National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияға қатысты

2012 жылғы 29 тамыз

Іс-шараға жер шарының барлық құрлығын қамтитын, әлемнің 70 елінен қонақтар қатысты. Олар - белгілі саясаткерлер, ғалымдар, сарапшылар, әлем парламенттері мен парламентаралық өзара іс-қимыл ұйымдарының өкілдері. Олардың арасында БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі – БҰҰ Орталық Азиядағы алдын алу дипломатиясы жөніндегі Өңірлік орталығының басшысы Мирослав Енча, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерациялық Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко, Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле, АҚШ Конгресінің мүшесі Эни Фалеомаваега, Орта мемлекеттер бастамаларының негізін қалаушы және төрағасы Дуглас Рош бар.

Қазақстан Президенті өз сөзінде бүгінде әлем Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін үшінші рет атап өтіп жатқанын еске салды. Бұл күн тарихта тұңғыш рет өз аумағында ядролық сынық полигонын жапқан Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ тарапынан бекітілді.

- Біздің халқымыздың қалауымен бұдан 21 жыл бұрын жүзеге асқан бұл тарихи актінің зор өркениеттік мәні бар.  Қазақстан үшін бұл түпкілікті егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадам болды. Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация түсініксіз ұғым емес еді. Бұл қырық жылдан астам уақыт бойы біздің Жер анамызды тітіркенткен қатал да қайталанбас зұлмат болатын. Біздің еліміздің аумағында 500-ге тарта атмосфералық, жерүсті және жерасты «бейбіт» деп аталып келген әскери сынақтар жасалды. Бұл ядролық қару пайда болғалы бергі әлемде жасалған сынақтардың тең жарымына тең.  Ядролық радиация даланы, өзен-көлдерді улады, айналасындағы барша тіршілікті біртіндеп жойды Ядролық зұлмат сынақ аймағында тұрған бір жарым миллионнан астам қазақстандықтың тағдырын тәлкекке салып, денсаулықтарына зиянын тигізді. Оның зардабы әлі күнге сезіліп келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Мемлекет басшысы сондай-ақ Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпау және қарусызданудың жаһандық процесінің жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Мысалы, бұдан 16 жыл бұрын БҰҰ-ның шешімі бойынша Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт­қа қол қоюға жол ашылды. Қазақстан бұл шартқа ең алдыңғылардың қатарында қол қойды. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту процесінің қарқыны бәсеңдегені байқалып отырғанына тоқталды.

- Әзірге ядролық қаруды таратпау режимі әмбебаптыққа қол жеткізген жоқ. Шартқа сәйкес келмейтін «жаңа» ядролық және кейбір «шектік» топтағы елдер де бар. Бұдан екі жыл бұрын АҚШ пен Ресей арасында Прага келісіміне қол қойылды. Бұл келісім стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту процесін жаңартуды көздейді. Алайда, бұл «ядролық клуб» саналатын өзге елдер үшін үлгіге айналмады. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт­ күшіне енген жоқ. Бұған «шектік» топтағы тек бірнеше елдің ғана қолы жетіспейді. Ядролық энергетика жөніндегі ұлттық бағдарламаны дамытуға жаһандық бақылау жасау туралы мәселе реттелмей отыр. Өткен жылы орын алған Фукусима АЭС апаты күллі әлемге бейбіт атом нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиясының артта қалу проблемасын айқын көрсетіп берді, - деді Қазақстан Президенті.                      

Мемлекет басшысы сондай-ақ XXI ғасырдың ядролық энергетикасыз еш мәні жоқ екенін айтып өтті.

- Көптеген елдер үшін кедейшілік, жұмыссыздық, азық-түліктің жетіспеушілігі проблемаларын шешу БҰҰ мен МАГАТЭ-нің қатаң бақылау жасауымен бейбіт мақсаттағы атом энергетикасы жобаларын іске асыруға байланысты. Сондықтан ядросыз әлем туралы біздің қойып отырған мәселе  - радиофобиямен немесе ядроның жарықшақтануынан энергия алу «құпиясын» мүлдем ұмыту туралы утопиялық ниетпен еш байланысы жоқ. Ядролық қарусыз әлем - ядролық энергияны әскери мақсатта пайдалануға толық тыйым салу. Бұл тұрғыда Ядролық қарусыз әлем жалпы декларациясын әзірлеу және қабылдау туралы менің ұсынысымның мәні осында. Мен осы идеяның дәйекті жақтаушысымын және алда да жақтайтын боламын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның ұсынысы бойынша құрылған G-GLOBAL форумының ядролық өзін-өзі жойып жіберудің алдындағы қорқыныштан адамзатты азат етуі тиіс маңызды бастама екеніне тоқталды. Атап айтқанда, БҰҰ аясында әзірленіп, қабылданған барлық ядролық мемлекеттердің қатысуымен стратегиялық шаубылдаушы қару-жарақты қысқартудың бәрін тегіс қамтитын кезеңдік жоспарын әзірлеу қажет. Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне қол жеткізудің маңызы зор. Әскери ядролық бағдарламадан принципті түрде бас тартқан мемлекеттерді ынталандыру тетігін әзірлеу қажет.      

Президент ядросыз әлем – азамзат ұмтылуға тиіс, біздің ортақ мақсатымыз екеніне ерекше тоқталып өтті.

- Осы мақсат үшін бүгінде Қазақстан «АТОМ» халықаралық жобасын іске асыратын болады. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі:  «Abolish Testing. Our Mission» төрт бас әріптен құралған. Яғни, «Сынақты Болдырмау – Біздің Миссиямыз» деген мағынаны білдіреді. Жоба аясында ядролық қаруға қарсы үн қатқысы келген әлемдегі кез келген адам онлайн-петиция арқылы әлем үкіметтерін ядролық сынықтардан біржола бас тартуға шақыра алады және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт­тың күшіне енуіне жылдам қол жеткізе алады. Мен конференцияға қатысушыларды және ізгі тілекті барлық адамды «АТОМ» жобасын қолдауға және біздің басты мақсатымыз – ядролық қарусыз әлем құруға шақырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сөз соңында  G-GLOBAL форматында интерактивтік пікірлесуге белсенділікпен қатысуға шақырды. Оның аясында миллиондаған адамдар XXI ғасырда ядролық қарусыз әлем құруға қосылу маңызды болып саналатын, жаңа әділетті әлем құруды қалыптастыруда кең ауқымды мәселелер жөнінде үнқатысуға атсалысқан болар еді.      


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің