National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасы Президентінің туған күніне байланысты шетелдік мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан келіп түскен құттықтаулар

2015 жылғы 04 шілде

 

Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда ғана емес, сыртқы әлемде де зор құрмет пен беделге ие екені атап өтілген.

«Сіз президенттік лауазымда жұмыс істеген жылдары елдегі татулық пен келісімді қамтамасыз етіп, заманауи демократиялық мемлекет құра алдыңыз. Сіздің басшылығыңызбен республика әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық прогресс жолымен сенімді жүріп келеді, өзекті халықаралық мәселелерді шешуге белсене қатысады», – делінген құттықтауда.

В.Путин екі елдің арасындағы одақтастық қарым-қатынастарды және стратегиялық серіктестікті дамытуға Қазақстан Президентінің қосқан жеке үлесі баршаға мәлім екенін атап айтты.   

«Сіз үшін мерейтой жылында Еуразиялық экономикалық одақ туралы идеяңыздың іс жүзіне асқанына шынайы қуаныштымын.  Осынау ауқымды жобаны одан әрі жүзеге асыру көпжақты ынтымақтастықты, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тату көршілестікті және өзара түсіністікті нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. Біздің достық, сындарлы қатынастарымызды жоғары бағалаймын және Сізбен бірлескен жұмыс жалғасады деп үміттенемін» – деп атап өтті Ресей Президенті.

Соңында В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт, сарқылмас қуат және Қазақстан халқының игілігі үшін жаңа биіктерге жетуін тіледі.

***

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастары соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударған.

«Елдеріміздің арасындағы саяси сенім де тереңдей түсіп, ынтымақтастықтың түрлі салаларында елеулі нәтижелерге үшін жағдай туғызып отыр Сізбен бірлесіп мемлекеттеріміздің тұрақты байланысын қамтамасыз етуге, қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты стратегиялық серіктестікті екі елдің халқының игілігі жолында кеңейтуге әзір екенімді білдіремін», – делінген құттықтауда.

Си Цзиньпин сондай-ақ ШЫҰ-ның Уфада өтетін алдағы саммитіндегі кездесуді тағатсыздана күтетінін атап өткен.

Ол да Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық пен бақ-береке тіледі.

***

АҚШ Президенті Барак Обама Америка халқының атынан Мемлекет басшысын туған күнімен  құттықтады.

«Осы айрықша оқиғаны отбасыңыз бен достарыңыздың ортасына атап өтіп жатқан күні Сізді мынаған сендіргім келеді: мен екі елдің маңызды қарым-қатынастары біздің халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі дами беретініне күмән жоқ», – делінген құттықтауда.

Б.Обама Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық және бақыт тіледі.

***

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанның тәуелсіздік тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты екенін атап өткен.

«Осы жылдары Сіздің кемеңгерлігіңіздің, саяси көрегендігіңіз бен басшылығыңыздың арқасында халықаралық аренада биік беделге, Қазақстанның мемлекеттігін нығайту саласында үлкен нәтижелерге, әлеуметтік прогресс саласында жан-жақты дамуға қол жеткізілді», – делінген құттықтауда.

И.Әлиев екі халықтың достық қарым-қатынастарының тарихи тамыры тереңде жатқанын да айтты.

«Біздің игі дәстүр мен серіктестік негізінде құрылған мемлекетаралық қарым-қатынастарымыз бүгінде табысты дамып келеді. Әзербайжан мен Қазақстанның арасындағы достықты нығайтып, екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы Сіздің еңбегіңізге баға жетпейді», – делінген хатта.

Әзербайжан Президенті де Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, бақыт және Қазақстан халқының бақуаттылығын қамтамасыз ету жолындағы қызметіне табыс тіледі.

***

Александр Лукашенко Беларусь Республикасында Нұрсұлтан Назарбаевты дарынды басшы және әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде білетінін айтқан.

«Сіз өзіңізге тән қуатты өмірлік энергия мен жұмылдырушы қасиет арқылы еліңіздің тарихындағы жарқын беттерді жазып жатырсыз. Қазақстан халқы Сіздің бастамаларыңызды, мемлекеттік саясат стратегияңызды, кәсіби деңгейіңіз бен кемеңгерлігіңізді жоғары бағалайды. Еуразиялық ықпалдастықты одан әрі нығайту, екі елдің ынтымақтастығын тереңдету және бірлескен жобаларды жүзеге асыру елдеріміздің табысты дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктерге жол  ашатынына сенімдімін», – делінген құттықтауда.

Беларусь Президенті де Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, бақыт және береке, жауапты қызметіне жаңа табыстар тіледі.

***

Өз құттықтауында Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев  Нұрсұлтан Назарбаевтың бай өмірлік және кәсіби тәжірибесі, адами жеке қасиеттері мен халықаралық беделі табысты мемлекеттік қызметтің кепілі, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі жолындағы қалтқысыз қызмет етудің үлгісі екенін айтады.

«Сізді қайраткерлігі бүкіл жер шарындағы бейбітшіліктің нығаюына бағытталған өңірдің даусыз көшбасшысы, тіпті әлемдік ауқымдағы көшбасшылардың бірі деп санаймын. Сіздің сара саясатыңыздың, ұйымдастырушы және саяси басшы ретіндегі дарыныңыздың арқасында  Қазақстан бүгінде әлемдік аренада лайықты орын алып отыр. Бүгінгі таңда нақты мән-маңызға толы қырғыз-қазақ одақтастық қарым-қатынасының және стратегиялық серіктестігінің нығаюына қосқан Сіздің баға жетпес үлесіңізді қанағаттанушылықпен атап айтқым келеді», – делінген хатта.

А.Атамбаев екі ел арасында қалыптасқан сенім мен достықтың биік деңгейін жоғары бағалап, бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін өзара ықпалдастықтың жемісті жалғасатынына сенім білдірген. Соңында  Қырғызстан Президенті Мемлекет басшысына мықты денсаулық, сарқылмас қуат және  мемлекеттік қызметіне алда да табыс тіледі.

***

Қазақстан Президентінің атына Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоннан да құттықтау келіп түсті, ол Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері ретіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың көпқырлы жасампаз қызметі оны  бүкіл әлемдік құрметке бөлегенін атап өткен.

«Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы, демократия және прогресс жолындағы барлық басты жетістіктері мен табыстары Сіздің атыңызбен  байланысты. Тәжікстанда Сізді жаңа тарихи кезеңдегі біздің екі елдің дәстүрлі достық қарым-қатынасы мен өзара тиімді ынтымақтастығын орнықтыру мен үдемелі дамытудың батыл жақтаушысы ретінде біледі,  Тәжікстан мен Қазақстанның көпқырлы серіктестігін нығайтуға Сіздің қосқан үлесіңіз орасан. Елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы өзара ықпалдастықты арттыруға және оның аясын кеңейтуге Сіз алда да септігіңізді тигізе бересіз деп сенемін. Біз де өз тарапымыздан осынау игі мақсатқа қол жеткізу үшін қажеттінің бәрін жасайтын боламыз», – делінген жеделхатта.

Сондай-ақ Э.Рахмон Мемлекет басшысына мықты денсаулық, адами бақыт, мемлекеттік қызметіне жаңа жетістіктер, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

***

Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовтың құттықтауында Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірді реформалаудағы елеулі табыстарын, елдің экономикалық, ғылыми-техникалық және интеллектуалдық зор әлеуетін белсене жүзеге асыруын, сондай-ақ халықаралық аренадағы беделінің нығаюын Өзбекстан халқының асқан қанағаттанушылықпен бағалап отырғаны айтылған.

«Бұл жетістіктердің бәрі Қазақстанның мемлекеттілігінің негіздерін нығайту бағытындағы Сіздің орасан күш-жігеріңізбен ажырағысыз байланысты екеніне нық сенімдімін. Жақында өткен, Сіздің ішкі және сыртқы саясатыңызды Қазақстан халқының қолдайтынын, жоғары сенімін тағы да көрсеткен сайлау нәтижелері мұны айқын айғақтайды», – делінген хатта.

И.Кәрімов дәстүрлі және уақыт сынынан өткен достық, тату көршілестік, өзара құрмет алдағы уақытта да көпқырлы Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасының қарышты дамуы мен нығаюына, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне берік негіз болып қала беретініне сенім  білдірген.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге мықты денсаулық, бақыт, мемлекеттік қызметіңізге табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке тілегім келеді», – делінген жеделхатта.

***

Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевтің құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Қазақстан Республикасының тарихымен тікелей байланысты екені атап өтілген.

«Сіз нағыз патриот және көрнекті мемлекет қайраткері ретінде бар күшіңізді Отаныңызға қызмет етуге жұмсап келесіз. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының Сіздің басшылығыңызбен әзірленген жаңа ауқымды жоспары табысты жүзеге асатынына сенімдімін. Ресей-Қазақстан одақтастығы мен стратегиялық серіктестігін қалыптастыру мен нығайтудағы Сіздің жеке үлесіңізді бағаламау қиын. Еуразиялық экономикалық одақты құрудағы Сіздің рөліңізді айрықша атап өткім келеді. «Бестік» елдері үкімет басшыларының таяуда Қазақстанда өткен кездесуі, Вьетнаммен еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылуы ықпалдастық іс-қимылдарды жаңа деңгейге көтерді», – делінген хатта. Д.Медведев Қазақстан Президентімен ашық әрі сындарлы сипатта өтетін кездесулерді жылы лебізбен еске алатынын айтты.

«Сіздің саяси кемелдігіңіз бен көрегендігіңіз ең күрделі мәселелердің оңтайлы шешімін табуға мүмкіндік береді. Сізбен арадағы жемісті қарым-қатынасты шын ниетіммен қуана жалғастырамын», – деп жазады автор.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы мықты денсаулық, бақыт және жауапты мемлекеттік қызметіне әрі қарай да табыс тіледі.   


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің