Форумға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі, Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар, халықаралық ұйымдар, бизнес-қоғамдастық, кәсіподақтар мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Форумды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекеттік басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазіргі таңда тек жеке адам емес, тұтас халық бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады» деп атап өткенін айтты.
Мемлекеттік хатшы келешекте ұлттың табысқа жетуі адами капиталдың сапасымен өлшенетінін атап өтті.
Гүлшара Әбдіқалықова Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының мақсаттарына жеткізетін бірқатар мемлекеттік және салалық бағдарламаның орындалу нәтижелеріне тоқталды.
– Мемлекет, жекеменшік сектор және кәсіби бірлестіктер ынтымақтастығының тетіктеріне негізделген әлеуметтік-еңбек қатынастарының жаңа моделі қолданысқа енгізілді. Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында биыл 290 мың жұмыс орны ашылды. 500-ге жуық кәсіби стандарттар әзірленді, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы ірі және орта кәсіпорындардың шамамен 90 пайызында, сондай-ақ шағын кәсіпорындардың 30 пайыздан астамында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін ұжымдық шарттар бар екенін атап өтті.
– Елімізде жаңа жоба – тегін кәсіби білім беру ісі қолға алынды. Жастар үшін өзінің еңбектегі алғашқы мамандығын мемлекет есебінен игеру мүмкіндігі пайда болды, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Форум аясында «Еңбек жолы» атты республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған 329 адам қатысты. Нәтижесінде «Үздік еңбеккерлер әулеті» номинациясы бойынша Ақтөбе облысынан теміржолшы Жұбанышевтар отбасы; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Батыс Қазақстан облысынан энергия кәсіпорны өндірістік-техникалық қызмет бөлімінің бастығы Тілек Харин; «Үздік жас қызметкер» номинациясы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан мұғалім Нұрсұлтан Аббасов; «Жас ұрпақты еңбекке баулудағы үлесі үшін» номинациясы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан балабақша меңгерушісі Нұржамал Төлеуова жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ел экономикасының түрлі саласының ардагерлері «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Форум соңында қазақстандық танымал эстрада әртістерінің қатысуымен концерт өтті.