Кездесу алдында, қалалық мәслихаттың сессиясында Астана қаласының әкімі лауазымына Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасы депутаттармен келісілді.
Мемлекет басшысы Астана активімен кездесу барысында И.Тасмағамбетовтің қорғаныс министрі болып тағайындалғанын айтты.
– Ол көп жылдардан бері менің қасымда жұмыс істеп келеді, көптеген лауазымдарды атқарды. Барлық жерде жұмысты бүге-шігесіне дейін зерделеп, мықты ұжым қалыптастырып, қойылған міндеттерді орындады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы И.Тасмағамбетовтің қалаға басшылық жасаған кезінде Астана айтарлықтай жаңарғанын да атап өтті.
– 16 жылда біз жаңа елорда салып қана қойғанымыз жоқ, еліміздің тұрғындарымен қатар дүние жүзінен келетін қонақтарды да таңдандырып, тамсандыратын қала жасадық. Бүгін Астананың ғаламшардағы «топ-21» ақылды қалалар тізіміне кіргені мәлім болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті елорданың жаңа әкімі болып Әділбек Жақсыбеков тағайындалғанын айтты.
– Конституцияға сәйкес, мен мәслихаттың келісімін алып, Әділбек Жақсыбековті Астана әкімі етіп тағайындадым. Бұл кісі 1997 жылы қаланың алғашқы мэрі болды. Ол қандай салада жұмыс істесе де, барлық міндеттерді игерді, – деді Мемлекет басшысы.
И.Тасмағамбетов пен Ә.Жақсыбеков сенім артқаны үшін Мемлекет басшысына алғыстарын айтып, алдарына қойған барлық міндетті шешу үшін бар күш-жігерлерін жұмсайтындарын айтты.