National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысына қатысты

2012 жылғы 24 қыркүйек

Отырыс барысында Мемлекет басшысы Кәрім Мәсімовке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев  сондай-ақ Президент Әкімшілігінде және өзге мемлекеттік органдарда кадрлық өзгерістер болғанын атап өтті.

- Кәрім Мәсімов отставка туралы өтініш берді. Мен өтініші бойынша оның отставкасын қабылдадым. Ол бұл қызметті алты жылға жуық атқарды. Бұл - Премьер-Министр өкілеттігін бір адамның атқаруындағы ең ұзақ кезең. Оған соңғы онжылдағы ірі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде жұмыс істеуге тура келді. Біздің бәріміз, соның ішінде, Үкімет пен атқарушы органдар осы қиындықтарды абыроймен жеңе білдік. Дағдарысқа қарсы бағдарлама жедел әзірленіп, бекітілді. Бұл жаһандық қаржы дағдарысының ауыр салдарларын еңсеруге мүмкіндік туғызды. Ал, Ұлттық қордан бөлінген 13 миллиард доллар еліміздің банктік жүйесін тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Жалпы, ел экономикасының құлдырауына жол берілген жоқ. Біздің банктердің сыртқы міндеттемелерін қайта құрылымдау жөнінде теңдесі жоқ халықаралық тәжірибе жинақталды. Премьер-Министр өзіне жүктелген барлық міндетті орындап шықты деп айтуға болады, - деді Қазақстан Президенті.  

Мемлекет басшысы сондай-ақ қазіргі уақытта банктік секторды сауықтыру жұмысы жалғасатынын айтты. Сонымен қатар, елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін жақсы жағдай жасалып отырғанына тоқталды.  

- Әкімшілік кедергілер төмендетілгенін сіздер білесіздер. «Бизнестің жол картасы-2020», «Өнімділік-2020», «Жұмыспен қамту-2020» тәрізді бағдарламалар әзірленді. Біз бірқатар Дүниежүзілік банктің рейтингілерінде елеулі алға жылжыдық және серпіліс жасадық. Менің тарапымнан берілген еліміздің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі туралы тапсырма біртіндеп жүзеге асып келеді. Жақында біз жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 51-орынға ие болдық – бұл зор құрмет, ТМД-дағы біраз ел бізден кейін орналасқан. Біз іс жүзінде алға қойылған міндетті орындауда финалдық  кезеңге шықтық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сондай-ақ елімізде индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама табысты іске асырылғанына тоқталды. 2011 жылдың қорытындысы бойынша оның бірқатар көрсеткіші мерзімінен бұрын орындалды. Мысалы, 2008 жылдың бас кезеңінен ішкі жалпы өнім 27,3 триллион теңгеге өсті. Индустрияландыру картасы бойынша сомасы 11,5 миллиард теңгелік 706 жоба табысты жүзеге асырылуда. 400 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 2007 жылы ауыл шаруашылығы өнімін шығару шамамен екі есе артты. Қазақстан бидай экспорты бойынша көшбасшы әлемдік жетілікке енді.

Мемлекет басшысы бұл көрсеткіштер еліміздің экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын көрсететінін айтты.

- Ұлттық электр желісіне жаңғырту жүргізілді. Еліміздің электр энергиясын қамтамасыз ету жөнінде ірі жобалар іске асырыла бастады. Атырауда мұнайхимия кешені жұмыс істей бастады. Көлік-коммуникация саласында да өте үлкен жұмыс жүргізілуде. Тәуелсіздік жылдары ішінде шамамен 14 мың шақырым автомобиль жолы, мың шақырымдық темір жол жөндеуден өтті, қайтақұрылымдау жұмысы жүргізілді, қайта салынды. Қазір «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы жөніндегі жоба жүзеге асырылуда. 2700 шақырымдық Қазақстан аумағы келесі жылдың соңына дейін аяқталады, - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев банктік сектордағы активтер 50 пайызға ұлғайғанын, бұл банктік жүйенің жанданғанын білдіретінін атап өтті. Ол - экономиканың қантамыры, өйткені бүкіл ел экономикасының дамуы соған байланысты болады.

Қазақстан Президенті соңғы бес жылда 600-ден астам аурухана, емхана, 300-ге жуық мектеп салынғанын атап көрсетті. Жұмыссыздық деңгейі 7,5 пайыздан 5,3 пайызға дейін төмендеді. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақалада алға қойылған міндеттер табыспен іске асырыла бастады.  

- Бұл Үкімет пен Парламенттің үйлесімді бірлескен жұмысы мен экономикалық саясаттың, барша қазақстандықтардың жұмысының арқасында мүмкін болды. Кәрім Қажымқанұлы өзінің алдына қойылған міндетті табысты атқара білді деп есептеймін. Жинақтаған барлық тәжірибесін еліміздің дамуының пайдасына асыруы үшін, мен оны Президент Әкімшілігінің Басшысы қызметіне тағайындадым, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің фракция жетекшілерімен кеңескеннен кейін Серік Нығметұлы Ахметовті Премьер-Министр қызметіне тағайындау туралы ұсыныс енгізгенін жеткізді.

- Серік Ахметовтің ірі жобаларды іске асыру саласында басқарушылық-әкімшілік жұмыста зор тәжірибесі бар. Бұл біздің экономиканы әртараптандыру және индустрияландыру, әлеуметтік жаңғырту бағытын жалғастыру үшін ерекше маңызды. Ол Үкіметтің бүгінгі жұмысын біледі және қазір іске асырылып жатқан бағдарламаларды әзірлеуге атсалысты. Ол бұрынғы қызметтерде өзін жақсы қырынан көрсетті. Серік Ахметовтің кандидатурасы жаңа Үкіметтің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ең қолайлы деп санаймын. Қазақстан Республикасы Конституциясының 56 бабына сәйкес Парламент Мәжілісінен Серік Ахметовті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындауға келісім беруді сұраймын, - деді Қазақстан Президенті.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Серік Ахметовтің кандидатурасын қолдау туралы бірауыздан шешім қабылдады. Бұдан кейін Қазақстан Президенті Серік Ахметовті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Өз сөзінде Серік Ахметов Мемлекет басшысына сенім көрсеткені үшін рахметін айтты.

- Бұл – Сіздің алдыңызда, еліміздің алдында маған жүктелген зор сенім. Сіздің құруыңызбен және басқаруыңызбен Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде мемлекетіміз қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың еуразиялық орталығына айналды. Жаңа елорданың құрылысы және Астанада жаһандық деңгейде іс-шаралардың өткізілуі - біздің еліміздің халықаралық беделінің және Мемлекет басшысы ретінде Сіздің қызметіңіздің мойындалуының айғағы. Сіздің басшылығыңызбен елімізде әлеуметтік-экономикалық реформалар табысты жүзеге асырылып келеді, - деп атап өтті Премьер-Министр.       

Серік Ахметов Мемлекет басшысының зор сенімін ақтау үшін барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сенім білдірді.     


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің