Салтанатты іс-шара қазақтың ұлы биінің туған жері – Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында өтті.
Оған Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар жетекшілері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен бірге, Қарағанды облысының шығармашылық ұжымдары әзірлеген «Қаз дауысты Қазыбек би» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді. Онда Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз ұлтымыздың тарихында есімі алтын әріппен жазылған қайраткер тұлға екені атап өтілді. Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт әрі өркендеген Қазақстан – ата-бабаларымыз арманының орындалғанының белгісі. Осының бәрі халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасы. Біз – өткенімізді қастерлеп, бүгінімізді қадірлей отырып, болашаққа зор үмітпен қол созамыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру арқылы тарихымызды, мәдениетіміз бен ұлттық жадымызды жаңғыртып, одан әрі байытатын боламыз.
Іс-шара аясында Қазыбек биге арналған халықаралық айтысқа қатысушы ақындар арнау айтты. Еліміздің танымал әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт қойылды. Шара қазақ күресі және аламан бәйге сынды спорт сайыстарына ұласты.
Сондай-ақ, 30 тамызға дейін Қарағанды облысы аумағынан Қызылорда, Түркістан, Тараз, Шымкент қалалары арқылы жүріп, Өзбекстанның Ташкент, Науаи қалаларына дейін баратын «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруен жолға шықты.