National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

2017 жылғы 09 қыркүйек

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркияның саяси және экономикалық тұрғыдан бір-біріне жақын екенін айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып отырғанын атап өтті.

– Түркия – Қазақстанның ең жақын саяси және экономикалық серіктесінің бірі. Екіжақты тығыз ынтымақтастық әрдайым белсенді дамып келеді. Жоғары деңгейдегі кездесулер жиі өткізілуде. Биыл дипломатиялық қарым-қатынасымыздың орнағанына 25 жыл толып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев түрік капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды одан әрі дамыту қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін арттыруда Түркияның тәжірибесін қолдануға ниетті екенімізді жеткізді.

– Түркия инфрақұрылымы дамыған транзиттік ел екені баршаға белгілі. Осыны ескеріп, түрік тарапын Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін бірге дамытуға шақырдым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды дамыту мәселелеріне тоқталып, жоғары оқу орындары арасында өзара студенттер алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Р.Ердоғанмен әңгімелесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылағанын айтты.

– Негізгі жаһандық мәселелер жөніндегі ұстанымымыз ұқсас. Екі ел арасында түсініспеушіліктер жоқ. Астана Сирия мәселесі бойынша келіссөз жүргізу үшін өз алаңын ұсынды. Осылайша, біз бұл проблеманы тек бейбіт жолмен шешуге өз үлесімізді қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қазақстан Президенті Түркия тарапына «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін дайындауға және өткізуге белсенді түрде атсалысқаны үшін алғыс білдірді.

Р.Ердоған екі ел арасындағы байланыстарды дамыту жөніндегі диалогтың жалғасуына ниетті екенін айтып, Қазақстан Президентін келесі жылы Түркия Республикасына сапармен келуге шақырды.

Түркия Президенті Қазақстанда жұмыс істейтін түрік инвесторлары мен бизнесмендеріне қолдау көрсетіп, оларға қолайлы жағдай туғызғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

– Біздің ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да нығая түсетініне сенімдімін. Мен Қазақстанды ірі халықаралық іс-шараларды табысты ұйымдастыруымен тағы да құттықтағым келеді. Сіздердің республикаларыңыз – Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы мемлекеттердің бірі. Біз сіздердің жетістіктеріңізге шынайы қуанамыз, – деді Р.Ердоған.

Соңында Түркия Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті екенін айтып, Қазақстан жағына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдірді. 

***

Түркия Республикасы Президентінің Қазақстанға ресми сапарының қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды: 

– Үкіметаралық экономикалық комиссияның 10-шы отырысының хаттамасы;

– 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының іс-шаралар жоспарының хаттамасы;

– Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен «Алсим Аларко» консорциумы және Еуропа қайта құру және даму банкі арасында «БАКАД» автокөлік жолын салу және оны пайдалану мәселесі бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің