Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында зор жетістікке жеткеніне тоқталып, оған Атырау халқы да үлес қосқанын ерекше атап өтті.
– Біз 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын қабылдадық. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Цифрлық Қазақстан», индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары және «Бес әлеуметтік бастама» жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы нысандарды аралап көріп, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөніндегі есепті тыңдаған соң, жалпы, аймақтың экономикасы қарқынды дамып келе жатқанын және әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етілгенін айтты.
Атырау облысының әкімі өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жөнінде баяндады.
– Облыстың өңірлік жалпы өнімі 2018 жылғы бірінші тоқсанда 1 646,2 миллиард теңгеге, индекс көлемі 112,1 пайызға жетті. Республиканың ішкі жалпы өніміндегі өңірдің үлесі 14 пайыз болды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 653,1 миллиардқа артты. Нақты индекс көлемі – 112,6 пайыз. Еліміз бойынша өңірдің үлесі 27,7 пайызды құрайды. Жыл басынан бері 333,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында құны 21,8 миллиард теңге болатын әрі 331 жұмыс орнын ашуға арналған 8 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, – деді Нұрлан Ноғаев.
Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар бағытына қатысты оң нәтижелерге тоқталып, өңір экономикасы өсімінің негізгі көрсеткіштері өндіруші секторға тиесілі екенін атап өтті.
– Мен бағасы құбылмалы шикізат ресурстарына үміт артпай, баламалы өндіріс құруға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын ұсындым. Үлкен кәсіпорындар құру міндетті емес, экспортқа жұмыс істейтін икемді жобаларды жүзеге асыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы мемлекеттік қызметшілердің жалақысына қатысты пилоттық жобаны жүзеге асырудың тиімділігін айтып, жергілікті атқарушы органдарға осы тәжірибені қолдануды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды.
Жиын соңында Қазақстан Президенті облыс әкімдігіне және орталық мемлекеттік органдарға өңір экономикасын әртараптандыру, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автомобиль жолының құрылысын тезірек аяқтау, аграрлық және қайта өңдеу саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобаларды сапалы іске асыру, сондай-ақ жүктелген міндеттер үшін басшылардың дербес жауапкершілігін бекіту жөнінде бірқатар тапсырма берді.