Елбасының кітапханасында өткен іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы М.Қасымбеков, Парламент депутаттары, еліміздің белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.
Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні биылғы мерейлі жылы айрықша мәнге ие болып отырғанын атап өтті. Бұл – Қазақстан мемлекеттігін құрып, қазақстандықтардың бақуатты тұрмысының кепілі болып отырған Елбасының сарабдал саясатының айрықша ардақталатын жылы.
Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова бүгінгі көрме бүкіл Қазақстан қоғамы және халықаралық қоғамдастық үшін елеулі тарихи және мәдени іс-шара екенін айтты.
Іс-шара аясында меймандарға ірі 7 көрме ұсынылды. Олардың қатарында республика тәуелсіздігі қалыптасуының негізгі сатыларын айшықтайтын «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел», Елбасының жеке кітапханасындағы кітаптарынан құралған «Н.Ә.Назарбаев – Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы», Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жеке архивінің құжаттарын қамтитын «Елбасы жолы» және т.б. атаулы көрме бөлімдері бар.
Бұдан бөлек, іс-шара аясында «Көшбасшылық факторы», «Парламентаризм эволюциясы», «Бітімгершілік әрекеттердің жол картасы» және тағы да басқа бірнеше фильмнің көрсетілімі өтті.