Қазақстан Президенті өз сөзінде алдағы кезеңге арналған бірқатар заң шығарушылық міндеттерді анықтап берді.
Мемлекет басшысы биылғы бірінші жартыжылдықта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі өлшемдері бойынша оң өзгеріс байқалып отырғанын атап өтті. Алты айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 5,6 процентке жетті. Қазақстанның халықаралық сақтық қорлары 15 процентке жуық өсіп, 83 миллиард доллардан асты.
- Жаһандық экономикалық ахуалдың күрделі жағдайында бюджетті қамтамасыз ету ісі бір ғана бағытта - бюджет шығыстарының үнемділігі мен тиімділігі бағытында болуы тиіс. Үкімет биылғы жылдың бюджетін нақтылағанда менің тапсырмам бойынша бюджет шығыстарын 57 миллиард теңгеге қысқартты. Сонымен қатар мен әлі де қысқарту мен бюджеттік үнемдік резервтері бар деп санаймын. Экономикалық өсімді қамтамасыз етпейтін және халықты еңбекпен қамтуды қарастырмайтын шығыстар қарастырылмауға тиіс, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің құқықтық базасын жақсарту ең маңызды міндеттің бірі екеніне тоқталды.
- Бұл тұрғыда ең басты мәселе - БЭК аясында алдағы уақытта ДСҰ-ға кіруіндегі интеграциялық процестер жағдайында Қазақстандағы тиімді экономикалық қарым-қатынасты қамтамасыз ету. Үкіметке ДСҰ-ға кіру барысында қабылданатын міндеттемелерді ратификациялау бойынша арнайы жаңа жобалар топтамасын жасауды тапсырамын. Қазір қазақстандық үлесті қолдаудың барлық жүйесін, әсіресе, өңдеуші өнеркәсіп, аграрлық кешен, шағын бәсекелестік саласын қайта қараудың маңызы зор. Әлемдегі барлық ел өзінің тауар өндірушілеріне қолдау көрсетеді. Бұл тәжірибе біз үшін маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке «Самұрық Қазына» қорымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені саралап, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаудың өзіндік моделін әзірлеуді тапсырды.
Заң шығарушылық қызметтегі негізгі бағыт әлеуметтік жаңғырту екені атап өтілді.
- Мен «Әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаламда, нағыз қажетті шара туралы, яғни өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет ететін қолданыстағы 10 заңнамалық акті жөнінде айтып өттім. Сондай-ақ алда әлеуметтік жұмыс орындары, кәсіби біліктілік жүйесі туралы және өзге де жаңа заңдарды қабылдау міндеті тұр. Заң қоғамдық қатынастарды толықтай реттеу мәселесін кешенді шешуі керек. Қазақстан заңдары адамдар өміріне қолайлы болуы керек, заң талаптарын сақтайтын әр азаматқа түсінікті болуы тиіс. Бізге қоғамдық тәртіпті, қоғамдық орындардағы адамдардың мінез-құлқын реттейтін қарапайым және түсінікті заңдар қажет. Парламент депутаттары, парламенттегі партиялар нағыз осындай заңдардың қабылдануы жөнінде бастама көтерулері қажет, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сөз соңында XXI ғасырда мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне әр қазақстандықтың құқықтық мәдениетінің деңгейі жоғары болғанда ғана қол жеткізілетінін атап көрсетті.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сөйлеген сөзінің толық мәтіні.