Ұлттық мерекеге байланысты Мемлекет басшысының атына шетел үкіметтері мен мемлекеттері басшыларынан құттықтаулар келіп түсті.
Ресей Федерациясының Президенті В.Путин Қазақстан әртараптандырылған қуатты экономикасы бар, демократиялы, көпэтносты ел ретінде табысты дамып келе жатқанын, халықаралық аренада лайықты беделге ие екенін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу ісіне маңызды үлес қосып отырғанын атап өтті.
«Қазақстан мен Ресейдің көпғасырлық дәстүрлі достық пен тату көршілікке негізделген байланыстарының деңгейі жоғары екенін қанағаттанушылықпен атап өтемін. Еуразиялық экономикалық одақтың қарқын алып келе жатқан қызметі өзара тиімді ынтымақтастық үшін түрлі салаларда жаңа перспективаларға жол ашады», – деді В.Путин.
Сондай-ақ Ресей Президенті Қазақстан мен Ресейдің арасындағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар екі ел мүддесі үшін Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында одан әрі нығая беретініне сенім білдірген.
АҚШ Президенті Б.Обама өз құттықтауында Қазақстанның Еуразия жүрегіндегі заманауи ел бола отырып, жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісін ілгерілетуден бастап, зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы іс-қимыл жасауға дейінгі жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұруда маңызды рөл атқаратынын айтқан.
«Құрама Штаттар өркендеу және демократия жолымен жүріп келе жатқан Қазақстанның серіктесі болып табылатынын мақтан тұтады. Біз алдағы жылдарда да Тәуелсіздік күні мерекесін сіздермен бірге қуанышпен атап өтетін боламыз», – делінген хатта.
Рим Папасы Франциск Нұрсұлтан Назарбаевқа және бүкіл Қазақстан халқына бақыт пен игілік тілей отырып, Жаратушыдан елімізге жақсылық сұрайтынын атап өткен.
Тәуелсіздік күніне байланысты игі тілектер Ұлыбритания патшайымы II Елизаветадан, Жапония императоры Акихитодан, Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудтан, Нидерланд королі Виллем-Александрдан, Швеция королі Карл XVI Густавтан және Бельгия королі Филипптен келді. Олар да өз құттықтауларында Қазақстан халқының одан әрі дамып, өркендеуіне тілектестік білдірген.
Француз Республикасының Президенті Ф.Олланд Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы қарашада Парижге жасаған сапары екіжақты қарым-қатынастың, әсіресе саяси диалог пен білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықтың сапасы жоғары екенінің тағы бір айғағы болғанына назар аударды.
Франция көшбасшысы стратегиялық серіктестікке, экономикалық қарым-қатынастарға, соның ішінде энергетика, аэронавтика және көлік сияқты перспективалы салаларға серпін беру үшін ынтымақтастықты үдетудің және әртараптандырудың маңыздылығын атап өткен.
Ф.Олланд заманауи, өркендеуші және әлемге ашық мемлекет құру ісінде Қазақстан Францияның қолдауына сенім арта алатынын айтқан.
Германия Федеративтік Республикасының Президенті Й.Гаук Қазақстанның тәуелсіздігін алған сәттен бастап елеулі даму жолынан өткенін, осы кезеңде екі елдің қарым-қатынасының аясы тұрақты түрде кеңейтіп келе жатқанын атап өткен.
Италия Республикасының Президенті С.Маттарелла екі ел арасындағы өзара тиімді байланыстарды, соның ішінде Қазақстан мен Еуропалық одақтың қарым-қатынасын саяси және экономикалық салаларда одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуына тілектестік білдірді.
Австрия Республикасының Федералдық Президенті Х.Фишер бейбітсүйгіш сыртқы саясатын белсенді әрі сындарлы түрде жүргізіп келе жатқан Қазақстан Австрия мен Еуропа үшін Орталық Азиядағы маңызды серіктес болып саналатынын айтты. Бұл екіжақты байланыстармен қатар Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардан да көрініп отыр.
Соңында Х.Фишер Нұрсұлтан Назарбаевқа бақ-береке және Қазақстан халқына жарқын болашақ тіледі.
Чех Республикасының Президенті М.Земан екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар өзара мүдделілік байқалатын барлық салада тереңдей беретініне сенім білдірді. Ол сондай-ақ Қазақстанға былтырғы сапары кезінде өзіне көрсетілген ілтипат пен құрмет үшін алғыс айтты.
Венгрия Президенті Я.Адер Қазақстан Тәуелсіздігін алған сәттен бастап әлеуметтік-экономикалық даму жолында тамаша нәтижелерге жеткенін және халықаралық аренада құрмет-беделге ие болғанын айтты.
«Екі елдің қарым-қатынасы соңғы жылдары стратегиялық деңгейге көтерілгені қуантады. Ортақ тарихи және мәдени тамырларымыз байланыстарды одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай туғызады», – делінген құттықтауда.
Үндістан Республикасының Президенті П.Мукерджи Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен барлық салада айтарлықтай табысқа жеткенін айтқан.
«Екі елдің арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік аясында тұрақты дамып келеді. Үндістан премьер-министрінің Қазақстанға биылғы шілдедегі сапары ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етті. Достық қатынастар болашақта жаңа биіктерге жететініне және екі ел халықтарының әрі қарай дамуы мен гүлденуіне септігін тигізетініне сенімдімін», – делінген құттықтауда.
Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе екі елдің стратегиялық серіктестігі барлық салада, соның ішінде саясат, экономика, мәдениет салаларында ұдайы дамып келе жатқанын, бұл халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтатынын атап өтті.
Сингапур Республикасының Президенті Тони Тан Кенг Ям Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бейбітшілік, прогресс және тұрақтылық жағдайында өмір сүріп жатқанын айтқан.
«Қазақстан болашақта да өркендеуі мен дамуын жалғастыратынына сенімдімін. Қазақстан мен Сингапур арасында жақсы достық қарым-қатынастар орныққан. Сіздің қолдауыңызбен екіжақты қарым-қатынастар бұдан әрі де нығайып, дами береді деп үміттенемін», – делінген құттықтауда.
Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко Қазақстан мемлекеттілікті нығайту, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, тиімді экономика құру, халықаралық беделді күшейту жөніндегі жетістіктерін лайықты мақтан ете алатынына назар аударған.
«Өзара ұдайы қолдаумен және бірлескен жұмыстың жоғары нәтижесімен ерекшеленетін Қазақстан мен Беларусь арасындағы стратегиялық одақтастық қарым-қатынастар халықтарымыздың игілігі үшін бұдан әрі де тереңдей беретініне сенімдімін», – делінген құттықтауда.
Ол сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, бақыт және жауапты мемлекеттік лауазымында табыс, ал достас Қазақстан халқына бейбітшілік, игілік және құт-береке тіледі.
Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев тәуелсіздік жылдары айтарлықтай табысқа қол жеткізген Қазақстан өзінің халықаралық аренадағы беделін арттыра отырып, қарқынды дамып келе жатқанын айтқан.
«Елдеріміздің арасындағы одақтастық қарым-қатынастар мен стратегиялық серіктестік бұдан әрі де жүйелі түрде нығая беретініне сенімдімін», – деді А.Атамбаев.
Өзбекстан Президенті И.Кәрімов екі ел арасындағы уақыт сынынан өткен, дәстүрлі тату көршілестік, берік және санғасырлық достық, өзара сыйластық қағидаттарына негізделген көпжоспарлы қарым-қатынастар Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының мүддесі жолында, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін алдағы кезеңде де тереңдей түсетініне сенім білдірген.
Украина Президенті П.Порошенко Қазақстандағы тиімді өзгерістер мен құрылымдық реформаларды жүзеге асыруда елеулі нәтижелерге қол жеткізілуі мемлекеттің халықаралық аренадағы беделінің жүйелі түрде нығаюына септігін тигізіп келе жатқанын айтқан.
«Елдеріміз арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің қол жеткізілген деңгейі – Қазақстан мен Украина халықтарының игілігі жолындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету үшін қажетті берік негіз», – делінген құттықтауда.
Ол мемлекетаралық диалогты одан әрі өрбітуге, ортақ мүддені білдіретін салалардағы қарым-қатынас қарқынын үдетуге бағытталған бірлескен күш-жігер Қазақстан-Украина серіктестігін жаңа сапалы деңгейге көтеруге септігін тигізетініне сенім білдіреді.
Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиев екі елдің тамыры тереңде жатқан байланыстары жан-жақты әрі қарқынды даму жолында жалғасуда екенін атап өткен.
«Елдеріміздің ұдайы аясы кеңейіп келе жатқан саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастары стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Халықтарымыздың өзара сенімі мен қолдауына, ортақ рухани құндылықтары мен дәстүрлеріне негізделген мемлекетаралық байланыстарымыз алдағы уақытта да дамып, нығая беретініне сенімдімін», – деді И.Әлиев.
Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедов Қазақстанның тәуелсіздік жылдары саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарын, сондай-ақ елдеріміздің арасында стратегиялық серіктестік рухында қалыптасқан жан-жақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өткен. Ол Қазақстан мен Түрікменстанның екі ел халқының игілігі жолында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытып, нығайтуы үшін берік негіз бар екеніне сенім білдіреді.
Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон соңғы жылдары қол жеткізілген Қазақстан-Тәжікстан серіктестігінің деңгейіне жоғары баға бере келіп, теңқұқықтылық, өзара сыйластық және ортақ мүдденің ескерілуі қағидаттарына негізделген екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты барынша арттыруға және оның аясын кеңейту үшін қажетті барлық күш-жігерді жұмсау жөніндегі шешімнің нақты екені жөнінде мәлімдейді.
«Біз Сіздің Тәжікстанға таяудағы ресми сапарыңыз барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды бірлесіп жүзеге асырып, екі елдің өзара іс-қимылының жолымен одан әрі ілгерілей алатынымызға сенімдімін», – делінген хатта.
Екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға әзір екендіктеріне сендірген және игілік пен бақ-береке тілеген құттықтауларын Грек Республикасының президенті П.Павлопулос, Словак Республикасының президенті А.Киска, Оңтүстік Африка Республикасының президенті Д.Зума, Ирак Республикасының президенті Ф.Масум, Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының президенті М.Тешоме, сондай-ақ Куба Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің және Министрлер кеңесінің төрағасы Р.Кастро, Ливан Республикасының премьер-министрі Т.Салям жолдады.