National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Президенті Астана қаласының №81 сайлау учаскесінде болды

2015 жылғы 26 сәуір

 

Нұрсұлтан Назарбаев елорданың Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесіне келіп, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында дауыс берді.

Мемлекет басшысы дауыс беру құқығына ие 9,5 миллионға жуық қазақстандық  9700-ден аса сайлау учаскесінде сайлауға қатысып жатқанын атап өтті.

– Бүгін азаматтар конституциялық парызын өтеу құқығына ие. Екінші жағынан, олардың өз болашағын таңдауға, биліктің қызметіне баға беруге мүмкіндіктері бар. Қазақстандықтар ең алдымен еліміздің тұрақты дамуы үшін, халық тұрмысының жақсаруы үшін, өзінің және балаларының болашағы үшін, сондай-ақ менің басшылығыммен елде жүргізіліп жатқан саясатты қолдау үшін дауыс беретініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудың транспаренттілігіне назар аударды.

– Сайлау үдерісі мен дауыс беру барысын іс жүзінде 40-қа жуық ел мен халықаралық ұйымдар атынан өкілдік еткен 850-дей шетелдік байқаушылар бақылауда. 170-ке тарта шетелдік БАҚ тіркелді. Біз бүкіл әлемге заңдылықтың сақталуын, ашықтықты көрсетіп отырмыз. Байқаушылар әділ бағасын береді деп санаймын және сайлауға қатысып, қызығушылық танытқаны үшін баршаға алдын ала рақмет айтқым келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы осы сайлауда қазақстандықтар өзіне сенім білдіретін болса, бірінші кезектегі әрекеті бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша комиссия құру болатынын айтты.

– Бұл комиссия бес кіші топтан тұратын болады, олар заңнамаға өзгеріс енгізуді қажет ететін ауқымды әрі күрделі жұмыс күтіп тұрғандықтан, дереу іске кіріседі. Жалпы, бұл реформалар ел дамуының кезекті кезеңі болып саналады және экономиканы, саясатты, қоғамды қамтиды, сондай-ақ транспаренттілік пен ашықтық үшін қажетті жағдай жасайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті барлық кандидаттар үшін тең жағдайлар жасалғанын, соның аясында олар халыққа өз бағдарламаларын таныстыра алғанын айтты.

– Халықтың дәстүрі мен болмысын сақтауға, сондай-ақ экологиялық мәселелерді шешуге байланысты өзге екі кандидаттың да пікірлерін дұрыс деп есептеймін. Олардың ұсыныстарын күн тәртібіне қосып, жүзеге асыру жолында бірлесіп жұмыс істеуге болады. Жеке өзім Қазақстанның болашағы үшін, атқарып жатқан жұмыстарымызды жалғастырып, нәтижелерін қазіргі және келесі ұрпақ көруі үшін дауыс бердім, – деді Мемлекет басшысы. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің