Делегациялар басшылары Қазақстанға ТМД Үкімет басшылары кеңесі мен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырыстарына қатысу үшін келді.
Кездесу барысында елдердің қаржы-экономика, көлік-транзит, отын-энергетика салаларындағы өзара ықпалдастығының негізгі аспектілері талқыланды.
Қазақстан Президенті ТМД елдерінің мемлекет және үкімет басшылары кездесулерінің, екіжақты және көпжақты келіссөздердің маңыздылығына тоқталды.
– Жаһандық дағдарыстық құбылыстарды өткеріп, жекелеген экспорттық тауарлар бағасы төмендеп жатқан қазіргідей уақытта бірлескен жұмыс пен кооперацияны күшейту қажет болады. Ықпалдастыққа балама жоқ деп санаймын, сондықтан біз тиісті үдерістерге бастамашылық етіп отырмыз. Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істеп тұр. Бүгінгі қиындықтарға қарамастан, мен оның болашағы зор деп сенемін. Мұндай қиындықтар болатынын біз болжадық, бірақ шарттың мәні, мақсаты мен онда қойылған міндеттері дұрыс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда Қазақстан орнықты дамуды сақтау үшін әсіресе инфрақұрылымды жаңғырту саласында қажетті шараның бәрін қабылдап жатқанын атап өтті.