National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысының ел халқына «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауына байланысты келген хаттар мен жеделхаттар

2014 жылғы 31 қаңтар

 

Еңбек ұжымдарының, ғылыми және мәдени және іскер топтардың, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерінен, сондай-ақ шетелдік азаматтардан келіп түскен хаттарда Мемлекет басшысының жылсайынғы Жолдауына жан-жақты қолдау көрсетіліп, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға үнемі көңіл бөлініп отыратыны үшін алғыс білдірілген.

***

Өз хатында В.Ведяев бұрынғы қазақстандықтардың – Ресей Федерациясы Смоленск облысы, Петрово кентінің тұрғындары атынан олардың елімізден тысқары жерде тұрып жатқанына қарамастан Мемлекет басшысының Жолдауын өте мұқият әрі мақтанышқа сезіміне бөлене отырып тыңдайтыны туралы жазған. Хат иесі мемлекеттің дамуының басты арқауының бірі тарих пен халықтың патриотизмі болып саналатынын атап өткен. Осы орайда, олар жаңа құжатты – «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін әзірлеу және қабылдау туралы шешімді ыстық ықыласпен қабылдаған.

Өз кезегінде Қазақстанның еңбек ұжымдары мен жекелеген азаматтары еңбек адамының бүкіл елдің игілігіне үлесін қосуына мүмкіндік беретін жан-жақты қолдау шараларына назар аударған.

Атап айтқанда, Қарағанды қаласындағы «Казахстанская» шахтасының, Алматы локомотив пайдалану депосының жұмысшыларынан, Солтүстік Қазақстан облысының еңбек ардагерлері И.Елеусізов, А.Липов, К.Калиева, Г.Кухарь, Ж.Ысқақовалардан келген хатта Жолдауда айтылған инновациялық экономиканы дамытудың маңызды бағдарламаларын іске асыру, еңбек мұраттары мен кәсіби шеберлікті қайта жаңғырту жөніндегі жүйелі шаралар жиынтығының болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретіні айтылған. Бұл пікірлер Солтүстік Қазақстан облысындағы Киров атындағы зауыттың, сондай-ақ Ақмола облысындағы кәсіпорындардың –  «Степногорск подшипник зауыты» АҚ, «Щучинск қазандық-механикалық зауыты» ЖШС, «Қазгер ҚҰС» ЖШС Степняк құс фабрикасының, Бурабай аудандық телекоммуникация өндірістік торабының еңбекшілерінен келген хаттарда да қолдау тапқан.   

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургтері Мемлекет басшысының еңбек адамы туралы ешқашан ұмытпайтынына ерекше тәнті екендіктерін білдірген.  

«Еңбек жолыңызды біздің комбинатта бастаған Сіз металлургтер қалай тұратынын жақсы білесіз әрі түсінесіз. Металлург еңбегі ешуақытта да жеңіл саналмайтынына қарамастан, біз ертеңге күнге сеніммен қараймыз», – делінген хатта. 

Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесінің аса өзектілігін саланың Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының еңбеккерлері атап өткен.

«Біз Жолдауда Қазақстан ет пен сүт, сондай-ақ егін шаруашылығы өнімдерінің ірі өңірлік экспорттаушыларының бірі болуға тиіс және ауыл шаруашылығында бизнесті дамытуға, фермерлік кооперация мен жерді тиімді пайдалану үдерісіне нұқсан келтіретін барлық кедергілер жойылатын болады деп айтылған бөлігін зор ықыласпен тыңдадық», – деп жазады хат иелері.     

Еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдері, атап айтқанда, Қарағанды облысының Балқаш қаласынан хат жолдаған жеке кәсіпкер Д.Өтепова Мемлекет басшысының өздерін толғандыратын мәселелерге назар аударғанына ерекше тоқталып өткен. 

«Биылғы Жолдау ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, дәстүрге айналуға тиіс отбасылық бизнесті дамытуға қуатты серпін береді. Кәсіпкерлер бизнестегі  бастамаларды іске асыруға өз үлестерін қосып, еліміз одан әрі қуатты болып, ал халқымыз молшылық пен игілікте өмір сүруі үшін барлық күштерін салатынына мен де сенімдімін», – делінген хатта.  Бұл тілектерге Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Кукушкина мен Ақмола облысынан «Заречный» ЖШС басшысы У.Әріпов те қосылатындықтарын жазған.  

Сонымен бірге Балқаш қаласындағы «Сары Қазына» ЖШС ұжымы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Қазақстанның белсенді ынтымақтастығы ел кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттігін арттыра түсетінін атап өткен.

Жолдаудағы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі жөніндегі басты мақсатқа қолдау білдіріп, өз пікірін жолдағандар арасында Жамбыл облысындағы кардиологиялық диспансердің бас дәрігері А.Гривцов та бар. 

«Медицинаның барлық саласын жақсарту жайын ойлайтын қамқоршы адам ретіндегі Сіздің ойларыңыз денсаулық сақтау жүйесі қызметкеріне, маған түсінікті әрі жақын», – делінген хатта. Петропавл қалалық әйелдер консультациясы, Ақмола облысындағы Еңбекшілдер аудандық емханасы, Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасының ұжымдары да осындай пікірде.

Еліміздің білім беру мекемелерінің өкілдері осы салаға Мемлекет басшысының көңіл бөліп отырғаны үшін ризашылық білдіреді.

Петропавл Классикалық гимназиясының ұжымы жолдаған хатта білім беру қызметкерлерінің еңбекақысын 29%-ға арттыру және 2017 жылға қарай үш ауысым бойынша оқытуды жою туралы шешім орта білім беру сапасын арттырып қана қоймай, барлық педагогтарды ынталандыра түсетіні де атап өтілген. Сондай-ақ, осындай пікірге Балқаш қаласындағы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтары қалалық комитетінің төрайымы Г.Колесникова және Теміртау қаласының Орталық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері де қосылады. 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Маңғыстау энергетикалық колледжі, Атырау аграрлық-техникалық колледжі ұжымдары биылғы Жолдау еліміздің бірқатар салаларын дамытуға, сондай-ақ ғылымға негізделген экономиканы құруға қуатты серпін беретініне сенім білдірген.

Еліміздің студент жастары, атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері, Солтүстік Қазақстан облыстық Студенттер альянсының, Қарағанды облысындағы жастар бірлестіктерінің мүшелері Мемлекет басшысының әрбір Жолдауы маңызды екенін атап өтіп, стипендияны арттырудың жоспарланғанына ризашылықтарын білдірген.

Ақмола облысы Аршалы ауданындағы жас буынның 7 мың өкілі атынан Жастар форумына қатысушылар және Солтүстік Қазақстан облыстық «Эмпирикалық әлеуметтік технологиялар орталығы» ҚБ мүшелері «Қазақстан – 2050» стратегиясында алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін барлық күштерін салатындықтарына сендірген. 

Мемлекет басшысы Жолдауына қолдау білдірген пікірлер Қазақстан халқы ассамблеясының еліміздің барлық өңіріндегі өкілдерінен де келді.

Астана қаласындағы Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы, сондай-ақ елорданың өркендеуі еліміздегі этносаралық келісім мен халықтың бірлігін сақтау ісіндегі барлық этностардың күш-жігерінің арқасында жүзеге асқанын атап өткен.

«Біз Қазақстан халқын балаларымызға қалатын тұрақты қоғам, дамыған қала, бейбіт елді құруға және нығайтуға шақырамыз. Біздің Отанымыз бұдан әрі де қуатты және өркендей түсуі үшін, бүгінгі күннің басты құндылығын – Қазақстанның Тәуелсіздігін, Астананы, ұлттық бірлікті, бейбітшілік пен қоғамымыздағы келісімді сақтау және ұлғайту үшін қолдан келгеннің барлығын істеу маңызды!», – делінген хатта.

«Қазақстан украиндары радасы» заңды тұлғалар бірлестігі жолдаған хатта «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы елдің болашақ табыстарының негізіне айналатын қоғамымыздың басты құндылықтарының нақты көрінісі екені атап өтілген.

«Қазақстан халқы айқын жолынан айнымай жүріп келеді, ал Отанымыз еуразиялық кеңістіктегі ең қауіпсіз, жайлы және тұрақты даму үстіндегі елдің біріне айналуда», – деп жазады авторлар.

Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы А.Осман және Қызылорда облысының ғылым және интеллигенция өкілдері жылсайынғы Жолдауда мемлекеттік тілге ерекше көңіл аударылатыны үшін өз алғыстарын білдірген.   

Жолдауға қолдау білдірген хат иелерінің қатарында Қазақстанның татар және башқұрт қауымдастығының, Қазақстан немістері қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының, Алматы қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының, Қазақстан халқы ассамблеясының Алматы қаласындағы ғылыми-сарапшылар тобының, Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының, Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-талдау орталығының, Семей қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Достық үйі этномәдени бірлестіктерінің, Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзбек этномәдени бірлестігінің, «Ақмола облысындағы поляктар бірлестігі» ҚБ-нің,  Қостанай облысындағы «Шарк» тәжік-өзбек ұлттық-мәдени орталығының, Оңтүстік Қазақстан облысындағы славян мәдени орталығының мүшелері бар.

Бұған қоса, хаттар мен жеделхаттарды Маңғыстау облысындағы этномәдени бірлестіктер төрағалары, Павлодар облысындағы «Славяндар» болгар этномәдени бірлестігінің төрайымы В.Шатова, Талдықорған немістерінің «Видергебурт» қауымының төрағасы В.Молодцов, Қазақстан халқы ассамблеясы Қарағанды облыстық ғылыми-сарапшылар тобының төрағасы В.Молотов-Лучанский, Маңғыстау облысындағы «Дағыстан» этномәдени бірлестігінің төрағасы Ю.Шахшаев, Атырау облысындағы «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Г.Байкенова, Павлодар облысындағы беларусь этномәдени орталығы ақсақалдар кеңесінің төрағасы В.Рак, «Вайнах» қауымдастығының мүшесі З.Чумакова жолдаған.

Жолдауға қолдау білдірген хаттар мен жеделхаттар еліміздің үкіметтік емес секторының өкілдерінен де келіп түсті.

Мысалы, Петропавл қаласындағы «Азаматтық бастамаларды дамыту институты» ҚБ төрағасы А.Есқожа барша қазақстандықтар үшін Жолдау кезекті бағдар болып саналады деп есептейді.

«Түпкі нәтиже туралы айқын түсінігі, мақсаты барлар ғана өз ісінде биіктерге қол жеткізе алады. Өз көшбасшысының соңынан көптеген жылдар бойы ерген қазақстандықтардың мақсаты, мүддесі, міндеттері бір,  болашағы ортақ», – деп жазады хат иесі.

«Қазақстанның мұсылман әйелдер лигасы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының, Ақмола облысының Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйінің, Қарағанды облысындағы Теміртау қаласы ардагерлер кеңесінің өкілдері Жолдаудың әлеуметтік саланы одан әрі дамыту туралы тұстарына назар аударған. Олардың пікірінше, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға және әлеуметтік көңіл-күйіне бұл оң әсерін тигізеді. Осы пікірге Солтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар ұйымдардың, атап айтқанда, «Тұтынушылар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығы» ҚБ, «Солтүстік Қазақстан облыстық іскер әйелдер қоғамдастығы» ҚБ, Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалы, облыстық кәсіподақтар кеңесінің қызметкерлері де қосылады.

Сондай-ақ, жекелеген азаматтардан да пікірлер келді. Олардың арасында Ақмола облысының тұрғындары – Социалистік Еңбек Ері С.Жұмағалиев және ақын, әнші-композитор И.Тасқараұлы бар.         

Мемлекет басшысының үзеңгілестері Теміртаудан А.Жүнісов, Ж.Арысов, Қ.Омашев және басқалары Қазақстан Президентінің әрбір Жолдауы айрықша және асыға күтетін оқиға екенін атап көрсеткен.

«Біздің мемлекетіміз әлі жас. Бірақ халқымыздың ең басты құндылығы – еңбексүйгіштік, төзімділік, бірін-бірі құрметтеу, бейбітшілік пен келісім бізге осындай қысқа мерзімде экономика мен саясатта берік позиция ұстанған, әлемдегі беделді мемлекетке айналуға мүмкіндік берді», – делінген олардың хатында.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің