Хат иесі бұдан екі жыл бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алғанда өзінің Қазақстанда балет өнерін дамыту үшін барлық күш-жігерін салатынына уәде еткенін атап өткен.
«Алматының опера және балет театрының тамаша ұжымымен мен «Красная Жизель» және «Анна Каренинаны» қойдым. Сіз өзіңіз премьераларға қатысып, бұл жұмыстарға өте жоғары баға бергеніңізді ешқашан ұмытпаймын», – делінген хатта.
Б.Эйфман басқа елдерде симфониялық оркестрлер мен театрлар жабылып жатқан уақытта Қазақстанда «Астана Опера» театры салынғанын ерекше атап өтеді. Хореографтың пікірінше, бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет пен өнерге ерекше көңіл бөлетіндігінің нәтижесі.
«Мұнда тек архитектуралық ізденістер ғана емес, өте жақсы техникалық жарақтандыру бар, күрделі қойылымдар үшін барлық жағдай жасалған, дайындық жасайтын залдар көп, бірақ ең бастысы – сіздерде талантты, творчестволық әлеуеті зор, талабы биік жас труппа бар», – деп жазады автор.
Балетмейстер жаңа театр сахнасында «Роден» балетінің қойылғаны, оның астаналықтар мен елорда қонақтары алдында табысқа ие болғаны туралы да айтқан.
Автор хат соңында Мемлекет басшысына өнер мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, бүгінде әлемге жол ашқан бірегей қазақ мәдениеті жүректерді жақындастыра түсетініне тоқталған.
«Өнер мен мәдениет үшін, түптеп келгенде, өз еліңіз бен халқыңыздың болашағы үшін жасаған барлық қамқорлығыңыз үшін Сізге зор алғысымды айтамын», – делінген хатта.