National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты келіп түскен хаттар мен жеделхаттар

2015 жылғы 12 мамыр

 

Елбасының атына халықаралық ұйымдардың басшыларынан, біздің еліміз бен шетел мемлекеттерінің дипломатиялық, іскерлік топтары мен білім саласы өкілдерінен, сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі тұрғындардан құттықтаулар келіп түсуде.

Халықаралық әлеуметтік қамтамасыз ету қауымдастығының бас хатшысы Х.-Х.Конколевски ұйымның 160 елден өкілдік еткен мүшелері атынан Қазақстанның әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін нығайту бағытындағы маңызды қадамдарын құптайтынын айтты, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың жауапты қызметіне табыс тіледі. 

Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТүркСОЙ) бас хатшысы Д.Қасейінов Қазақстан халқы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың елді тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап дамытуға қосқан үлесін, сондай-ақ елдегі келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған саясатын бағалай отырып таңдау жасағанына назар аударған.

Франция Сенатының бұрынғы төрағасы К.Понселе Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыратынына сенім білдірген.

Әзербайжанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі П.Бюльбюльоглы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқының көрсетіп отырған сенімі Мемлекет басшысының еңбегінің қалтқысыз мойындалуы екенін атап өткен.

«Сізге тән ерен қасиеттер бүгінде Қазақстанның алдында тұрған одан әрі даму мақсаттарының іске асырылуын қамтамасыз етуге септігін тигізетініне күмәнім жоқ», – деп жазады автор.

Кезінде біздің елімізде де жұмыс істеген Қырғызстанның Түрікменстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ж.Рүстенбеков Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің өскенін және сыртқы саяси қызметінің Орталық Азия өңірінде де жандана түскенін атап өткен.

«Сіздің Отан игілігі жолындағы қажырлы еңбегіңіздің, сындарлы әрі көреген саясатыңыздың арқасында бауырлас Қазақстан ел өмірін әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан түбегейлі жаңғырту ісінде тамаша табыстарға жетті, өңірде маңызды геосаяси функцияға ие болды», – делінген хатта.

Қазақстанның Сербиядағы құрметті консулы Нұрсұлтан Назарбаевтың президент сайлауындағы жеңісі жүргізіліп жатқан саясатты ел халқы қолдайтынының даусыз айғағы екенін атап өткен.

«Қазақстанның тұрақтылығы бүкіл Орталық Азияның тұрақтылығын білдіреді. Сіздің басшылығыңызбен республика өз болашағы үшін ғана емес, көрші елдер үшін де шешуші қадамдар жасап жатқанына сенімдімін», – делінген құттықтауда.

София қаласындағы Химия технологиясы және металлургия университетінің басшылығы мен академиялық қоғамдастығы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті болып сайлануымен құттықтады.

«Біздің университет пен Қазақстан жоғары оқу орындары арасында пайдалы байланыстар орнатылған. Осы іскерлік, достық және кәсіби қарым-қатынастар бірлескен ғылыми және оқытушылық жұмыс туралы қол қойылған шарттарда көрініс тапты. Сіздің алған біліміңіз бен алғашқы кәсіби қызметіңіз металлургиямен тығыз байланысты екенін біз білеміз, бұл біз үшін мақтануға себеп бола алады», – делінген хатта.

Беларусь Ұлттық ғылым академиясының президиум төрағасы В.Гусаков елдің ғылыми жұртшылығының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен риясыз көңілден құттықтаған.

«Сізге және Қазақстан халқына елді орнықты әлеуметтік-экономикалық дамыту саласында бұдан әрі де табысқа жете беруді тілеймін, сонымен қатар қазақ-беларусь қарым-қатынастары ғылым, технология және инновациялар саласында табысты дамиды деп үміттенемін», – деп жазады автор.

Caspian European Club мүше компаниялардың басшылары мен Caspian Energy International Media Group оқырман аудиториясы Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, мықты денсаулық және Қазақстанның игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.

Жетісу казактары одағының мүшелері, Ақсақалдар кеңесі, атамандық басқармасы елдің болашағын тек Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ғана көзге елестете алатындарын атап өткен.

«Біздің мемлекетіміз қуатты әрі өркендеп келе жатқан елге айналды. Бізді дүние жүзі біледі және сыйлайды. Сіздің «Қазақстан-2050» стратегияңыз бен «Нұрлы жол» бағдарламаңыз еліміздің бақ-берекесінің кепілі болып саналады. Біз әрқашан Сізбен біргеміз және Сізді қолдаймыз», – деп жазады авторлар.

 «ҚазАльянс» қоғамдық бірлестігінің мүшелері өткен сайлауда халқымыз ел өміріндегі оң өзгерістерді лайықты бағалағанын атап өткен.

«Бұл таңдау – Қазақстанның тұрақты әрі орнықты дамуы үшін жасалған таңдау, бұл халқымызға мәңгілік мемлекет құру үшін қол жеткен жетістіктерін сақтап, еселей түсуге мүмкіндік береді», – делінген хатта.

Көптеген хаттар мен жеделхаттар Қызылорда облысынан – ардагер Ш.Құттыбаевтан, журналист Ш.Дәрмағанбетовтен, батыр-ана Д.Жақсылықовадан, «Аралтұз» АҚ еңбеккері К.Жолмырзаевтан; Жалағаш ауданы тұрғындары – тыл ардагері М.Шәріповтен, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Г.Әбілдадан, «Темірқазық» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Бақбергенұлынан, «Сәрке батыр» шаруашылығының басшысы Н.Демеуовтен, кәсіпкер А.Махатовадан;  Шиелі ауданынан – Социалистік Еңбек Ері Ш.Қазанбаевадан,  ауданның құрметті ардагері А.Сәрсенбаевтан, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбеттен, «Шиелі-Самғау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Мамановадан, А.Әбдіқадыровадан, Қызылорда қаласынан –  қалалық ардагерлер кеңесінің басшысы А.Әбдібаевтан,  «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Г.Байұловтан, «Болашақ жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Мәстековтен, «Өзбек қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Хамидовтан, «Бабас» ЖШС директоры Н.Ермановтан, Д.Назаровадан келіп түсті. 

Құттықтаулар мен тілектер Астана қаласынан – бірінші сыныпты ұшқыш-инженер Н.Ақмұхановтан, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті М.Жақыптан, Оңтүстік Қазақстан облысынан Е.Мыңбаевтан, Тараз қаласынан – А.Дүйсенбековадан, Петропавл қаласынан – В.Поповтан, Батыс Қазақстан облысы Зачаганск кентінен – Л.Покатиловтан, Астана қаласы №60 мектебінің 2-сынып оқушысы Ш.Каренкиннен, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласынан мектеп оқушысы Н.Бектұровтан келіп түсті.

 

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің