National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Президентi жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның отырысы өтті

2018 жылғы 06 маусым

​Жиында сөйлеген сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының қазақстандық отбасылардың әл-ауқатына зор көңіл бөлетінін атап өтті. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы» бірінші міндет ретінде белгіленген және ол миллиондаған азаматымыздың баспанаға ие болу мүмкіндігін арттыруға септігін тигізеді. 

Мемлекеттік хатшы Елбасының тапсырмасы бойынша ипотекаға қолжетімділік, жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үйлер салу, үлестік құрылыс мәселелерін шешуге бағытталған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын айтты. 

Басқосуда «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының ақпараты тыңдалды. Банк ұсынған мәліметке сәйкес, «Нұрлы Жер» бағдарламасы (2017 ж. бастап) іске асырылғалы оған қатысу үшін 11 180 адам өтініш берген, солардың 6 270-і (56 пайызы) әйелдер. Бүгінге дейін 4 105 әйел баспаналы болған.

Сондай-ақ, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ауылдық жерлердегі кәсіпкер әйелдерді қаржылық және қаржылық емес тетіктер арқылы қолдауды қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, аталған бағдарламаның шағын несие бағыты бойынша несиемен қамтамасыз етілген 41 855 займ алушының 12 374-і (34 пайызы) – әйелдер. Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен «Бастау бизнес» жобасы жүзеге асырылуда. Ол ауылдық жерлердегі өзін-өзі еңбекпен қамтушылардың және жұмыссыздардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. 14 облыстан жалпы 15 мың адам оқытылған, солардың 41,5 пайызы – әйелдер. Қазіргі уақытта жоба аясында 3 314 адам өз бизнесін ашқан немесе кәсібінің аясын кеңейткен, олардың 1 204-і (36 пайызы) – әйелдер.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кәсіпкер әйелдерді қолдау шаралары жөніндегі ақпараты да тыңдалды. 2010 жылдан бастап әйелдер кәсіпкерлігін шағын несиемен қамту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Ол жеңілдетілген шарттармен әйелдерге шағын несие алуға мүмкіндік береді. Осы уақыт ішінде 1654 займ алушы жалпы құны 14,3 миллиард теңге мөлшерінде несие алған. 2011 жылдан бері Азия даму банкі қаражатының есебінен шағын және орта бизнесті қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бөлінген қаржының 1/3 бөлігін әйелдер алған. 750 жобаға 51,9 миллиард теңге бөлінген. Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлескен «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы аясында 256 кәсіпкер әйелге 11,1 миллиард теңге көлемінде қаржы берілді. 

Жиын соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің