Қымбатты отандастар!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміздің Атазаңы жаңа Қазақстан жетістіктерінің берік кепіліне айналды. Тиімді құқықтық жүйені орнықтыру арқылы біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатының артуына қол жеткізіп, елімізде тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қалыптастырдық.
Әкімшілік және құқықтық реформалар, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, әлеуметтік жаңғырту – мұның бәрі берік конституциялық негізде жүзеге асырылуда және халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі ұлғайтуға бағытталған. Біздің сыртқы саясаттағы жүйелі бастамаларымыз Қазақстанның халықаралық беделінің ұдайы өсуін қамтамасыз етуде.
Биыл еліміз 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясында көзделген мақсаттарды іске асыруға кірісті. Соның ең бастысы – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі. Стратегияның барлық мақсаттарына қол жеткізу қазақстандықтардың бірлігі мен Конституция қағидаларын мүлтіксіз орындау негізінде ғана мүмкін болмақ.
Атазаңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау – әрбір азаматтың құрметті парызы және қасиетті міндеті.
Барша қазақстандықтарға игілік пен бақ-береке тілеймін! Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы нығайып, дами берсін!