Астанада өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясына қатысушылардан Мемлекет басшысы атына жылы лебізді хаттар, сондай-ақ Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде.
Өз хатында Қостанай облысындағы Сарыкөл ауданы халық театрының жетекшісі және режиссері В.Стародуб Ассамблея жұмысына тікелей қатысу оның маңыздылығын мүлде басқа қырынан ұқтыра түсетінін айтады.
«Ыстық ықылас, достық, еліміздің жарқын болашағына деген сенім ахуалы әрдайым жадымызда сақталады. Бірге өткізген көп жыл ішінде тағдырымыз, өміріміз етене тоғысып, біз біртұтас қоғамға айналдық», – делінген хатта.
Орал қаласындағы «Вайнах» чешен-ингуш мәдени-ағартушылық қоғамының төрағасы Д.Саратов тұрақтылық пен өркендеу кепілі болып отырған Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей ұйым екеніне назар аударған.
«Бірлікке саналуандылық арқылы бару бағытының дұрыстығын уақыт дәлелдеп берді. Біздің балаларымыздың болашағы зор, ал бізде салт-дәстүр, мәдениет пен тіліміздің бай мұрасы сақталатынына берік сенім бар», – деп жазады автор.
Шығыс Қазақстан облысындағы орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Н.Зайцев өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктер атынан елдегі татулық пен қоғамдық келісімнің нығайтылғаны үшін алғыс білдірген. Ол мемлекет экономикасының дамуына, этносаралық қарым-қатынастар мен азаматтық теңқұқықтылықтың нығаюына шығысқазақстандықтар бар күш-жігерін жұмсайтынына сендіреді. Осы пікірге домбырашы, Семей қаласының тұрғыны Ольга Сағындықова да қосылып, өзіне бүкіл ел-жұрт алдында өнер көрсетуге мүмкіндік берген сессияға қатысқанына қуанышты екенін білдіреді.
Тараз қаласындағы «Шиват Цион» еврей этномәдени бірлестігі» төрағасының орынбасары, №2 мектептің директоры С.Гурская өзі басшылық ететін оқу орнында 37 ұлттың баласы оқитынын айтады.
«Педагогикалық ұжымның қызметі этникалық және діни ерекшелігіне, әлеуметтік жағдайына қарамастан толеранттылық пен бір-біріне деген құрметті қалыптастыруға бағытталған. Мен тұрақтылық пен халықтың бірлігі басты орында тұрған елде өмір сүріп жатқанымды мақтан етемін», – делінген хатта.
Жамбыл облысындағы «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жастар орталығының жетекшісі З.Махусеев қазақстандық жастар алға қойылған барлық міндеттерді орындауға әзір екенін жеткізген.
«Біз – жаңа елдің жас ұрпағымыз. Біздер көппіз, бәріміз әртүрліміз, бірақ тағдырымыз бір. Біз Сізді ұятқа қалдырмайтынымызға және Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынымызға сендіреміз», – деп жазады автор.
Алматы облысы «Бірлік» жастар қауымдастығының атқарушы директоры Н.Белик өз тағдыры және туған Отанына айналған елге деген көзқарасы туралы айтқан.
«Талдықорған – менің қалам, ал Қазақстан – менің елім, менің Отаным, ол мені сүйіспеншілікпен құшақ жая қабыл алды. Мен басқа республикада туып-өстім, Қазақстанға 17 жыл бұрын келдім. Соғысты көрген мен татулықты, өзара түсіністікті және келісімді бағалай білетін елге келдім», – делінген хатта.
Қазақстан корейлері қауымдастығы Қарағанды филиалының төрағасы Л.Ким жаңа Стратегияның Мемлекет басшысы айтқан жеті қағидатын өзінің аға ұрпақ қол жеткізген құндылық ретінде сақтап, еселеу және жастарға табыстау жөніндегі өсиет деп қабылдағанын атап өткен.
«Біздің қарияларымыз өздері бастан өткерген репрессия уақытының қиыншылығы жағдайында да қаталданып кеткен жоқ, біздердің отбасыларымызда сол жылдардың сұмдығы жайында емес, өздеріне пана болған, соңғы тілім нанын бөліскен қазақтардың арқасында оянған болашаққа деген үміт туралы, сондай-ақ біз үшін өгей емес, Отан-анаға айналған осы мекенге риза болу керектігін айтып отыратын. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз және әрдайым олардың алдында қарыздармыз», – делінген хатта.
ҚХА мүшесі Г.Яндиев Мемлекет басшысының басшылығымен Қазақстан бейбітшілік пен келісімді нығайту жөнінде орасан жұмыс атқарғанын атап өткен.
«Орайлы сәтті пайдаланып, әрбір ананың көз жасы төгілмегені, әрбір баланың үрейді білмегені, қасиетті қазақ жеріне деген сеніміне селкеу түспегені үшін барлығымыздың ризашылығымызды Сізге айтқым келеді», – деп жазады автор.
Қазақстан халқы ассамблеясының ақмолалық ғылыми-талдамалық орталығының мүшесі А.Ахетова әлемнің күрделі кезеңіндегі бірліктің маңыздылығына тоқталады.
«Біздер, қазақстандықтар, елдің 17 миллион тұрғынының әрқайсысының бірліктің жасампаз, қауіпсіз, толерантты ахуалы мен өзімізді біріктіріп отырған тағдыр тоғыстырған шынайы бауырластығымызға деген орасан жауапкершілігінің ауқымын айрықша сезінеміз», – делінген хатта.
Көкшетау қаласынан хат жолдаған З.Шуатаева да тұрақтылықтың, татулық пен келісімнің маңыздылығын атап айтқан.
«Сіздің сөздеріңіздің қуаты, көзделген стратегияларымыздың салтанат құратынына деген берік сеніміңіз біздің әрқайсымызға әсер етті. Жастардың салиқалы сөздері, Сізге деген ризашылығы ерекше байқалады, болашақ біздікі екеніне еш күмән қалмайды», – делінген хатта.
Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі В.Молотов-Лучанский ҚХА жылдан-жылға күш алып, ел халқы алдында лайықты беделге ие болып келе жатқанын, өткен сессия осының айқын айғағы екенін айтқан.
Қызылорда облысы қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы С.Жұбатханов, Қызылорда облыстық «Понтийцы» грек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ф.Алхазов және Маңғыстау облысы «Русское землячество» орыс этномәдени бірлестігінің мүшесі Н.Савченко халық үшін баршаға ортақ игілікке айналған қазақстандық татулық, руханилық және келісім қағидаттарының маңыздылығын атап өткен.
Маңғыстау облысы «Салауат» башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы У.Азнабаев, Атырау облысы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ардагері С.Акаев және Алматы облысының қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі орталығының төрағасы С.Шыныбаев 2015 жылды Қазақстан халқы ассамблеясы жылы деп жариялау туралы шешімді ерекше қуанышпен қабыл алған.
Қазақстан халқы ассамблеясының ақмолалық ғылыми-талдау орталығының мүшесі Б.Газдиева, Атырау облысы «Возрождение» этномәдени бірлестігінің өкілі Ю.Кустадинов, Қостанай облысы Алтын дала аулының тұрғыны Т.Ситникова және Орал қаласындағы «КазАрмапром» ЖШС бас директоры С.Качало «Қазақстан-2050» стратегиясында қойылған міндеттердің орындалатынына сенім білдірген.