Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Сіздерге айрықша назарларыңыз үшін алғысымды білдіремін. Баршаңызға сайлаудың қалай басталғаны, қалай өткені және оның алдын ала қорытындылары қандай екендігі белгілі. Әрине, мені қазір тұрғындардың жоғары белсенділік көрсетуі үлкен қуаныш сезіміне бөлеп отыр. Бұл мен үшін аса маңызды. Мен Президент лауазымында ұзақ жыл еңбек етіп келемін. Сондықтан, бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бері қол жеткізген жетістігі мен бұл жолдағы менің еңбегімнің нәтижесі, соларға берілген жоғары баға деп есептеймін. Олардың ішіндегі ең маңыздылары – мемлекеттің құрылуы, ортақ мақсат пен мүдде жолында еліміздегі әртүрлі этнос өкілдерінің бірігуі, Қазақстан экономикасы және беделінің өсуі, бізбен шекаралас елдердің барлығымен достық қарым-қатынастың орнауы, сондай-ақ, менің ұсынған бағдарламаларым.
«Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі міндеті – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Ол шикізатқа тәуелді емес, мүлдем жаңа экономиканы құруға негізделген. Бұл бағдарламаның алғашқы бесжылдығы аяқталды. Қайта өңдеу өнеркәсібіне негізделген 800-ге тарта жаңа кәсіпорын бой көтерді. Олар шикізат бағамының төмендеуі жағдайында экономиканы өз деңгейінде ұстап тұруға көмектеседі. Екінші бесжылдық инновациялық дамуға негізделген. Бұл бағдарламаға тиісті мөлшерде қаржы-қаражат бөлінген, халықаралық трансұлттық компаниялардың және қаржы институттарының қатыстырылуы көзделген.
«Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол Қазақстан территориясы арқылы Ұлы Жібек жолын қайта жандандыруға, оны өңірлерді байланыстыратын автомобиль және теміржол желілерімен қамтуды және Қазақстанды транзитті мемлекетке айналдыруды көздейді.
Мен сонымен қатар, бес институттық реформаға өте үлкен маңыз беріп отырмын. Оны біздің тәуелсіз Қазақстанды дамытудың екінші бесжылдығы деп есептеймін. Ол үшін бізге 20 жыл уақыт қажет болды. Бұл реформалардың бір бағыты – кәсіби, сыбайлас жемқорлықтан ада, халыққа қызмет ететін мемлекеттік аппаратты құру. Меритократия қағидатын бұзбауды қамтамасыз ету маңызды. Мемлекеттік қызметте ең басты талап етілетін нәрсе – кәсібилік, біліктілік және тиісті тәжірибенің болуы.
Екінші бағыт – заңның үстемдік құруы. Бұл екі пункт бойынша бізге ауқымды, күрделі, ауыр реформаны жүзеге асыру қажет. Мен ол үшін не істеу керек екенін білемін.
Осы аталған бағыттар негізінде бизнес пен индустрияландыру қалыпты түрде дами алады, ал одан кейін біртұтас қазақстандық халық қалыптаса алады. Алдында айтылған төрт реформаның негізінде қазақ қоғамын одан әрі демократияландыру және оның ашықтығын қамтамасыз ету жатыр.
Әрине, мұны айту жеңіл, бірақ жүзеге асыру оңай емес. Мен үшін бес институттық реформаны іс жүзіне асыру мандатына ие болу өте маңызды. Енді мен халықтың шексіз сеніміне арқа сүйей отырып, алдағы жылдары оны жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Себебі, мені халық қолдады.
Ж.ТӨЛЕМІСОВА, «Қазақстан» телеарнасы:
– Президент мырза, Сізді барша журналистер қауымы атынан сайлаудағы айқын жеңісіңізбен құттықтаймыз. Өткен жылғы саяси доданың кезінде Сіз: «Әдетте Президент сайлауы халықты, елді саяси жікке бөледі, ал бізге тұтастық қажет», дедіңіз. Бұл жолғы сайлаудың сипаты қандай болды?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Бұл жолғы сайлау, өздеріңіз білетіндей, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысынан бастау алды. Бала-шағасымен келіп дауыс беріп жатқан халық үшін оның, сайлау шарасының барлығы мереке сияқты өткені себепсіз емес. Менің айтып және жүргізіп келе жатқан саясатымның түпкі мақсаты – көпэтносты Қазақстан халқының бірлігі, елдегі тыныштық, мемлекеттің экономикасы өркендеп, азаматтардың жағдайының, әлеуметтік тұрмысының жақсаруы. Сол бағыттағы ішкі-сыртқы саясатымыз айтарлықтай өзгермейді, алда да осы жолды жалғастыра береміз, өйткені оны халық қолдады.
А.ИСТОМИН, «Хабар» телеарнасы:
– Президент мырза, ең алдымен, Сізді сайлаудағы айқын жеңісіңізбен құттықтағым келеді. Кеше қазақстандықтар қуатты, бірегей қарқынмен тағы да Сіздің бағытыңызды қолдады. Осы орайда, еліміз жеткен жетістіктерді сақтап қана қоймай, оларды еселеу үшін қандай да бір ішкі саяси өзгерістерді күткеніміз жөн бе?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Мемлекет жүргізіп отырған бағытты халықтың қолдайтынын кешегі сайлау көрсетті. Сондықтан, бізге ішкі, әсіресе, сыртқы саясатымызды түбегейлі өзгертудің еш қажеттілігі жоқ. Дегенмен, ішкі саясат бес институттық жоба аясында өзгеретін болады. Бұл реттегі іс-шараларды жүзеге асыру мемлекет тарапынан қаражаттың бөлінуін қажет етеді, сосын жаңа кадрлар дайындау, мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялаудан өткізу, еңбек өтіліне байланысты оларды қызметке қабылдауды қамтамасыз ету үшін іріктеу жүйесіне жетілдіру жүргізіледі.
Дербес, конъюнктураның ықпалына, басшы лауазымындағы азаматтардың ауысуына ұшырамайтын мемлекеттік аппарат қалыптасуда. Мемлекеттік қызмет тұрақты күйінде қалуы тиіс, ол жерге тек мемлекет пен халық үшін қызмет ететін азаматтар іріктелінуі тиіс.
Бұл ретте, саяси өзгерістер орын алады, ал қалған бағыттар сол күйінде сақталады, себебі, нақты осы бағыт халық тарапынан қолдау тапты.
П.ДУЛЬМАН, «Российская газета»:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, сайлау науқаны барысында Қазақстан экономикасындағы ғана емес, әлемдегі қаржылық дағдарыс жағдайындағы кейбір қиындықтар туралы өте көп айтылды. Осы орайда, еуразиялық ықпалдастықтың басымдықтары туралы сұрағым келеді. Дағдарыстың интеграцияның қарқынына кері әсерін тигізуі мүмкін ме?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Қаржылық дағдарыс – әлемдік. Ал, Қазақстанның ішкі экономикасында дағдарыс жоқ. Дағдарыс біздің әлемдік нарыққа экспортталатын тауарларға деген баға конъюнктурасының төмендеуіне және Ресей мен Еуропа арасындағы санкцияға байланысты болып отыр. Ал, Ресей біздің сауда-саттықтағы ірі әріптесіміз саналады. Қаржылық дағдарысқа Қазақстан «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы жауап беріп отыр. Осы бағдарлама негізінде мыңдаған шақырымдық автомобиль және теміржолдар, әуежайлар, тұрғындар үшін қолжетімді баспаналар салынады, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және халықты жұмыспен қамту бағытында басқа да жұмыстар жүргізілетін болады.
Бағаның төмендеуіне байланысты ірі кәсіпорындар жұмыс орнын қысқартуға мәжбүр болатыны белгілі. Осы орайда, мемлекет контрциклдік саясатты жүзеге асырмақ. Оның аясында Ұлттық қорда жиналған қаражат инфрақұрылымдық жобаларға, индустрияландыруға бағытталатын болады.
Ал, Еуразиялық экономикалық одаққа келетін болсақ, бұл біздің елдеріміз үшін өте қажетті жоба. Біз қиындықтардың болу мүмкіндігі жөнінде ескерткенбіз. Иә, қазір Еуразиялық экономикалық одақтағы тауар айналымы төмендеді. Алайда, бұл заңды да. Себебі, біздегі тауарлардың бағасы да төмендеді. Бірақ, соған қарамастан, бұл төмендеу интеграцияның түпкілікті өзегіне еш нұқсан келтірмейді. Интеграция негізінде капитал мен еңбек қозғалысы үшін шекаралар ашық күйінде қалады. Сонымен қатар, компаниялар бір нарықтан екінші нарыққа өтіп жатыр, бірлескен кәсіпорындар құрылуда. Демек, бұл – интеграциялық база қалыптасып жатыр деген сөз.
Осы қиындықтар еңсерілгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақ посткеңестік кеңістікте өзінің әлеуетін көрсетеді деп үміттенемін. Бүгінгі таңда бұл Одаққа 40 мемлекет, оның ішінде Түркия, Вьетнам, Шығыс Еуропа және басқа да мемлекеттер қызығушылық танытып отыр. Олар Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда-саттық жасауға ниет білдіруде. Әрине, үлкен мемлекет, ірі экономика ретінде бұл Одақтың негізгі қозғаушысы Ресей мемлекеті екені жасырын емес. Сондықтан, осындай қиын кезеңде Ресей мемлекеті шыдас береді деп ойлаймын. Себебі, мәңгілік санкция болмайды. Украинадағы жағдай да түбі шешіледі. Кез келген соғыс бәрібір бейбіт жолмен аяқталады.
Д.ШОЛК, тәуелсіз журналист:
– Сіздің жаңа мерзіміңізде Қазақстанның сыртқы саясаты қалай өзгеруі мүмкін?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанады. Біз құрлықтың ішінде орналасқан елміз. Біздің теңіз бен мұхитқа шығу мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ, біздің алып көршілеріміз бар. Олар – Ресей және Қытай Халық Республикасы. Олар Қазақстан үшін алып нарық, сондықтан, біз оны толық көлемде пайдаланамыз. Әрине, Ресеймен бізді Еуразиялық одақ байланыстырады, ал Қытай Халық Республикасымен біз Ұлы Жібек жолын жандандыру бағытында жұмыс жасап келеміз.
Екіншіден, біздің Еуропалық одақпен арамызда ірі тауар айналымы қалыптасқан. Мен өткен жылдың аяғында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі келісімшарт жобасы жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты құжатқа қол қойдым. Сондықтан, Еуропалық одақпен ынтымақтастығымыз басым бағыттардың бірі болып қалады. Сондай-ақ, біз Ислам әлемімен өте жақсы достық қарым-қатынас ұстанамыз. Оның ішінде біз сауда әріптестігін ұстанатын елдермен әріптестік байланыстамыз. Біз үшін өте маңызды инфрақұрылымдық жоба – Қазақстан теміржолын Түрікменстан мен Иран арқылы байланыстырып, Парсы шығанағына шығаратын жоба. Бұл жоба Үндістан, Пәкістан, араб елдерімен өзара ықпалдастық орнатуға жол ашады. Біз осындай интеграция арқылы ірі нарыққа кіруге мүмкіндік аламыз, сондықтан, бұл саясатты біз өзгерткелі жатқан жоқпыз.
Біздің АҚШ-пен арада жақсы қарым-қатынас орнатылған, болашақта оны әрі қарай дамытатын боламыз. Бұған қоса, біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен, оның ішінде Кореямен ынтымақтастықты күшейтіп келе жатырмыз.
Қ.ТОҚАБАЕВ, «Алаш айнасы»:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Қазақстанның алдына әлемнің мейлінше дамыған озық 30 елінің қатарына кіру жөнінде үлкен міндет қойып отырсыз. Бүгінгі алмағайып заманда бұл міндетті атқару оңай емес. Оның үстіне біз экономикалық көрсеткіштерімізбен ғана емес, мемлекетіміздің мәдениет деңгейімен де бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда мәдениет пен өнерді дамытудағы мемлекеттің атқарар міндеті қандай болмақ? Дағдарыс жағдайында мәдениет пен өнерді дағдартып алмаймыз ба?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Өте дұрыс сұрақ. Кез келген мемлекет тек біржақты ғана өркендеп, өсе алмайды. Мемлекет мықты болу үшін, өркениетпен бірге өрлеу үшін, экономикасы да, тұрмысы да, мәдениеті де бірге дамуы керек. Өздеріңіз білесіздер, осы жылдардың ішінде біз көп жұмыс атқардық. Мәдениет жылы аясында Қазақстанда қаншама театрларды, концерт залдарын аштық, жаңа өнер ұжымдарын қатарға қостық. Сондай-ақ, Тарихи зерде жылында, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстанның бүкіл тарихын қопарып, қазақ тарихына қатысты дүние жүзіндегі мәліметтердің барлығын жинақтап, алып келдік. Ал озық 30 елдің қатарына қосылу деген сөз – мәдениетіміз сол 30 елдің мәдениетімен де деңгейлес болуы керек деген сөз. Бізге бұл бағытта өте көп жұмыс жасау қажет.
«ЭКСПО-2017» көрмесін өткіземіз, жаңа экономиканы, жаңа энергетиканы көрсетеміз. Сондай-ақ, мәдениетімізді де көрсете алуымыз керек. Еліміздегі өнер адамдары өздерінің биік деңгейдегі өнерлерін көрсетуі тиіс. Ал енді бұл ретте зиялы қауымның алдында тұрған үлкен міндеттер бар, ол – жаңа, бүгінгі күнге лайықты туындылар жасау, бұрыннан келе жатқан өзіміздің құндылықтарымызды, әдет-ғұрпымызды, тарихымызды мадақтайтын шығармалар болуы керек. Бізде жоғары деңгейдегі фильмдер, шығармалар, қойылымдар болуы керек. Түптеп келгенде, мәдениетке қамқорлық, қолдау ешуақытта тоқтап қалмайды, бәсеңдемейді.
М.ЕСЕН, тәуелсіз журналист:
– Елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Олар білім, ауыл шаруашылығы, медицина, тағы да басқа салаларға негізделген. Олардың ауқымы мен тереңдігі таң қалдырады, алайда олар барынша сапалы түрде орындалуы үшін не істеу керек?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Кейбір бағдарламаларды қысқартып, негізгі басым бағыттарға ойысатын боламыз. Мен бекіткен бағдарламалар әрқашан қаржылық қолдау тапты. Олардың жүзеге асырылуына бақылау қойылғаннан кейін, барлығы да орындалды.
Мәселен, мәдениет саласын дамыту бағдарламасына орай, бізде қаншама театрлар, кітапханалар, концерт залдары бой көтерді, ашылды. Концерт залдары іске қосылды, жаңа өнер ұжымдары құрылды. Тарих жылын жарияладық. Дүниежүзі бойынша біздің ата-бабаларымыздың жүріп өткен тарихынан хабардар ететін дереккөздерді іздеу және олардың мәдени мұрасын қайта жандандыру бағытында үлкен жұмыстар атқарылды.
Экономикалық бағдарламалар да өз жемісін берді. Мәселен, индустрия саласы бойынша жаңа кәсіпорындар бой көтерді, жаңа жұмыс орындары мен жаңа мамандықтар ашылды. Ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы бағдарлама айрықша маңызға ие. Ауыл шаруашылығы саласын дүниежүзіндегідей субсидияландыру керек.
Аграрлық секторға қолдау көрсетудің мақсаты – өнімнің қосымша құнын, қайта өңдеудің тереңдігін ұлғайту.
Жалпы, біз маңызды бағдарламаларды қабылдадық және оларды орындап жатырмыз. Мен және Үкімет бұларды назарда ұстап отырмыз. Мен біз қолға алған барлық бағдарламалар орындалып, өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
И.ЦЭО, «CCTV» телеарнасы:
– Бәрімізге белгілі, елді инфрақұрылымдылық жағынан ілгерілету үшін Сіз «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске қостыңыз. Бұл бағдарламаны Ұлы Жібек жолын қайта жандандыру бастамасымен қалай байланыстырар едіңіз?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Бұл бағдарлама аталған бастамамен өте тығыз байланысты. Себебі, бұл бағдарламаны жүзеге асыру арқылы біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолын аяқтаймыз. Ол Қытай, Қазақстан, Ресей және Еуропа арқылы өтетін барлығы 8 мың шақырымды құрайды. Біз арқылы өтетін жол 2700 шақырымды құрайды. Бұл жолды біз биыл аяқтаймыз.
Сонымен қатар, біз өткен жылы Қазақстанның орталығынан Каспий теңізіне дейін теміржол салдық. Енді Қытайды Каспий теңізімен біртұтас теміржол бағыты байланыстырып жатыр. Ляньюньган портынан жүк контейнерлері Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға қазірдің өзінде жөнелтіліп жатыр. Біздің елдеріміздің арасында әуе қарым-қатынасы да орнаған. Барлық коммуникациялар Ұлы Жібек жолын қалыптастыру үшін жасалуда. Бұл туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде айтқан болатын. Біз ҚХР төрағасының біздің елімізге сапарын мамыр айының басында күтіп отырмыз. Ол сапар барысында Қытай Халық Республикасымен Қазақстан экономикасын әртараптандырудың мүлдем жаңа ынтымақтастық байланысын талқылайтын боламыз. Біз ҚХР-мен бірлесіп, ондаған жаңа кәсіпорындар құрамыз. Сондықтан, Ұлы Жібек жолы мен біздің «Нұрлы Жол» бағдарламасы бір-бірін үйлесімді толықтырып отыр.
В.ШПАКОВ, «Экспресс-К»: – Президент мырза, бюджетті үнемдеу режімі енгізілуіне байланысты көптеген қазақстандықтарды әлеуметтік саланың шығындары кесіп тастала ма деген сауал толғандырады.
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Қазір шын мәнінде біз үнемді жүзеге асырып жатырмыз. Біз министрліктердің, агенттіктердің, комитеттердің санын азайттық. Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорындағы, министрліктер мен ведомстволардағы бейінді емес активтерден арылу жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Орталық мемлекеттік органдардың өкілеттіктері жергілікті жерлерге берілуде. Яғни, барлық осы жүйелі жұмыс қаржыны үнемдеуге бағытталып отыр. Шенеуніктік, мемлекеттік құрылымдар байқаусыз «көбеюге» қабілетті ғой. Сондықтан, оқтын-оқтын қысқартулар жүргізіліп тұрғаны жөн. Экономикадағы шығындарды оңтайландырып, энергияны, суды үнемдеу, басқа да ресурстарды ұтымды пайдалану саясаты өмірге енгізілуде.
Бірақ, әлеуметтік салада ешқандай да үнемдеу жоспарланып отырған жоқ. Біздің халықты зейнетақымен қамсыздандыру, мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру, жәрдемақылар – мұның барлығы қысқармайды.
Р.ФРАНЦЕВ, «Россия-24»:
– Сізді сайлаудағы айқын жеңісіңізбен тағы бір мәрте құттықтауға рұқсат етіңіз. Менің сауалым да Жеңіске байланысты. Бірақ, біршама басқашалау. Айтулы дата – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы жақындап келеді. Сіз 9 мамырда Мәскеуде өтетін салтанатты шараға баруды жоспарлап отырсыз ба? Егер, барсаңыз, қандай да бір кездесулер жоспарланған ба? Осы сапар кезінде не нәрсені талқылағанды қалар едіңіз?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Мен 9 мамырдағы Жеңіс парадына қатысу туралы шешім қабылдадым. Бізде, Қазақстанда да 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне арналған шеру өтеді. Шара барысында мен біздің ардагерлермен кездесемін және 8 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мәжілісі мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жиыны болатын Мәскеу қаласына барамын. Біз осы шараны Ресей Президентімен, сонда болатын басқа да әріптестеріммен біздің қатынастарымызды талқылау үшін екіжақты кездесулер өткізуге пайдаланатын боламыз.
70 жылдықты мерекелеуге қатысты айтатын болсам, ол бәріміз үшін ортақ Ұлы Жеңіс. Біз сол кезде бір елде болдық және бәріміз бірге соғыстық. Іс жүзінде Ресейдегі сияқты Қазақстанның да әрбір отбасынан біреу соғысқа қатысса, біреу ұрыс даласында қаза тапты. Ардагерлер қатары сиреп барады. Олардың барлығын біз өз қамқорлығымызға алдық. Мен ардагерлер Қазақстанда жақсы сезінетініне, қажеттінің бәрімен қамтылғанына сенімдімін.
9 мамырдың мәні сонда, бұл – кейінгі ұрпақ үшін Ұлы Жеңіс және ұлы өсиет – Отанды біздің аталарымыз қорғаған секілді қорғау. Сондықтан, біз бұл күнді өзіміздің мерекеміз ретінде қабылдаймыз.
Л.ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, еліміз тәуелсіздік алған жылдардың бедерінде тереңнен тамыр тартатын ұлттық құндылықтар жүйесі қаншалықты өзгерді? Сізді құндылықтардың қазіргі ахуалы қай тұрғыдан толғандырады?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Біз қаншалықты өркениетті, бүгінгі заманға сай боламыз дегенмен, қазақ халқының қадым заманнан бері келе жатқан, жеке өзіндік, дәстүрлі құндылықтары бар. Қандай кезде де біз мұны естен шығармауымыз керек. Ол құндылықтар – біздің мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, қазақ халқының қонақжайлығы, үлкенге – құрмет, жастарға ізет етуі, әйел затын сыйлауы, азаматтардың бір-біріне деген бауырмалдық, туысқандық ілтипаты мен көңілі. Осындай құн дылықтарымызды біз сақтап қалуымыз керек. Бірақ, ештеңе өзгермей, қатып қалмайды ғой. Біз бүгінгі дүниенің құндылықтары мен мәдениетін де сіңіруіміз керек. Сол арқылы өз мәдениетіміздің деңгейін көтеруіміз қажет. Үйренуіміз керек. Мысалы, нарық экономикасының, қарым-қатынастардың өз құндылықтары бар, шетелдермен қарым-қатынастардың өз құндылықтары бар. Сондықтан, өзіміздікін сақтай отырып, өзгелерден үйреніп, мәдениетімізді одан әрі өркендетуіміз керек.
Г.ЖАНДАҒҰЛОВА, «7 арна»:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақстандықтар Қашаған жобасына үлкен үміт артқан еді. Бұл жобаны биылғы жылы іске қосу мүмкіндігі бар ма?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Қашаған – әлемдегі 40 жылдағы өте ірі жаңалық. Бұл өте күрделі кен орны. Егер, мұнайшылар тілімен айтатын болсақ, оның мұнайы өте жабысқақ, күкірті көп және қысымы өте жоғары. Мұндай күрделі кен орнын игеру оңай емес.
Біздің бағдарламаларымызға сәйкес, біз 2014 жылы Қашағаннан алғашқы мұнайымызды алудан үміттенген едік. Бірақ, әртүрлі күтпеген жағдайлар болып тұрады емес пе. Құбырларда, су астындағы және су үстіндегі құбырларда жарықшақтар байқалды. Егер жұмыс жалғаса бергенде ірі апат орын алуы ықтимал еді. Сондықтан жоғары қысымдағы құбырларды ауыстыру үшін игеру ісін тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Қазіргі уақытта компания ҚазМұнайГазбен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізуде. Осы жылдың аяғында немесе 2016 жылы мұнай алуға үміттеніп отырмыз. Бұл біздің барлық бағдарламаларымызды орындау үшін айтарлықтай көмек болады. Бұл біздің болашағымыз үшін жұмыс істейтін «үлкен» мұнай мен «үлкен газ», жаңа өңдеу кәсіпорындарын салу дегенді білдіреді.
Ю.ЖИХОРЬ, «Новое поколение»:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді халықтың осындай зор сенім артуымен құттықтаймын. Қазақстанда ақпан айының ортасынан бері сайлау науқанынан кейін теңге бағамының күрт төмендеуі мүмкін деген қауесет шықты. Қысқасы, девальвация бола ма?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Сайлаудан кейін күрт өзгеретіндей ештеңе де болмайды. Бұған ешқандай да алғышарттар жоқ. Қалай жұмыс істедік, солай істей береміз. Қазақстандықтар мені біледі, егер сондай бір жағдай туындаса мен оны өзім айтамын. Одан қалай қорғануға, сақтануға болатынын айтамын. Ресей рубліне қатысты теңге бағамында да біршама құбылулар болған еді. Бірақ, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, жағдай тұрақтандырылды.
Сондай-ақ, біз теңге бағамын еркіне жіберу мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – күрделі мәселе. Біз мұны Халықаралық валюта қорымен бірлесіп шешпекпіз, олар бізге техникалық кеңестер береді. Алайда, ол жүзеге асырылу үшін бес жылдай мерзім керек. Ал осы аралықта Қазақстанның қаржы жүйесі дамуы үшін арнайы жағдайлар жасалуы тиіс.
Д.ЙЫЛДЫЗ, «Жиһан» ақпараттық агенттігі:
– Сізді жеңісіңізбен құттықтаймын. Қазақстан Орта Азияның ең дамыған, экономикасы ең мықты елдерінің бірі болып саналады. Алдымызда «ЭКСПО-2017» көрмесі күтіп тұр. Қазір жүргізіліп жатқан жұмыстарға және көрмеге қатысатын мемлекеттердің санына Сіздің көңіліңіз тола ма?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– «ЭКСПО-2017» біз үшін өте маңызды. Біз оны 160 мемлекеттің арасынан жеңіп алдық. Бұл бүкіл Қазақстанның, әсіресе Астананың келбетін өзгертетін болады, бұрын-соңды елімізде болмаған жаңа орталық пайда болады. Қазіргі негізгі құрылыстың – диаметрі 100 метр шардың ішінің барлығы зертхана болмақ. Онда мұхиттың толқынының, желдің, жердің астындағы ыстық судың, сутегінің қуатын қалай алу керектігі жөнінде зерттеулер жүргізіледі. Нысанның 8 қабатындағы зертханаларда басқа мемлекеттердің тиісті компаниялары жұмыс істейтін болады. Қазіргі істеліп жатқан жұмыстың барлығы тағайындалған кестеге сәйкес жүріп жатыр. Мен оны қадағалап отырмын, жақында барып барлығын көрдім, барлығы уақытында бітетін болады. 2016 жылдың күзінде барлық ЭКСПО нысандарының құрылысы аяқталады.
ЭКСПО-2017-ні өткізу біз үшін өте маңызды. Біз Қазақстанның жетістіктерін және әлемнің барлық тәжірибесін көрсеткіміз келеді. Қазақстанның басты павильоны нақты осыған арналады. Ол жерде толқын, жел, күннен энергия алудың озық технологиялары, газ, көмір және тағы басқалар негізінде жаңа энергия көздері шоғырланады. Көрмеге қазір қолда бар технологиялармен қатар, болашақта жарыққа шығатын технологиялар қойылмақ.
Бұған қоса, 150 гектар аумаққа әлемнің барлық елдері үшін нысандар мен павильондар салынуда. Ал ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталғаннан кейін бұл ғимараттардың барлығы тұрғын үй, сондай-ақ, ғылыми зерттеулер алаңдары ретінде пайдаланылатын болады. Сондай-ақ, біз онда осы өңірдегі жаңа қаржы орталығын құруға ұмтыламыз.
Бұл орайда, Қазақстанның ЭКСПО-дан бөлек Қысқы Олимпия ойындарын өткізу құқығын иелену үшін күресіп жатқанын да еске салғым келеді. Бұл туралы шешім биыл қабылданады. Біздің еліміз үшін жақсы нәтиже береді деп үміттенеміз.
С.КАЛИНИН, «Аргументы и факты»:
– Мен барлық құттықтауларға қосыламын. Егер менің дауыс беру құқым болса, онда Сіз үшін дауыс беруім әбден мүмкін еді. Астанаға алғаш табаным тиген кезде және ауқымды осы өзгерістерді өз көзіммен көрген сәтте тарихтағы тұлғаның рөлі мен саяси ерік-жігері деген түсініктердің мәнін түйсіне бастайсың. Осымен байланысты мынаны сұрағым келеді: Сіз Президент лауазымында Өзіңіздің басты еңбегіңіз не деп санайсыз? Өзіңіздің кезекті президенттік мерзіміңіздің қарсаңында нені бөліп көрсетер едіңіз?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Президент лауазымында ұзақ уақыт болғаныма қарамастан, сайлау уақытында мен толқынысты сәттерді бастан кештім. Сайлау учаскелерінде адамдар елдің болашағы үшін дауыс беруге кезектерде тұрды. Адамдар балаларымен, немерелерімен келді, көпшілігі бюллетеньдерді жәшікке балаларының салуына мүмкіндік берді. Міне, осы сурет мені өте қатты толқытты, бұл – жүректің ең нәзік қылын қозғайтын нәрселер. Кеше адамдар маған және менің жүріп өткен жолдарыма, Қазақстан басшысы ретінде жасаған жұмыстарыма бағаларын берді.
Кеңес Одағы құлағаннан кейін Қазақстан сынған тостағанның жарықшақтары секілді күй кешті. Барлық экономикалық байланыстар бір сәтте үзіліп, барлық кәсіпорындар тоқтады, жылу жоқ, көпқабатты үйлердің аулаларында отқа шәй қайнатылды. Мұғалімдерге, дәрігерлерге, армияға еңбекақы төленген жоқ. Зейнетақы бірнеше айға кешіктіріп берілді. Жұмыс та жоқ. Инфляция айына 50 пайызға жетті, 1994 жылы ол 2100 пайызды құрады. Үйден шыққан кезде кемпірлер асфальтқа жатып, машинамды тоқтататын. Мен олармен жұмысқа бармай, бір сағат бойы әңгімелесетінмін.
Маған жүре үйренуге, қажетті мамандарды іздеп табуға тура келді. Және Қазақстанды осы «апаннан» алып шығуға қол жеткізгенімді өзімнің басты еңбегім деп санаймын.
93-ші жылы біздің ұлттық валютамызды енгізу керек болды, Халықаралық валюта қоры жаңа валютаны қолдау үшін қорларыңда тым болмаса 500 миллион доллар бар ма деп сұрады. Жоқ болатын, қарызға алуға тура келді.
Ал қазір мүлдем жаңа өмір құрдық. Біз әлемнің ең алдыңғы қатарлы университеттерінде бүгінде өзімізде жұмыс істейтін мыңдаған маманды дайындап алдық. Өзімізде халықаралық деңгейдегі университет құрдық. 20 зияткерлік мектептерде Қазақстанның ең дарынды балалары оқиды. Балалардың 90 пайызын балалар бақшасымен қамтамасыз еттік.
Біз медицинаны жетекші стандарттар бойынша қалыптастырдық, Қазақстанға әлемнің көптеген елдерінен адамдар медициналық туризм жасау үшін келеді. Біз жүрек және басқа да маңызды органдар ауыстырып салатын елдердің қатарына ендік. Барлық облыс орталықтарында жүрекке ашық операция жасалады – мұндай ешқашан болған емес. Осының барлығының арқасында қазақстандықтардың орташа өмір жасы 71 жасқа дейін ұлғайды.
Сондай-ақ, қиын жылдары біз жаңа қала тұрғыза алдық. 250 мыңдық Целиноградтан ол Қазақстанның мақтанышына айналған миллионға жуық халқы бар елордаға айналды. Астана барлық қонақтарымызды таңғалдырады. Оған қарап, еліміз де өсіп, өркендеп келеді.
Р.СМЫКОВ. «Еуразия» телеарнасы:
– Сізді жеңісіңізбен құттықтауға және белсенділігі жоғары еліміздің болғаны үшін де құттықтауға рұқсат етіңіз. Осыдан аз ғана уақыт бұрын Сіз Беларусь және Ресей президенттерімен кездесіп, қазіргідей әлемдік экономикалық қиындықтар жағдайында бірлескен іс-қимыл жоспарын талқылаған едіңіздер. Сол уақытта үкіметтердің іс-қимыл жоспары дайын болған кезде 8 мамырда Мәскеуде кездесуге уағдаласқан болатынсыздар. Біздің үкімет тарапынан бірлескен жұмыстарды әрі қарай қалай жалғастыру қажеттігіне байланысты қандай да бір ұсыныстар бар ма?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Бұл кездесуден кейін біздің елдің үкіметтері бір-бірімен өзара байланыса отырып, дереу жұмыс жасауға кірісті. Бірлескен іс-қимыл жұмыстарын жүзеге асыру үшін біздің нақты бағыттарымыз көп. Мәселен, рубль девальвациясынан кейін ресейлік тауарлардың бағасы төмендеді. Бұл тұтынушылар үшін тиімді, алайда бұдан біздің өндірушілер зардап шекті. Сондықтан, біз дереу байланыс орнатып, біздің елдеріміз одақтас мемлекеттер ретінде бұл мәселені оңтайландыру қажеттігі жөнінде келісімге келдік. Ортақ көзқарас табылғандай болды.
8 мамырда Мәскеуде Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді және біздің үкіметтеріміз атқарылған жұмыстар жөнінде есеп береді. Қазір жағдай тұрақтандырылды. Бұған қоса, мен бұрын қазақстандық бизнеске бәсекеге қабілеттілікке дайындалу қажеттігі жөнінде ескерткенмін. Егер, біздің кәсіпорындар жоғары сапалы, жақсы бағадағы тауарларды өндіріп, Еуразиялық экономикалық одақпен бәсекелестікке дайын болмаса, онда олар Еуропалық Одақпен және басқа елдермен қалай бәсекелеседі? Бизнес күресте шынығуы қажет.
С.ТУМАКОВА, ТАСС:
– Президент мырза, сайлаудағы жеңісіңізбен бірге жауапкершілік жүгі артты ма? Тәуелсіз елді басқару қай кезде жеңіл болды – жолдың басында ма, әлде, көп жұмыс атқарылған қазіргі кезде ме?
Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
– Егер, сайлаудан кейін жеңілденіп қалды ма дегенге келетін болсақ, әрине, солай. Себебі, күтудің қобалжуға толы кезеңі артта қалды. Мемлекеттік қызметкерлер – олар да қарапайым адамдар. Енді, сайлаудан кейін жұмыстың жаңа кезеңі шұғыл басталады. Менің бірінші жұмысым – 5 институттық реформаны құру туралы комиссияны жасақтау болатын шығар. Содан кейін біз олардың әрбін пунктін жүзеге асыруға кірісетін боламыз.
Бұл реформаларды, барлық бағдарламаларымды мен сайлаудың алдындағы «Нұр Отан» партиясының съезінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының жақында өткен сессиясында, Үкіметтің отырыстарында айтқан едім. Республикалық қоғамдық штабтың өкілдері еліміздің түкпір-түкпіріне барып, ұсынылған бағдарламалар туралы айтты.
Қазақстандықтар өздерінің дауыстары арқылы қайта құруды жүзеге асыруға карт-бланш берді. Халық елдегі тыныштықты, тұрақтылықты сақтай келе, халықтың өмір сапасын жақсарта келе, бұған дейінгі атқарылған істерді одан әрі жалғастыруды қалайды.
Сіздердің барлығыңызға сайлауды насихаттауға қатысқандарыңыз үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, бақыт және табыстар тілеймін.