Нұрсұлтан Назарбаев Р.Ердоғанды Қазақстан халқының және жеке өз атынан Түркия үшін тарихи маңызы бар сайлаудағы жеңісімен құттықтады. «Сайлау нәтижелері Сіздің қоғамдағы беделіңіздің, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді еңсеруге және Түркияның халықаралық орнын нығайтуға бағытталған саясатыңызға көрсетілген кең қолдаудың айқын дәлелі болды», - делінген жеделхатта. Мемлекет басшысы сондай-ақ Р.Ердоғанның басшылығымен Түркия Республикасы халықаралық саясатта салмағы бар жоғары дамыған елдердің біріне айналғанын атап өтті. «Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық деңгейіндегі бауырлас қарым-қатынастар нығая түсетініне кәміл сенемін», - делінген жеделхатта. Соңында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Р.Ердоғанға зор денсаулық, жаңа қызметіне толағай табыс, ал бауырлас түрік халқына бейбіт өмір мен құт-береке тіледі.