Елбасы Қазақстанның барша мұсылман қауымын ертең басталатын қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
– Бұл айда жұрттар, Құран Кәрімде өсиет етілгендей, ораза ұстайды. Құран қағидаттарына сәйкес, осы айда адам баласы Аллаға жақындай түседі және олар мейірім, бақыт, береке-бірлік, толеранттылық, өзге жандарға қайырымдылық жасау, күнәларынан арылу және медет тілеу жөнінде ойлануға тиіс. Еліміздің барша мұсылмандарына ұлық Ораза айының сынағынан сүрінбей өтуді тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
«Пригородный» тұрғын алабында, Арнасай көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында орналасқан жаңа мешітті көру барысында Нұрсұлтан Назарбаев оның елордадағы сегізінші мешіт екенін атап өтті.
– Мешіт елордамызға келетін қонақтар үшін қолайлы. Болашақта бұл мешіт тек ізгілік пен бірліктің құтты мекені болады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Мешіттің жалпы алаңы – 1087,6 шаршы метр, жерінің аумағы – 8 гектар, мұнарасының биіктігі – 28,9 метр. Ғимараты 1500 адамға лайықталған.