Қазақстан Президентінің атына жолдаған хатында түрлі шетел мемлекеттерінің өкілдері болып табылатын авторлар тәуелсіздік жылдары біздің ел экономика мен спортта зор жетістіктерге жеткенін атап өткен. «Сізді Қазақстанның дамыған 50 елдің қатарына қосылу жөніндегі биік мақсатының мерзімінен бұрын іске асуымен құттықтай отырып, экономикасы мен тұрмыс деңгейі ең жоғары отыз мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жаһандық бастаманың да табысты болатындығына сенім білдіреміз. Бұл жоспарлар спортта қазірдің өзінде ілгерілей орындалуда. Жалпы командалық есепте 12-орынды иеленген Қазақстан спортшыларының Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы зор табыстарына бүкіл әлем қол соқты», – делінген хатта. Конгреске қатысушылар еліміздің Алматыда 2017 жылы Универсиада өткізу үшін барлық жағдайды жасағанына да тоқталған. «Қазақстандағы спорт пен экономика дамуының жоғары қарқыны бізге Алматының 2022 жылы қысқы Олимпиада ойындарының астанасы болу құқығын иелену жолындағы күресі табысты болады деген болжам жасауға мүмкіндік береді», – деп жазады авторлар. Соңында 18-халықаралық ғылыми конгреске қатысушылар Мемлекет басшысына табыс тілеп, ойға алған барлық жоспарларының орындалуына тілектестік білдірген.