Қазақстан Президенті өз сөзінде Р.Ердоғанның сапары екі елдің стратегиялық серіктестігінің жаңа парағын ашқанын атап өтті.
– Тәуелсіздігімізді ең бірінші болып таныған туыстас Түркияға деген Қазақстан халқының құрметі ерекше. Биыл біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз. Сондықтан, түбі бір Түрік елі басшысының бұл сапарының символдық мәні бар. Түркия – Қазақстанның ең жақын сенімді саяси және экономикалық әріптестінің бірі, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі өткен келіссөздердің қорытындысы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін айтты.
– Қазақстан бауырлас Түрік елінің бастамаларын толық қолдайды. Бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысын өткіздік. Кеңес жұмысына екі ел үкіметтерінің мүшелері қатысты. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, көптеген сала бойынша ынтымақтастықты одан әрі арттыру жолдары қарастырылды. Қазақ-түрік саяси диалогының ауқымы ұдайы кеңейіп келеді. Біз саяси ынтымақтастық пен барыс-келіс бағытындағы жұмыстарды жүйелей түсуге келістік. Мұндағы басты мақсат – халықтарымыздың достығын тереңдету, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық мәселелер жан-жақты талқыланып, бірқатар уағдаластықтарға қол жеткенін айтты.
– Қазақстанда көптеген түрік компаниясы табысты еңбек етіп жатыр. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істейтін 1600-ден астам кәсіпорында түрік капиталының үлесі бар. Түрік бизнесі жаңа Елорданың құрылысына белсене атсалысқанын айрықша атаған жөн. Олардың Қазақстанда атқарған мердігерлік жұмысының жалпы құны 20 миллиард долларға жуықтайды. Бүгінде 1,5 миллиард долларды құрайтын инвестициялық 14 жоба бойынша жұмыс жасалуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өзара тауар айналымы өткен жылы 3,3 миллиард доллар болғанын атап өтті.
– Бұл алдыңғы көрсеткіштерден біршама азырақ, өйткені әлемде байқалып отырған дағдарыстық ахуал бізге де ықпал етті. Біз 2012 жылы «Жаңа синергия» бағдарламасы қабылдадық. Соған сәйкес, екіжақты тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу жоспарлануда. Ал инвестиция көлемін жыл сайын 500 миллион долларға дейін ұлғайту көзделуде, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев біздің елде «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданғанын, бұл екі ел бизнесмендерінің алдынан үлкен мүмкіндіктер ашатынын айтты.
– Қазақстан мен Түркия – ежелден Ұлы Жібек жолының бойында тіршілігі тоғысқан елдер. Қазір де мемлекеттеріміз Шығыс пен Батыс арасындағы дәнекерлікті жалғастырып келеді. Мен біздің түрік серіктестерімізді «Нұрлы жол» бағдарламасы мен инвестициялық жобаларға қатысуға шақырдым. Біз инфрақұрылымдық, инвестициялық бірлескен қорлар құру мәселесін зерделеуге келістік. Бұл жобаларды жүзеге асыру Түркияның Қазақстан арқылы Қытайға, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияға шығуына мүмкіндік береді, ал біздің ел Түркия арқылы Еуропа мен Таяу Шығысқа шыға алады, деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан индустрия саласындағы өзара ықпалдастықты да нығайтуға мүдделі екеніне тоқталды.
– Біз түрік тарапына 25 жоба бойынша бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Түркияның өнеркәсіп саласында жеткен жетістіктері мол. Бұл жетістіктерді Қазақстан-Түркия индустриялық аймақтарын құру ісіне пайдаланған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ та түрік бизнесіне жаңа нарыққа шығуға жол ашатынын атай отырып, біздің ел Түркияның Еуразиялық экономикалық одақпен арада Еркін сауда аймағын құру ниетін қолдайтынын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев әскери және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық жүйелі дамып келе жатқанын, мәдени-гуманитарлық байланыстар саласында табыстар бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы елдеріміз әлемдік қауымдастықтың белді мүшелері ретінде өз өңірлерінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
– Қазақстан мен Түркия өңірлік тұрақтылық, халықаралық қауіпсіздік және бейбітшілік мәселелеріне белсене атсалысады. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы ынтымақтастық дамып келеді. Ислам ынтымақтастық ұйымы, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ аясындағы ықпалдастық деңгейі жоғары. Түркия Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 5-съезіне қатысуға ниетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Түркия басшысының сапары барысында бизнес-форум өткізу көзделгенін, Қазақстан Сыртқы-сауда палатасы мен Түркия сыртқы-экономикалық байланыстар кеңесінің ынтымақтастық келісіміне қол қою жоспарланғанына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президентінің сапары аясында Түркі әлемінің рухани орталығы – қасиетті Түркістан қаласына бірге бару көзделіп отырғанын айтты.
– Онда Қожа Ахмет Яссауи кешені жанындағы түрік қаражатына салынған жаңа мешіт, сондай-ақ Қазақ-түрік халықаралық университетінің жаңа оқу корпусы, кітапхана және жатақхана ғимараты ашылады. Спорт кешені мен тағы бір мешіттің іргетасы қаланады. Бұлар – бауырлас екі ел арасында жүзеге асып жатқан игілігі мол ортақ жобалар. Жалпы, Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасының әлеуеті зор. Бұл ынтымақтастық күннен күнге нығайып, елдеріміздің арасын жақындастыра беретініне сенімдімін. Бүгінгі маңызды уағдаластықтар соның айғағы деп білемін, –деді Мемлекет басшысы.
Түркия Президенті өз кезегінде екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуда соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілгенін атап өтті.
– 2009 жылы біз ынтымақтастығымызды стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. 2012 жылғы мамырда біз Жоғары деңгейдегі Стратегиялық серіктестік кеңесін құрдық, ол қарым-қатынасымыздың дамуына септігін тигізді. Бүгін сол кеңестің отырысы барысында біз өткен кезеңде атқарылған жұмысқа баға бердік. Бұдан бөлек, бүгінгі кездесу барысында біз бірқатар өңірлік және халықаралық, соның ішінде Сирия, Ирак, Йемен, Египет және Украинаға қатысты мәселелерді талқыладық. Біздің көзқарастарымыз көп мәселе бойынша сәйкес келеді, – деді Р.Ердоған.
Түркия Президенті Қазақстан мен Түркия бір-бірін халықаралық ұйымдар аясында да қолдап келе жатқанын атап өтті.
– Түркия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ұсынылған Қазақстанның кандидатурасын қолдайды. 2017 жылы Түркия Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысуды жоспарлап отыр. Біз таяу арада Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздер аяқталады деп үміттенеміз. Біз бауырлас халықтың барлық ұмтылыстарын бұдан әрі де қолдау ниетіндеміз, – деді Р.Ердоған.
Түркия көшбасшысы екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды дамыту бүкіл өңірдің тұрақтылығына, қауіпсіздігі мен әл-ауқатына ықпал ететініне назар аударды.
– Біз ынтымақтастығымызды сауда-экономика, энергетика, қорғаныс және көлік салаларында нығайтуға ниеттіміз. Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынастарын одан әрі дамыту үшін зор әлеуеті бар. Орталық Азияның Каспий теңізі арқылы халықаралық нарықтарға шығуы үшін Қазақстан маңызды рөл атқарады. Осы салада біз жүзеге асыру жоспарлап отырған жобалар бүкіл өңірдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді Түркия Президенті.
***
Түркия Республикасының Президенті Р.Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапарының аясында екіжақты құжаттарға:
- Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеге;
- «Жаңа Синергия» Бірлескен экономикалық бағдарламасының Іс-шаралар жоспарын өзектендіру туралы Хаттамаға қол қойылды.