынбасары А.Жакиев, Қазақстандағы «АрселорМиттал» кәсіпорнының бас директоры В.Махадеван, компанияның қаржы директоры С.Гхош, сондай-ақ компанияның Үкіметпен жұмысты үйлестіру және әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры Н.Рыспеков, «Қазақстанның халық банкі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы А.Павлов және осы банктің басқарма төрағасы Ү.Шаяхметова, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті  А.Мамутова және ТОО «Олимп-Көкше» ЖШС директоры В.Смоквин бар.

Қазақстан Президентін Еуразиялық Топтың мыңдаған адамнан тұратын кеншілер мен металлургтер ұжымы атынан осы ұйымның басшылары А.Машкевич, П.Шодиев және А.Ибрагимов құттықтады. Олар өз хаттарында  тәуелсіздік жылдары мүлде жаңа мемлекет құрылғанына тоқталып өткен.

«Бүкіл осы жылдар ішінде Сіздің кемеңгер саясатыңыздың арқасында тәуелсіз Қазақстан барлық салада аса ауқымды реформаларды жүзеге асырып, экономиканың тұрақты өсіміне қол жеткізді, әділетті әлеуметтік саясат және қоғамды үдемелі демократияландыру ісін жүргізіп келеді», – дейді авторлар.

Бұған қоса жылы лебіздерін Ұлттық ғылым академиясының президенті,  академик М.Жұрынов, М.Айтхожин атындағы Молекулярлық биология институтының директоры, академик Н.Айтхожина, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы, профессор Р.Алшанов, жазушы С.Досанов, Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ө.Озғанбаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің  Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі Ж.Қошеметов, Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний, Алматы қаласының тұрғындары Ғ.Шыңғысов және А.Кутищев, Шымкент қаласынан О.Көшекбаев, Астана қаласынан Б.Душаев, А.Әсетов және Ж.Ғабдрашит, Семей қаласынан М.Жақашбаев және А.Манапов, Қызылорда қаласынан А.Арынова, Павлодар қаласынан Е.Тоқтағазықызы, Жамбыл облысынан Д.Өксікбаева, Е.Серікбаев және Т.Таңат, Қарағанды облысынан А.Машков және А.Алдоңғарова, Ақмола облысынан Б.Оспанұлы, Шымкент қаласынан №80 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Артықбай, Ақтау қаласынан 1 сынып оқушысы Т.Күлібай, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласындағы мектеп-интернаттың 7 «а» сынып оқушысы Н.Бектурова жолдады.

Келіп түскен хаттармен танысып шыққан Мемлекет басшысы құттықтау жолдаған барлық авторларға жылы лебіздері мен тілектері үшін ризашылығын білдіреді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің