Іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, еңбек ардагерлері, Қарулы Күштердің офицерлері қатысты. Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығын Қазақстан Президенті 2015 жылғы 1 желтоқсанда ашты. Ұлттық әскери-патриоттық орталық құрылымына Әскери-тарихи мұражай, Орталық әскери оркестр және Орталық ансамбль кіреді. Мемлекеттік хатшы Қарулы Күштердің Әскери-тарихи мұражайының экспозицияларымен танысты. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттерімен, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің және әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен, Астана қаласы орта мектептерінің оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстан Республикасын одан әрі дамыту және өркендетуге бағытталған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін іске асыру аясында өскелең ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеудің өзекті мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысушылар Қорғаныс министрлігінің елдегі ардагерлер қоғамдастығымен, өскелең жастармен және жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу жөніндегі құзырлы мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету тұрғысында пікір алмасты. Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдірудегі басымдықтарды айқындап, Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығы мерекесімен құттықтады.