Қазақстан Президенті атына шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларынан, қазақстандық және шетелдік түрлі ұйымдар жетекшілерінен көптеген хаттар келіп түсті. Авторлар елді бұдан әрі қарай табысты дамытып, беделін нығайту, барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ету үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі маңызды екенін атап өткен.
Венгрия Президенті Я.Адер өз құттықтауында Қазақстан Венгрияның Орталық Азия өңіріндегі стратегиялық серіктесі екеніне тоқталған.
«Саясат, экономика, мәдениет және білім беру саласындағы біздің байланыстарымыздың соңғы жылдары бұрынғыдан да қарқынды бола түскені үшін риясыз қуаныштымын. Біздің ынтымақтастығымызды тереңдете түсу жолында бар күш-жігерімді жұмсайтыныма сендіремін», – делінген жеделхатта.
Босния және Герцеговина президиумының төрағасы М.Иванич Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі елді тиімді басқаруға байланысты халық сенімінің жоғары екенін айғақтағанына назар аударды.
Германияның бұрынғы Федералдық президенті Х.Келер Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қазіргі кездегі сын-қатерлерге қарамастан, экономикалық реформалар мен демократиялық жаңғыру үдерісін зор қуатпен және жаңаша жігермен жалғастыратынына сенім білдірген.
«Бұл орайда Сіз мені әрдайым өзіңізді қолдайтын бұрынғы әріптесіңіз әрі досыңыз ретінде қарастыруыңызға болады», – деп жазады автор.
Германияның бұрынғы Федералдық канцлері Г.Шредер де құттықтау жолдап, Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі кезінде таңданарлық табыстарға жеткенін және халықаралық қоғамдастықтың аса құрметті әрі танымал қатысушысына айналғанын атап өткен.
«Сіз Қазақстан мен Германия қарым-қатынастарының да соңғы 20 жылда керемет дамуына ғаламат үлес қостыңыз және сіздің ел Германия үшін өңірдегі маңызды серіктеске айналды», – делінген құттықтауда.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты, КСРО халық әртісі И.Кобзон жылы лебізді құттықтауын жолдады.
«Мен Қазақстан азаматтарының таңдауы дұрыс екеніне күмәнданбаймын. Сізді көп жылдан бері білемін және Сіздің даналығыңыз бен кәсібилігіңізге тамсанумен келемін», – деп жазады И.Кобзон.
Автор сондай-ақ Қазақстан Президентіне мықты денсаулық және барлық бастамаларына табыс тілейді.
«Итера» халықаралық компаниялар тобының президенті И.Макаров сайлаудағы бүкілхалықтық дауыс беру қорытындылары Қазақстан Президентіне және оның жүргізіп отырған саясатына деген сенімнің жоғары екенін тағы дәлелдегенін атап өткен.
«Жаңа дәуірдегі Қазақстанның маңызды тарихи жаңғыруларының барлығы Сіздің есіміңізбен байланысты. Азаматтар Сіздің қызметіңіздің нәтижесін – елдің қарқынды дамуын, әлеуметтік саладағы белсенді ілгерілеуін, тұрмыс деңгейі мен азаматтардың әл-ауқатына қатысты қамқорлықтың ұлғаюын лайықты бағалайды. Сіздің қайта сайлануыңыз Қазақстан Республикасы үшін тағдыршешті маңызға ие екеніне сенімдіміз және бұл тұрақтылық пен Сіздің тамаша еліңіздің ілгерілеу мен өркендеу жолындағы жүйелі қадамының негізгі факторы болып саналады», – делінген хатта.
Ресейлік Global Venture Alliance компаниясының президенті М.Мусаев біздің республика өткен жылдар ішінде әлемдегі ең қарқынды дамушы елдердің біріне айналғанына, экономика мен әлеуметтік салада зор жетістіктерге жеткеніне назар аударған.
«Сіз көрегендікпен және даналықпен инновациялық дамуға, ірі инвестициялар тартуға, әлемдік санаттағы білікті кадрлар корпусын қалыптастыруға бағдар ұстадыңыз», – деп жазады автор.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы А.Перуашев Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын жеңісі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан экономикалық және демократиялық жаңғыруларды Қазақстан халқы қолдайтындығының айғағы екенін атап өткен.
«Сайлау барысында жүзеге асқан халық таңдауы индустрияландыру бағдарламасын табысты жүзеге асырудың, отандық экономика мен бизнесті әлемнің жетекші елдері деңгейіне шығарудың, әрбір отбасының тұрмыс деңгейін айтарлықтай көтерудің кепілі болатынына сенімдімін», – делінген құттықтауда.
Бокстан кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы Г.Головкин өз жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың даусыз әрі айқын жеңісі қазақстандықтардың өз елінің болашағы жолындағы тұтастығын, бірлігі мен келісімін паш еткенін атап айтқан.
«Уақытымның көбін шетелде өткізе жүріп, өзге мемлекеттердің азаматтары біздің елге қандай құрметпен қарайтынын көремін. Миллиондаған отандастарымның қатарында мен де тұрақтылық, өркендеу және еліміздің ұлттық идеалдары үшін дауыс бердім. Келесі жекпе-жегіме дайындығым өтіп жатқан АҚШ-та жүріп, мен өз даусымды Сізге бердім», – деп жазады автор.
Г.Головкин сондай-ақ кәсіби рингтегі жеңістерімен отандастарымызды бұдан әрі де қуантып, Қазақстанға барлық әлем чемпиондары белбеулерін әкелу үшін бар күшін салатынын да атап айтқан.
Опера әншісі М.Мудряк Мемлекет басшысының президенттік сайлауда жеңетініне сенімді болғанын айтады.
«Сіз маған өмірге жолдама бердіңіз. Менің жеткен жетістіктерімнің бәрі Сіздің тұрақты қолдауыңыздың арқасында мүмкін болды», – деп жазады автор.
«КАЗКА» Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының мүшелері дауыс беру қорытындылары Мемлекет басшысының отандастары алдындағы биік беделін және еңбегінің мойындалуын, сондай-ақ Қазақстанның дамуындағы өзекті міндеттерді шешудегі табыстарын айғақтайтынын атап көрсеткен.
Петропавл қаласындағы «Танойл» ЖШС жұмысшылары Мемлекет басшысын сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, сайлаушылардың белсенділігі мен Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген дауыстардың саны Ұлт Көшбасшысы деген атаққа лайықтылығының дәлелі екенін айтқан.
«Соңғы он жылда бүкіл Қазақстан бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің көптеген субьектілері ашылды. Кәсіпкерлікті қолдауға ел бюджетінен орасан қаражат бөлініп, бюрократиялық кедергілер жойылуда. Біз Қазақстанымыздың сенімді қолда екеніне шүбәланбаймыз», – делінген құттықтауда.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ұжымы отандастарымыз сайлауда ел басшылығын тағы да Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырғанына тоқталған.
«Сізге өз тағдырын сеніп тапсырған Қазақстан халқы бастамаларыңызды қолдайды және ел алдына қойылған ауқымды мақсаттарға жету үшін жұмыла жұмыс істейтін болады», – деп жазады авторлар.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері өз құттықтауларында Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қиындықтарды табысты еңсере отырып, бүкіл әлем мойындаған беделді елге айналғанын айтқан.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің республикалық кеңесінің мүшелері Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісі оның еңбегінің мойындалуы мен бүкіл Қазақстан халқы сенімінің көрінісі болып табылатынын жазған.
«Біздің қазақстандықтар соғыс майдандарында жеңісті шыңдады. Сіз бейбіт уақытта жеңісті шыңдадыңыз. Ол да өте маңызды. Өйткені, бұл – біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы. Бұл – қазақстандық саясаттың салтанаты, ел болашағының табысы», – делінген құттықтауда.
Оңтүстік Қазақстан облысының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан – 2050» стратегиясын тиімді жүзеге асыру еліміздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуын қамтамасыз ететініне, ал «Нұрлы жол» бағдарламасы әлемдік экономика дамуындағы күрделі кезеңді еңсеруге мүмкіндік беретініне сенімділік білдірген.
Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері өткен сайлауда елді батыл алға бастап келе жатқан өз көшбасшысына дауыс беру арқылы тарихи таңдау жасағанын атап өткен.
«Қазақстандықтар болашақ алдындағы жауапкершілікті, ел мен халықтың биік мүддесін сезіну тұрғысынан шешім қабылдап, өздерінің азаматтық және патриоттық парызын орындады. Біз Сіздің басшылығыңызбен Қазақстанның өз дамуындағы барлық мақсаттарына жетіп, бақуатты әрі өркендеген елдің үлгісіне айналатынына нық сенімдіміз», – деп жазады авторлар.
Қазақстан халқы ассамблеясының атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлау нәтижелері елдің ішкі және сыртқы саясаттағы даусыз табыстарына негізделгеніне тоқталған.
«Сіздің жеңісіңіз – Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу бағытындағы тағы бір кезеңі, бұл – біздің Мәңгілік ел болу жолындағы табысты ілгерілеуіміз», – делінген хатта.
Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясына қатысушылар осы шара толеранттылық, достық және бауырластық идеясы Қазақстан халқының ең басты құндылықтары болып қала беретінін нық сеніммен дәлелдегенін атап өткен.
«Сіздің қарапайым мұғалімге, спортшыға, әйел-анаға, ардагер ақсақалға деген қамқор көңіліңіз біздің бәрімізге адамзатты сүюдің, даналықтың және адамдарға, ортақ тарихымызға деген қамқорлықтың үлгісін көрсетті. Қазақстан халқы сайлауда өз дауыстарын татулыққа, достық пен келісімге беру арқылы көшбасшысына деген жоғары құрметін паш етті», – деп жазады авторлар.
«Менің Қазақстаным» пойызы» акциясына қатысушылар өз хатында 30 күн ішінде бүкіл ел бойынша 29 елді мекенде болғандарын, іс-шараларға 920 мыңнан астам қазақстандық қатысқанын айтады.
Авторлар елде жүргізіліп жатқан саясатқа қатысты халық тарапынан көрсетілген қолдау республикамызды одан әрі ілгерілету үшін қосымша қуат беретініне назар аударған.
Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Жарасым» республикалық жастар ұйымының өкілдері елдің жүйелі дамып келе жатқанын мақтан тұтатынын және оның күш-қуатын нығайту ісіне белсене қатысуға ниетті екенін жазады.
«Біз бәріміз біртұтас отбасы ретінде татулық пен келісімде өмір сүріп жатырмыз. Көшбасшымыздың арқасында Қазақстан зор мүмкіндіктер мен зор болашақтың еліне айналды. Біз өз елімізді сүйеміз, өз Президентімізді жақсы көреміз және оған сенеміз», – делінген құттықтауда.
«Масис» Қазақстан армяндары қоғамының, Қазақстан дүнгендері қоғамының, Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының өкілдері де Мемлекет басшысының атына құттықтау жолдаған.
Астана мен Алматы қалаларының, сондай-ақ барлық өңірдің этномәдени бірлестіктерінің мүшелері де президенттік сайлаудың нәтижелеріне қатысты пікірлерін білдірген.
Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Ә.Кекілбаевтан, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Ө.Айтбаевтан, ақын А.Мұқибектен, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі С.Вишняктан, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Р.Мусинадан, Қарағанды қаласынан С.Әубәкірұлынан, Талдықорған қаласынан Әлімболановтар отбасынан Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісіне байланысты өз құттықтауларын және қолдауын білдірген хаттар келіп түсті.